Карантин және амандасу мәдениеті

«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше», деген тәмсілі бар халықтың баласымыз. Біздің қазақ ертеден бір-бірімен «Мал-жан аман ба?» – деп амандық сұрасқан. Қазір сол жан амандығын күйттейтін заман туып тұр. Біреулер қол беріп амандасу бізге ислам дінімен келген десе, енді біреулер оның мәнін одан әріден іздеп әуре.

Бабаларымыздың қолын кеуде тұсына қойып, бас изеп амандасқаны да рас. Бірақ, «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегенді де ұмытпауымыз керек. Заманына қарай жекелеген салт-дәстүрдің ұмытылып, жаңа әдеттер қалыптасуы барлық ұлтқа тән құбылыс.

Әлем назары дәл қазір COVID19-ға ауып отыр. Кез келген жұқпалы індеттің таралуы адамдардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасынан туындайды. Оның ішінде ең көп таралғаны – қол беріп амандасу кезінде біреуден екінші адамға жұғуы. Сондықтан, төтенше жағдай жариялауға себеп болған пандемия тұсында қол беріп амандасу қауіпті екенін есіңізден шығармаңыз. Себебі, сіз көшеде кездескен адамдармен амандасып, үйіңізге кіре салысымен алдыңыздан құлдыраңдап шыққан құлыншақтарыңызды құшақтап, басынан сипап, бетінен сүйесіз. Осылайша, оларға вирус жұқтыруыңыз әбден мүмкін. Жалпы, адам түшкіргенде, жөтелгенде мұрнын немесе ауызын алақанымен, жұдырығымен көлегейлеуі – шартты рефлекс. Міне, бұл – қолымызға вирустардың неге құмар екендігінің қарапайым ғана түсіндірмесі.

Қол беріп амандасатын ел тек біз емес. Еуропаның бірқатар елінде қол беру әдебі бар.

Шығыс халқы қол беріп амандасу мәдениетін бойына сіңіріп алғанымен, іскерлік кездесу барысында кез келген адам келісім белгісі ретінде бір-бірімен қол алысады. Қазіргі таңда көптеген елдер мен лауазымды тұлғалар бұл әдепті қоя тұру керек екенін жаһанға жар салып айтып жатыр. Сондай-ақ, сүйісіп амандасу секілді әдептер де қауіпті екендігін, бұл кезеңде «алыстан сыйласқан жөн екенін» кез келген дәрігер түсіндіріп бере алады. Әлемнің бірқатар елдері бұл жайлы арнайы бейнероликтер түсіріп, билбордтарға орналастырып, ақпаратты халыққа барынша жеткізуге тырысуда. Мәселен, Қытайда ең әуелі көше билбордтарына жүгінген. Содан кейін арнайы  дыбыс зорайтқыштар арқылы хабарландыру берген. Мәтін мазмұны «Қол беріп амандасуды доғара тұрыңыздар. Оның орнына қолыңызды жоғары көтеріп, жұдырығыңызды түйіп, өзіңізде бәрі жақсы екенін ишарамен білдіріңіз», – дегенге саяды.

Ал, Франция газеттерінің әр санында қол беріп амандасу мен беттен сүю рәсімін ұмыта тұру жайлы кеңестер берілуде. Тіпті, кейбір сарапшылар «Бұл – орта ғасырларда енген мәдениет. Қазір дауысыңды естіртіп амандасуды қалыпқа енгізіп, сол дәстүрді әрі жандандырып кетуіміз қажет», – дегенді БАҚ арқылы жиі айтып жүр екен.

Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэлс (Нью Саус Уэлс, New South Wales) штатының денсаулық сақтау министрі Бред Хаззард қол беріп амандасудың орнына адамдар құшақтасып, бір-бірінің арқасынан қақса болады деген екен. Сондай-ақ, дәстүрге айналған беттен сүюді де доғара тұрған жөн деп санайды.

Германияда мынадай бір қызық оқиға орын алған. Германияның ішкі істер министрі Хорст Зеехофер канцлер Ангела Меркельдің ұсынған қолын алмай, бетіне қарап жылы жымиған. Жауап ретінде Меркель ханым да жымиып, ұсынған қолын кері алуға мәжбүр болған. Осы жайт лауазымды тұлғалардың өз әрекеті арқылы адамдарды сақтыққа шақыруы деп ойлаймын. Сондықтан, елпілдеп қол ұсынуды қоя тұрған жөн. Испанияда коронавирус кесірінен ежелден келе жатқан діни рәсімге тыйым салынуы мүмкін. Пасха аптасында испан католиктері шіркеуге келіп, Мария Ананың ескерткішін сүйетін дәстүр бар. Апта бойы дін ұстанушылар ескерткіштің қол-аяғын сүю үшін ұзын-сонар кезекке тұрады. Осылайша, олар одан өздерінің жасаған күнәларын кешіруді, өздерін панасына алуды сұрайды екен. Қазір бұл мейрамға  шамамен бір айдан аз-кем уақыт қалыпты. Коронавирус «аяғын тартпаса», бұл рәсімге шектеу қойылатын болады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Фернандо Симонның айтуынша, осы мәселе бүгінгі күні жоғарғы деңгейде қызу талқылануда.

Биыл Қазақстан Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын жылдағыдай тойлаудан бас тартқаны белгілі. Румынияда да соған ұқсайтын Мэрцишор атты көктемді қарсы алу мерекесі бар. Осынау мейрам кезінде жұрт бір-біріне гүл сыйлайды. Гүлді көбіне ерлер қауымы әйелдер қауымына сыйлайды емес пе? Осыған байланысты ел билігі гүл беру кезінде құттықтау сөзбен ғана шектелуді, беттен сүю дәстүрін қоя тұруды ескертуде.

Польшада дінге сенушілерге шіркеуге кірген және шыққан кезде арнайы ыдыстағы суға қолдарын матырмауды, бірден шоқыну рәсімін жасай беруді ұсынып отыр.

Осы мақаланы жазу сәтінде коронавирустан көз жұмған ирандықтардың саны 2077-ге жетіп тұрды. Бұл елде әлеуметтік желі арқылы кең таралып жатқан бір бейнебаян бар. Онда маска тағынған екі жігіт көшеде кездесіп, қолдарын қалтасынан алмаған күйі амандасып, сөйлеседі.

Бұл – бейжай қарайтын дүние емес. Медицинасы озық елдер де осы әдісті пайдалануда. Осынау қарапайым қағидатты қатаң ұстану – қатерлі дертке тосқауыл қоюдың бір жолы.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.