Бас тақырыпЖаңалықтар

Кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау – парызымыз

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ өзінің барлық Жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламаларда жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, оның дамуына даңғыл жол ашуды ұдайы айтып келеді. Бұл орайда тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде Елбасының бастамасымен орасан іс тындырылғанын атап  көрсеткеніміз жөн. Алайда, өзінің экономикалық даму жолында негізінен осы салаға табан тіреп, жеке кәсіпкерліктің алаңсыз дамуына барлық жағдай туғызып отырған әлемнің озық елдерінің қатарынан көріну үшін алда атқарылар жұмысымыз әлі де баршылық. Осы ретте өткен жылдың соңғы күндері Президентіміз қол қойған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының алар орны ерекше екенін айта кеткеніміз орынды.

Өткен жылдың басты жаңалығының бірі десе болатын бұл әзірленген құжаттың Парламент қабырғасында мұқият талқыға түскені баршаға аян. Оның артында бүгінгі кәсіпкерлікті өмірлік жолына, негізгі күн көріс тәсіліне айналдырған мыңдаған отандастарымыздың, тіпті, еліміздің жаңа үрдіспен дамуының тағдыры тұрғанын уақыт дәлелдеп отыр.

Ең алдымен, еліміз үшін маңызды бұл құжатқа енгізілген толықтырулар қазіргі уақыт талабынан, бүгінгі замана бағытынан, осы бағыттағы халықаралық  тәжірибеден туындап отырғанын және оның келешекте халыққа тигізер пайдасы да, қайтарымы мол болатынына сенімдіміз

Нарықтық экономикада сол нарық­ тың өзі және ондағы азаматтық-құқықтық өзара қарым-қатынастар негізгі реттеуіш ретінде танылады. Бұл орайда мемлекеттің реттеушілік рөлі тек көмекші фактор ретінде ғана көрінуге тиіс. Өйткені, реттеудің әкімшілік әдістерінің әрекет ету аясы неғұрлым кеңейген сайын,
нақты нарықтық қарым-қатынас соғұрлым тарыла беретінін әлемдік тәжірибе айқын көрсетіп отыр.

Ал, нарықтық қатынастарға түбегейлі бет бұрған біздің елімізде нарыққа әкімшілік ықпалдың жойылмауы азаматтық-құқықтық және еңбек қарым-қатынастарының босаңсуына алып келетіні айқын. Өз кезегінде бұл әрине нарықтық экономиканың дамуын тежейді.

Өкінішке қарай, бұл үрдіс, яғни әкім­шілік ықпалдың жойылмауы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қабылданған алғашқы жылдардан бастап белең
алып келеді. Мысалы, 1984 жылы қабылданған Қазақ КСР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде кәсіпкерлер мен лауазымды адамдарға қатысты
әкімшілік жаза тағайындауды көздейтін баптардың саны ондағы барлық 324 баптың 165-інде, 2001 жылғы Кодексте 733 баптың 538-інде, ал қолданыстағы Кодексте (2014 жылғы) ол алғашқы нұсқадан 400 пайыз өсіп, ондағы 920 баптың 608інде қарастырылды.

Сөйтіп, кәсіпкерлерді тексеретін мемлекеттік органдардың саны 64-ке жетіп, оларға барлығы 544 бақылаушы функция заң жүзінде бекітіліп берілді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге 30 мыңнан астам талап қойылатын болды. Оның үстіне осы Кодекстің негізгі бөлігіндегі 608 баптың 458-інен туындайтын мәселелерді қарау мемлекеттік органдардың құзырында болды. Бұдан әкімшілік шаралардың үнемі алдыңғы қатарда жүргенін байқау қиын емес.

Осыған орай мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шараларды неғұрлым қатаңдату жөніндегі шексіз бастамалары жұртшылықты құқықтық нигилизмге алып келуі мүмкін екендігін ескеруіміз керек. Дүниежүзілік нарықтың даму қарқынын жіті қадағалап отырған Елбасымыздың бұл үрдіске көзқарасты түбегейлі өзгерту керектігін оқтын-оқтын ескертетіні сондықтан.

Әңгіме ауанына қарай, мынандай бір мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмын. Евроодақ елдерінде 2004 жылы «Қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алу және оны жоюға қатысты экологиялық жауапкершілік туралы» директива қабылданды. Соның 8-бабында «кәсіпорын басшылығы тек алдын алу және қалпына келтіру әрекеттеріне кеткен шығындарды ғана өтейді» деп ап-анық көрсетілген. Яғни, кәсіпорын табиғатқа қауіп төндірген жағдайда алдын алу шараларын жасауға, ал залал келтірсе оның орнын толтыруға міндетті.

Бұл мәселе бізде мүлдем басқаша қарастырылған. Тіпті, бюджетті қалыптастырудың өзі бизнеске салмақ салуға бағытталған. Оны айтасыз, мемлекеттік бюджетті толтыру мемлекеттік бақылау мен қадағалау органдарының тікелей міндеті деген ұғым әбден қалыптасып, үйреншікті дағдыға айналып кеткен. Осыған байланысты мемлекеттік ор гандар, әдетте, бақылау мен қадағалау арқылы қол жеткізген жетістіктерін баспасөз беттерінде үлкен жеңіс ретінде көрсетіп, жазып та жатады. Демек, бұл мемлекеттік органдардың аталған кодексті қазынаға пайда түсіретін баптармен толықтыруға барынша мүдделі екендігін көрсетеді.

Міне, осындай жәйттерді сараптай, саралай келе Кодекске өзгерістер енгізуде мемлекеттік реттеудің сипатын өзгерту керектігіне көз жеткізгендей болдық. Яғни, азаматтық-құқықтық өзара қарым-қатынасты әкімшілік әдістердің алдына шығарудың, оған деген көзқарасты заман талабына сай түбегейлі түрде өзгертудің уақыты келді деген ойдамыз. Осылай еткенде ғана кәсіпкерлікке тиісінше қоғамдық бақылау жасау қамтамасыз етіледі. Өз кезегінде ол кәсіпкерлердің өз жұмыстары мен көрсететін қызметтерін сапалы атқаруына үлкен жауапкершілікпен қарауына ықпал етпек. Әрине, «билік пен бағыныштылық» қағидатынан толық көлемде бірден бас тарту мүмкін емес. Алайда әріптестік, функционалдық-клиенттік қағидаттарды қолдану аясын кеңейту жолымен әкімшілік ықпал ету жүйесін белгілі бір дәрежеде тежеуге болады деген ойдамыз. Ол үшін заң жобасын талқылау барысында аталған Кодекстің ресми құрамы аясындағы санкцияларды қайта қарау, тәркілеуді қолдану негіздерін жетілдіру, лауазымды адамдардың әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану кезіндегі жауапкершілігін арттыру сияқты қағидаттарды мейлінше тиімді пайдалану жағына баса назар аударылды.

Кодексті зерделеу барысында елімізде кәсіпкерлерге уақтылы есеп беріу немесе ақпарат яки статистикалық мәліметтерді аз-кем кешіктіру сияқты қоғамдық қауіп тудырмайтын болмашы нәрселер үшін әкімшілік айыппұл салу сияқты келеңсіз жүйе қалыптасып қалғаны да белгілі болды.

Осыған орай, кәсіпкерлерге айыппұл белгілегенде атқарылған істің қоғамға қаншалықты қа- уіптілігін, салынатын айыппұлдың орта және шағын бизнестің көлеміне қарай жүргізілуін ескеру ұсынылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қатысты құқық бұзушылықтардың нақты тізімі де айқын болмай шықты. Ал, бұл өз кезегінде оларға кез келген ұсақ-түйек үшін айыппұл салуға мүмкіндік беріп келген. Кодексте тек қосымша ережелерді ғана басшылыққа алатын, құқық бұзушылықтың айқын тізімі жоқ 41 бап анықталды. Ал аталған ережелер адамдардың қалыпты жұмыс істеуіне, қажетті техника қауіпсіздігіне, өндіріс процесі мен қоршаған ортаға, сондай-ақ, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жәйттерге еш қатысы жоқ талаптарға тұнып тұр. Осыған байланысты, мұндай негізсіз баптарды қоғамға неғұрлым көбірек қауіп туғызатын әрекеттердің нақты тізімін жасау жағына қарай қайта қарау қажеттігі туындады.

Ал белгіленген тәртіп бұзылған жағдайдың өзінде, қоғамдық қауіптілігі айтарлықтай емес баптар бойынша айыппұл қолданбай-ақ, тек ескерту жасаумен шектелу ұсынылды.

Осылайша, әкімшілік ықпал етудің профилактикалық рөлін арттыру сипатына басымдық беру ескерілді. Әкімшілік заңнама жүйесінде кәсіпкерлер үшін, әсіресе, тәркілеу санкция сының орны бөлек. Кәсіпкерлерге ауыр тиетін жазаның бұл түрі бизнеске қатысты баптардың 73 бөлігінде қарастырылған екен. Бұл ретте әкімшілік ықпал етудің құқық қолдану практикасында тәркілеу көлемінің құқық бұзушылықтың салдарына көбіне сәйкес келе бермейтіні айқын аңғарылды. Мәселен, кәсіпкер декларациясын дұрыс толтырмаса болды бар тауарынан айрылды дей беріңіз. Ал, ол «дұрыс толтырмауға» техникалық сипаттағы кез келген ұсақ-түйек әрекеттер жатқызыла салуы әбден мүмкін. Тәркілеуді кеңінен қолдану, сайып келгенде, сараптамалық зерттеулерде еліміздің халықаралық рейтингтегі көрсеткіштерін төмендетуге алып келуі ғажап емес.

Сондай-ақ, ол кедендік органдардың қызметінде түйткілді мәселелердің баршылығын да дәлелдеп, кәсіпкерлердің оларға деген сенімсіздігін тудыратыны да анық. Кәсіпкерлікті заңдылық тұрғыда шегендеу мәселесіне келгенде кәсіпкерлердің арыз-шағымдарын уақытылы қарау және ол бойынша кінәлі адамдарға лайықты жаза қолдану мәселесі ерекше назарда тұруы керек.

Билік пен кәсіпкерлік арасындағы тепе-теңдіктің реттеуіші осы деген ойдамын. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы құрылған 4 жыл ішінде ғана бизнесті қорғау бойынша 17 мыңнан астам шағым түссе, соның 90 пайызы лауазымды адамдардың әрекеті яки әрекетсіздігі туралы екен. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгертулер мен то лықтырулар енгізген кезде біз негізінен осындай мәселелерді ескердік.

Бұдан да таратыңқырап айтсақ, Кодекстің ерекше бөлімінің бизнеске қатысты 410 бабының 314 бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, бұл олардың 78 пайызы заманның даму үрдісіне сай елеулі өзгерістерге түсті деген сөз. Тұтастай алғанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске ұсынылған өзгерістер мен түзетулер 3 бағытты қамтиды. Олар әкімшілік-де- ликтілік заңнаманы ізгілендіру, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің жекелеген институттарын жетілдіру, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің рәсімдік және процессуалдық нормаларын жүйелендіру болып табылады.

Ізгілендіру аясында әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамы бойынша қолданыстағы санкцияларды жеңілдету қарастырылған.

Атап айтқанда, 157 құрам бойынша айыппұлды төмендету, 38 құрам бойынша «ескертуді» кеңейту және 30 құрам бойынша репрессивтілігі төмендеу жазаға ауыстыру, жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшерін бес жүз айлық есептік көрсеткіштен екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету көзделді. Бұған қоса, ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде ескерту жасауға міндеттейтін ереже қарастырылды.

Сонымен қатар, тоқтата тұру үшін негіз болған бұзушылықтарды жойған кезде рұқсаттың (немесе оған жеке қосымшаның) қолданысын мерзімінен бұрын қайта бастауды, оларды жүзеге асыруға рұқсаттама құжаттары берілген қызметтің не әрекеттердің (опера циялардың) жекелеген түрлерінің (кіші түрлерінің) қолданысын тоқтатуды, тоқтата тұруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сондай-ақ, құқық бұзушылықтың маңызы болмашы болған кезде әкімшілік жауапкершіліктен босататын, жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың маңызы болмашы болғанда судья, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды ауы- зша ескертумен шектеле отырып, әкімшілік жауапкершіліктен босату мүмкіндігін көздейтін тетіктер енгізілді. Қорыта келе айтарымыз, бүгінгі бизнеске кең жол ашатын, кәсіпкерліктің дамуына тірек те тіреу бола алатын бұл заң сайып келгенде ұжымдық еңбектің игі жемісі екендігі даусыз. Бұл іс қолға алынған 2016 жылдың басынан бері Заң институтының алаңында ғана мүдделі мемлекеттік органдардың, Ұлттық палатаның, бизнес субъектілерінің өздерінің және азаматтық жұртшылық өкілдерінің қатысуымен жүзден астам отырыс өткізіліп, онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ұсынылған бір мың екі жүзден астам түзету қаралып, олардың 40 пайызы қабылданған. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Парламент палаталарында аталған Кодексті қарау барысында депутаттар 400-ге жуық түзетулер мен ұсыныстар енгізіп, олардың 200-ден астамы қабылданды. Түптеп келгенде, 2017 жылдың 28 желтоқсанында қол қойылған бұл заңның Елбасымыздың өзінің тікелей тапсырмасымен дүниеге келгенін тағы да атап айтсақ артық болмас. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алтыншы шақырылған Парламенттің үшінші сессиясын ашардағы сөзінде құқық қорғау органдарындағы реформаларды одан әрі жалғастыру, қылмыстық процестерді жаңа деңгейге көтеріп, құқық қорғау органдарының жұмысын халықаралық деңгейге жақындастыру қажеттігін айта келіп, азаматтар мен бизнеске әкімшілік қысым көрсету проблемасының бұрынғысынша күн тәртібінде өткір тұрғанын атап көрсеткен еді. Сөзінің соңында бұл мәселенің түйінін жазуға тиіс толықтырулар мен түзетулерді жыл соңына дейін қабылдауды ұсынған болатын. Бүгінгі күні Елбасымыздың бұл тапсырмасы айтылған мерзімде ойдағыдай орындалды деуге толық негіз бар.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты,

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button