Кесене басында — келісті кешен

Ұлытау өңірінде ауқымды жобаның құрылысы басталды. Жошы хан кесенесінің іргесінде аумағы ат шаптырым тарихи-мәдени кешен салынуда. Басты мақсат – төл тарихымыз бен тұлғаларымызды ұлықтау. Сол арқылы туризмнің өрістеуіне жол ашу.

Жошы хан тарихи-мәдени кешені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынуда. Оның құрылысына кәсіпкерлер демеуші ретінде қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан да қомақты қаражат бөлінді.

  • Кешенде Жошының ұрпақтарына, Ұлы Ұлысқа, Алтын ордаға, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал, шағын асхана және қонақ үй болады. Сонымен қатар, жақында Алаша хан, Жошы хан мазарларын реставрациялау жұмыстары басталады. Кесенелерге апаратын арнайы жол салынбақ. Құдай қаласа, кешеннің құрылысы биыл аяқталып, күзде ашылу салтанаты өтеді, – дейді Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали.

Жауапты жандардың сөзіне сенсек, жаңадан бой көтеретін нысан тарихтан сыр шертіп, алыс-жақын елдерден келген туристерге елдің өткені мен бүгінін таныстырмақ. Мұнда қонақтар назарына түрлі жәдігерлер, ұлттық бұйымдар ұсынылады.

Айта кетейік, биыл елімізде Алтын орданың 750 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Осыған орай, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Оның ішінде, Ұлы Ұлыстың жәдігерлерін қайта жаңғырту және насихаттау жобалары бар. Туристерге арналған кешен құрылысы аяқталған соң, кесене іргесіндегі Орда Базар қалашығын зерттеп, өңірдің археологиялық картасы әзірленбек. Бұдан бөлек, археологиялық, этнографиялық және антропологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.