Бас тақырыпРуханият

Келбет және келісім

Қазақстан халқы Ассамблеясы қашанда өрелі істердің ұйытқысы һәм бастауы болып жүреді. Мәселен, жақында ғана Өскемен өңіріне жер-жерден жасөспірім балалардың басын қосты. Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілімен бірге сол жиында біз де болдық. «Дарын» балалар лагеріне атбасын тіредік. Енді, шырайлы Шығыс сапары жайлы баян етейік…

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» халықаралық жастар лагері өз жұмысына білек сыбана кіріскен. Жан-жақтан жиналған жастардың ауызбіршілігін көздеді, әуелі. Түпкі мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын жандандыру және этносаралық келісім мен тұрақтылықтың қазақстандық моделін қалыптастыру. Сонымен қатар, ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мақсаттары мен міндеттерін көпшілікке тарату, сондай-ақ, оларды тәжірибе жүзінде іске асыру. Осы мақсатта «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, «Ресей халықтарының Жастар Ассамблеясы» жалпыресей қоғамдық қозғалысы Омбы аймақтық бөлімшесінің төрағасы Ермек Хапизов, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының үздігі Тимур Жұмырбаев және қозғалыс мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар ұйымдары, сарапшы-тренерлер екі күнге жоспарланған лагерь барысында жүйелі жұмыстар атқарды.

Атап айтсақ, жалпы сессия, интерактивті семинар-тренингтер, шеберлік сағаттары, мотивациялық кездесулер, форум, дөңгелек үстел, медиация тренигтер өткізілді.

Лагерь жұмысына қатысушылар үшін Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғиландшафтық мұражай-қорығына экскурсия ұйымдастырылды.

***

Қала орталығындағы этнографиялық ауыл өскемендіктердің мақтанышы екен. «Достық» үйінен шыға сала, осы мәдени орынға келдік. Түрлі ұлт пен ұлыстың татулығын паш етіп, ынтымақты, береке-бірлікті ұлықтаған бұл мекен тек өскемендіктерге ғана емес, тұтастай елімізге абырой әкелетін тың жоба екеніне көзіміз жетті. Тіпті, өзге облыстардан емес, алыс-жақын мемлекеттерден ат арытып келген қонақтардың өзі таңдай қағып, тамсанатыны сөзсіз, енді.

ШҚО сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты мұражай-қорығының директоры Николай Зайцевтің айтуынша, этноауыл салу жөніндегі ой Орынборда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық әріптестік жөніндегі алтыншы форумнан кейін пайда болыпты. Жарқын бастама Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығы тарапынан да бірден қолдауға ие болған. Тың жобаны жүзеге асыруға облыстағы этно-мәдени бірлестік ұжымдары мен шағын және орта бизнес өкілдері бел шеше кіріскен екен. Кейбір елдерде құрылысқа қажетті жер телімін бөлу ісінің өзі екі жылға дейін уақыт алатын болса, бұл мәселеде ешқандай кедергі болмаған. Этнографиялық кешен рекордты қысқа мерзімнің ішінде салыныпты. Құрылыстың қарқынды жүргені соншалық, этноауылдың бірінші кезегі 28 тәулік ішінде бой көтерген. 2010 жылдың 6 қыркүйегінде елімізде баламасы жоқ кешеннің тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі кесіп, іске қосқан.

Этноауылда облыс халқының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы 12 қонысы мен жеке тұрған 6 нысан орналасқан.

Этноауылдағы қонысжайлар мен ондағы заттар тарихи шындықпен сәйкеседі. Үйлердің құрылысы мұрағаттар мен ғылыми әдебиет материалдары бойынша жүзеге асырылған. Ғимарат пен аула, жиһаздар, тіпті, сол ұлттың киіміне дейін ғылыми тұрғыдан әбден зерттеліп, зерделеніп, орналастырылыпты. Барлығы да атадан – балаға мирас болып келе жатқан жәдігерлер дейді қызметкерлер.

***

Этноауылға жапсарлас орналасқан «Халифа Алтай» атындағы облыстық мешітке бас сұқтық. Мешіт – мінәжәт орны ғана емес, руханият тұрғысында да жүйелі жұмыстардың үйлестіруші күші. Діни бағытпен қатар, ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін мешіттің екінші қабатындағы «Ислам мәдениеті және ұлттық дәстүр» мұражайы сақ, ғұн, түркі дәуірі және ислам тарихы, қазақ халқының мәдениеті бөлімдерінен тұрады. Мұражай төріне Күлтегін ескерткішінің көшірмесі, тайқазан қойылып, қазақтың алты қанат киіз үйі тігіліп, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауи кесенелерінің бейнесі бедерленген. Бірқатар мешіттердің макеті қойылған. Қасиетті Құран кітабының бірнеше тілдегі электронды заманауи көшірмесі, тарихи құнды еңбектердің электронды нұсқаларын да кездестіруге болады. Халифа Алтайдың қолданған заттары, жайнамазының түпнұсқасы сақталған.

***

Сапар аяқталарда қаланың көрікті жерлерімен таныстық. Шаһарды қақ жарып ағатын Ертіс пен Үлбі өзенінің қосылар тұсын тұрғындар «Стрелка» деп атайды екен. Ертістің түсі қанық көгілдір болса, Үлбі қоңырқай тартып тұрады. Бір қызығы – екі өзен түйіскенімен, бір-біріне бояуы сіңбейді. Дәл осы аумақта Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне арнап, үлкен ескерткіш тақта орнатылған. Ел үшін от кешкен құрбандарды еске алып, гүл шоқтарын қою – ұрпақтың дәстүрлі борышы бүгінде. Мереке күндері салтанатты рәсімді ұмыт қалдырмайды екен өскемендіктер.

Жол үстінде биікте орналасқан «Қазақстан» деген жазуды көзіміз шалған. Сол жотаға да табанымыз тиді. Қаланың қай тұсынан қарасаң да көзге шалынады. Сатымен көтерілгенде, егемен Қазақстанның тарихи кезеңдері таңбаланған оқиғалар хроникасын кездестіресің. Ал, шыңында Көк байрағымыз желбіреп тұр. Елдігіміздің нышаны – Елтаңбамыз мен Әнұранымыз бейнеленген ескерткішке қарап, еңсе тіктейсің. Алматының Көктөбесі секілді, қала алақаныңда тұрғандай. Кеудеңді рух кернеп, ғажайып әсерде боласыз…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ҚАРАҒАНДЫ – НҰР-СҰЛТАН – ӨСКЕМЕН – НҰР-СҰЛТАН – ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Back to top button