Жаңалықтар

Кәсіптен нәсіп іздегендер қатары көбеюде

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Облыс көлемінде жеке кәсібін бастаймын деушілерге жеңілдетілген пайызбен несие алу мүмкіндігі жасалған. Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі, Жаңаарқа ауданының тұрғыны – Ардақ Дүйсенбекова.

Жеке кәсіпкерлікке бет бұрған Ардақ Мерекеқызы былтыр жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы 6 млн. теңге несие алып, құрылысқа қажетті газоблок шығарумен айналысуды бастайды. Бүгінде жеті адамды жұмыспен қамтитын деңгейге жетті.

  • Құрылыс заттарына аудан тұрғындарының сұранысы зор. Осы бағыттағы халық қызығушылығы мен материал ерекшеліктерін зерделеп, жаңадан іс бастауға тәуекел еттік. Газоблоктың жаңа түрлерін шығарып, жұмыс ауқымын кеңіткіміз келеді. Оған қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Тағы да басқа қолдау болса екен деген тілегіміз бар,– дейді ол.

Жалпы, Жаңаарқа ауданы бойынша өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында, оның екінші бағыты бойынша ниеттілер қатары жоспардан асып түскен екен. Жоспарланған 57 адамның орнына 146 адамнан өтініш түскен көрінеді. 81 адам шағын несие алған. Несиелеу сомасы да айтарлықтай – 631 млн. теңге.

  • Шағын несие алушылар облыстың ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мал басын көбейтуге, арнайы техника алу үшін өтініш берді. Сондай-ақ, тоқыма цехын, кулинария цехын ашу, көлік жөндеу орталығын қолға алу бойынша да ниет білдіргендер бар. 73 адам өз ісін енді ашып жатса, 8 адам бар кәсібін ілгерілетуге қаражат көзін іздеген. Халықтың кәсіппен айналысуға ұмтылысы – тек құптарлық жайт. Мемлекет тарапынан қолдау барын білулері керек, – дейді Жаңаарқа ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Венера Тоқанова.

Орталық директорының айтуынша, биылғы жылы жоспар көлемі артпаса, кемімеген. 181 адамға – 658 млн. 958 мың теңге беру жоспарланған. Соның 85-і қазіргі таңда шағын несиеге қол жеткізген. Оларға 341 млн. 825 мың теңге көлеміндегі қаражат өз істерін бастау үшін беріліп отыр.

  • «Игілік» бағдарламасы бойынша 73 адам мал басын көбейту мақсатында 258 млн. 700 мың теңге алса, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 51 млн. 125 мың теңге көлеміндегі қаржылай қолдау 5 адамға жасалды,– деді Венера Тоқанова.

Бұдан бөлек, жеке кәсіптерін ашу үшін 7 адам 32 млн. теңге көлемінде несие алыпты. Аудан тұрғындары үшін қажетті бағыттағы бастамаларды қолға алған адамдарға мемлекет тарапынан қолдау тұрақты болады. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша кез келген адам өз кәсібін ашу үшін несие ала алады. Қаржыландыру «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жүзеге асырылады.

  • Бағдарламаның екінші бағыты бойынша қор жүріп-тұруға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспарды әзірлеуге жәрдемдеседі және шағын несиелер ұсынады. Шағын несиелер бірқатар екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Несие беру кезінде банктер өз критерилері бойынша қарайды. Яғни, төлем қабілеттілігі, кепілдік, несие тарихының жақсы болуы деген сияқты мәселелер назарға алынады. Банктердің қызметінде еш айырмашылық жоқ. 6 пайыздық мөлшерлемемен, 16 млн. теңгеге дейін беріледі. Несиелендіру кез келген мақсатта жасалады, – деп түсіндірді «Даму» қорының Қарағанды облысындағы филиалы менеджері Қуат Шарипов.

Бүгінде кәсіппен айналысып, өз ісін өрбітемін деушілер қатары артып келе жатқандығы қуантады. Бұл халықтың мемлекет тарапынан жүзеге асырып жатқан бағдарламалардан құлағдар болып, оның қолдауын нақты сезініп жатқан қазақстандықтардың көбейгенін көрсетеді. Біздің де міндет сол – халықты барынша ақпараттандыру.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button