АймақПриозерск

Көл құшағындағы керім қала

Приозерск қаласын мән-мағынасына қарай аударғанда, қазақшасы осылай болып шықты. Иә, “жағасындағы” немесе “жағалауындағы” емес, “көл құшағындағы” қала. Бұл жердің бұрын “Қоржынтүбек” деп аталуы да тегін емес. Ал, оған бірінші рет жолы түскен адам алғашқы алған әсердің күшімен “керім” дегенді еріксіз қосар еді.

Шырайлы шаһар Кейінгі кезде қатарға қосылған кез келген бизнес-нысанның қала көркіне көлеңке түсірмеуіне көңіл аударыла бастағаны байқалады. Ол оң нәтижесін беріп те үлгерген.
Айталық, Ағыбай батыр көшесіндегі былтыр ғана тұрғындар игілігіне айналған мүліктік кешен, Жеңіс желекжолындағы автокөлік жуатын орны бар монша-сауықтыру кешені, Достық көшесіндегі “Айгүл” шағын-маркеті мен қайта құрылған “Гранит” қонақүйі, Абай көшесіндегі спорт кешені мен Дорохов көшесіндегі жаңғыртылған “Шахнұр” дүкені шырайлы шаһардың ажарын аша түскен.
Биыл пайдалануға беру көзделген кеңейтілген “777” шағын-маркеті, “Абылайхан” дүкені, азық-түлік дүкені, автокөлік бөлшек-сайманы дүкені, бизнес-орталыққа лайықталған ғимарат, қонақүй кешені, “Варадеро Балхаш” демалыс аймағы иелеріне де сондай талап қойылған. Өйткені, бұл нысандар адам көп жүретін, келген қонақтың көзіне бірден түсетін көшеде орналасқан.
Тіпті Жеңіс желекжолы және Момышұлы мен Қошқарбаев көшесіндегі көпқабатты алты тұрғын үйдің шатырын жөндеу кезінде де оның талғамға сай орындалуы қадағаланды. Халықтар достығы, Ғарышкерлер, Кисунько көшесіндегі Ресей Қарулы күші жалдаған төрт үйге ағымдағы жөндеу жүргізілгенде де сондай талап қойылды. 
Қала көркіне көшенің жол инфрақұрылымы өзіндік кестелі із қалдырады.
Былтыр 4 көше мен 3 тұйықкөшенің жолына (жалпы ұзындығы 1975 қума метр – авт.) орташа жөндеу жүргізіліп, 12874 шаршы метр асфальт-бетон қоспасы, ал 4 көшенің бойындағы жаяу жүргінші жолына 1846 текше метр қырлы кеспетас төселді. 10 аула аумағы абаттандырылды: асфальтталды, айналасы жиектаспен көмкерілді, қоқыс салатын жәшік пен орындық қойылды. Халықтар достығы мен Абай көшесінің, Жеңіс желекжолының бойында жаңадан балалардың үш ойын алаңы пайда болды. Достық және Момышұлы көшесінің қиылысына бағдаршам орнатылып, жолдың жаяу жүргінші өтетін тұсы таңбаланды.
Тазалық қала үшін қаншалықты маңызды екені, айтпасақ та түсінікті. Былтыр қала әкімінің пәрменімен көктемде тазалық пен абаттандыруға арналған – екіайлық, күзде бірайлық өткізіліп, бей-берекет шашылған 44 күл-қоқыс орны жойылды. Бұл игі іс биыл да жалғасын тапты. Сондай-ақ, табиғат қорғау шарасына сай қатты тұрмыстық қалдық полигоны қоршалды.
Балхаштың бойында тұрып туризмді назардан тыс қалдыруға бола ма? Әрине, жоқ! Оның үстіне Приозерск қаласында оны дамытуға мол мүмкіндік бар. Былтыр “Балқаш” емдеу-сауықтыру кешенінде тура осы мақсатқа арналған ІІ аймақтық форум өткізіліп, оған Алматы мен Жамбыл облысының және Алматы мен Қарағанды қаласының кәсіпкерлері қатысты. Қазір кезекті алқалы жиын өткізуге қызу әзірлік жүргізілуде.

Өткеніне үңілсек…

Приозерск – Кеңес одағы кезінде зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі сыналған бұрынғы “Сарышаған” ғылыми-зерттеу полигонының әкімшілік орталығы. Көгілдір Балқаш көлінің тамаша түбегіне 1956 жылы қадасы қағылған. Жабық қаланың тұрғыны қандай болатыны бесенеден белгілі.
Ал, әскери нысанның өзі Бетбақдаланың бізге беймәлім құбажонында орналасқаны, айтпаса да түсінікті. Маршал Митрофан Неделиннің естелігіне сенсек, тастақты қу тақыр. 
Айтпақшы, қаланың батысына қарай қозыкөш жерде “Камбала” әскери әуежайы орналасқан.
Қолдағы дерекке қарағанда, 1993 жылы қалада 19000 адам тұрған, 289 тұрғын үй (7085 пәтер), 1932 орындық 12 қонақүй мен жатақхана, 2480 орындық 11 балабақша, 4088 оқушыға арналған 4 орта мектеп, 5 жеке тұрған және 11 жапсарлас салынған дүкен, 5 мейрамхана мен асхана, 2 кинотеатр, оқушылар сарайы, телеорталық болыпты.
Одақ ыдырап, тәуелсіздік таңы атқасын сынақ полигонындағы бірқатар әскери нысан өзара келісім негізінде Ресейге жарты ғасырға жалға берілді.
Кейбір инфрақұрылым дербес даярлық орталығын құруға кіріскен Қазақстан қарулы күшінің қолына көшті. Қалада 2013 жылы 13185 адам қалды.
Тоқыраудың топаны бұл қаланың да қабырғасын қаусатып кетті. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығының алғашқы жартысында полигондағы нысанның басым бөлігі қараусыз қалып, “ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында” кетті. Ал, 1992 жылдың соңындағы сұмдық коммуналдық апатты көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. 
Жарылыс жұмысы кезінде тоғаннан тартылған құбыр қирады. Арқаның алашұнақ аязы буып тұрған желтоқсанда қаланы сумен жабдықтау тоқтады. Ыстық-суық су мен жылу құбыры жердің бетінен тартылғандықтан, бірден қатты да қалды. Әрине, әупірімдеп апаттың зардабы жойылды. Бірақ, бұл бір кездегі жып-жинақы, жайнаған қала құлдырауының басы болды. 
2010 жылдың аяғы мен 2011 жылдың басында қалада тағы төтенше жағдай қалыптасты: қазандық қатардан шықты, қаладағы жылу жүйесі зақымданды, бірнеше үйге, екі мектеп пен балабақшаға, сот ғимараты мен кітапханаға жылу берілмей қалды. Жылу маусымын ойдағыдай өткізуге жауапты бірқатар қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды…
Әскери қалашыққа бей-берекет кіріп-шықпайтыны белгілі. Ал, 2005 жылдан бастап арнайы рұқсат қағазы (пропуск) талап етілмейтін болды. Тек қазақстандық жол полициясы кірген уақытын, автокөліктің маркасы мен мемлекеттік нөмірін белгілеп отырды. 2009 жылдан бері, анда-санда болмаса, оны да қойды.

Баспанасыз бабың болмас…

Күдік пен үміт таразы басына тартылған күрделі кезеңде жұрт үдере көшіп, талай үй қаңырап бос қалғанымен, кейінгі кезде кері қайтушының, маңайындағы елді-мекеннен қоныс аударушының қарсы көбейіп келеді. Қазір қалада мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 502 адам кезекте тұр.
Былтырдың өзінде тұрғын үй комиссиясы 45 отырыс өткізіп, пәтерді жалға беру жөнінде 106 келісім-шарт жасады. 32 пәтер жекешелендірілдіп, қала бюджетіне 4 миллион теңгеден астам қаражат құйылды.
“Көктем” көшесіндегі үйдің 42 пәтері кезекте тұрғандарға бөлініп, үшеуі – жетім-жесірге, он екісі – тұрмысы төмен топқа, он бесі – бюджеттік мекеме қызметкеріне, он екісі апатты жағдайдағы жалғыз баспанасы жарамсыз деп табылған тұрғынға бұйырды. Таяуда Достық көшесіндегі үйдің 71 пәтері де өз иесін тапты.
Алмағайып кезеңде талай үй иесіз қаңырап қалғанын жоғарыда айттық.
Жаңағы екеуі – “2020 жылға дейін аймақты дамыту” бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен қалпына келтірілген тұрғын үй. Қазір Достық көшесінің бойындағы 24 пәтерлік үйде құрылыс пен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жалғасуда.
Биыл “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында мемлекеттік бюджет есебінен Балқаш көшесіндегі бес қабатты екі үйдің (90 пәтер), Достық көшесіндегі 24 пәтерлік үйдің құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының, Момышұлы көшесіндегі үйдің салмақ түсетін конструкциясын нығайтудың жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптамадан өткізіледі.
Өткен жылы жер телімін бөлуге байланысты комиссияның 19 отырысы өтіп, түскен өтінімнің үшеуінен басқа 361-і қанағаттандырылды. Жалпы қала әкімдігі 400 қаулы қабылдап, 398 өтінімге қатысты оң шешім шығарды.
Жер телімін алуға арналған арнайы есепте жыл аяқталғанда 359 адам тұрды. Кезек тізімі тоқсан сайын жаңартылып отырады.
Панфилов көшесінің бойында жекеменшік жер үй салуға арналған 5 гектар жер дайындалды. Кезекке сай берілген 30 өтінім қаралу үстінде, қазір он шақтысы қанағаттандырылып, үш жылға жер телімі берілді.
Жұмыс барысында бұрын бөлінген жер телімінің мақсатқа сай пайдаланылуына назар аударылды. 2016-2017 жылдары сот шешімімен жалпы ауданы 2046 шаршы метр 7 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанын
айта кеткен артық емес.
Транспортная және Орталық көшесіне салу жоспарланған жекеменшік үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жобасы пысықталып, бекітілді. Егер “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында осындай шаруаға қосымша қаржы көзі қарастырылса, тағы 61 жер телімін бөлуге мүмкіндік бар. Баспанасыз бабы болмайтынын түсінген жамиғаттың жеке үй тұрғызуға ынта-ықыласы зор.
Бизнеске бет бұрған Бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту – жергілікті атқарушы орган қызметіндегі басым бағыттың бірі.
Кәсіпкер қауымның қала экономикасындағы үлесі ұлғайып келеді. Тіркелген 837 субъектінің 661-і осы салада нәпақа тауып жүр. Былтыр олар 2 миллиард 210 миллион теңгенің тауарын өндіріп, жұмысын атқарды, қызметін көрсетті. Бұл – бұрнағы жылғыдан 1,1% артық.
“Бизнестің жол картасы-2020” бірегей бағдарламасын жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жүргізілуде. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы “Бизнес-кеңесші”, “Іскерлік байланыс” тақырыбында жедел курс ұйымдастырып, бизнеске енді бет бұрған талапкерге жөн-жоба сілтеді, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтырды.
Сондай-ақ, жастар арасында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, өткен жылы қала тарихында тұңғыш рет әкім гранты үшін бизнес-жобаға байқау жарияланды. Онда жобаның өзектілігіне, қала экономикасын өркендетуге тигізетін ықпалына, жаңашылдық идеясына, бәсекеге қабілеттілігіне, жаңа жұмыс орнының санына назар аударылды.
Комиссия талқыға түскен 5 жобаның 2 миллион 200 мың теңгеге бағаланған үшеуін мақұлдады: құмдыблок құятын жабдық (436 мың. тенге);
кәдесый жасауға арналған станок (764 мың. тенге); қолданыстан қалған пластик бөтелкені престейтін қондырғы (1 млн. тенге). Биылғы бәйгеге бюджеттен 3 миллион 150 мың теңге қарастырылған.
Нәтижелі жұмысбастылық пен кәсіпкерлікті жаппай дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаның үшінші бағыты аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік маңызы бар нысанды жөндеуге қатысты 5 жоба жүзеге асты. Орташа айлық жалақысы 45-50 мың теңгелік уақытша 15 жұмыс орны ашылды.
Екінші бағыты аясында 13 жеке кәсіпкер 60,3 миллион теңге шағын несие алды. Үстемесі жеңілдетілген қаражатқа қол жеткізген олар ауыл шаруашылығында – 7, баспана мен тамақтандыру қызметінде – 1, демалыс пен туризм саласында – 1, тағы басқа бағытта 4 жобаны жүзеге асырды.
Ал, әртүрлі қысқа курста 90 адам оқып, оның 52-сі кәсіпкерлік негізінен дәріс тыңдады, 17-сі – шаштараз, 21-і аспаз мамандығын меңгеруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қалалық білім бөлімінің келісімімен 15 бала 9-кластан кейін жолдамамен оқуға жіберілді.
Былтыр аталмыш бағдарламаны орындау барысында республикалық бюджеттен – 5 084 000, облыстық бюджеттен – 10 352 000, жергілікті бюджеттен – 28 360 000, барлығы – 43 796 000 теңге қаржы игерілді. Биыл 8 жобаға жеңілдетілген өсіммен 36 500 000 теңге несие беру көзделген.

Бірлескен іс берекелі

  – Қалалық мәслихат сессиясының шешімімен құрамы және Ережесі бекітілген, 17 адамнан тұратын жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі бар. Оның негізгі міндеті – аумақтық маңызы бар мәселені шешуге атсалысу және тәртіп бұзушылыққа жол бермеу жағын қарастыру. Былтыр 13 отырыс өтті, ал, ақпарат жергілікті газетте жарияланды және әкімдіктің ресми сайтында тұр.
Құрамы тоғыз адамнан тұратын қоғамдық кеңес тағы бар. Оның мүшелері, жұмыс жоспары мен тындырған жұмысы жөніндегі мәлімет, өткізген отырысының барлық хаттамасы қалалық мәслихаттың ресми сайтына салынған. Бәріміз бірлесе жұмыс жасап, біраз шаруаның басын қайтардық, – дейді қала әкімі Қайрат Қамзин.
Қала әкімінің осы сөзіне өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш куә. 6 миллиард 92 миллион (2016ж.- 4 млрд. 90 млн.) теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бөлшек саудадағы тауар айналымы 1 миллиард 837 миллион (2016ж.-1 млрд. 691 млн.) теңге болды. Негізгі қорға 1 миллиард 436 миллион (2016ж.-1 млрд. 237 млн.) теңге инвестиция құйылды.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 132,4 миллион (2016ж.-115,4 млн.) теңгеге жетті. 1 миллиард 7,7 миллион (2016ж.-827,9 млн.) теңгенің құрылыс жұмысы атқарылды.
Биылға белгіленген белес те бедерлі. Өндірілетін өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,1 миллиард теңгеге (+0,3%) жеткізіледі. Бөлшек саудадағы тауар айналымы 2,0 миллиард теңге (+1,5%) болады. Негізгі қор 1,5 миллриад теңге (+6,3%) инвестициямен нығайтылады. Ауылшаруашылығы саласында 136,3 миллион теңгенің (+1,9%) жалпы өнімі өндіріледі. Құрылыс жұмысының көлемі де былтырғыдан 5,3% артады.
Алдағы жылу беру маусымына дайындық барысында облыстық бюджеттен бөлінген 13 миллион 706 мың теңге жылумен жабдықтау желісіннің 720 метрін жаңартуға жұмсалады. Демек, Жеңіс желекжолынан Достық көшесіндегі №11 үйге дейін және “777” дүкеннен Пушкин көшесіндегі №9/2 ғимаратқа дейін құбыр айырбасталады. №4 қазандық және №1 қазандықтың №4 экономайзері жөнделеді.
“2020 жылға дейін аймақты дамыту” мемлекеттік бағдарламасы аясында қалалық стадионның салмақ көтеретін құрылғысын күшейту мен күрделі жөндеуден өткізудің, қаладағы су құбыры жүйесін қайта құрудың, Момышұлы көшесіндегі №3 үйдің салмақ түсетін білігін нығайтудың жобалық-сметалық құжатын жасау аяқталып, №1 қазандықты кеңейтудің жобалық-сметалық құжатын жасау қолға алынады.
Бәріне керекті көлемде қаржы қарастырылған.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button