«Күй керуені» – экспедициясы олжалы

Қарағанды облысында «Күй керуені» музыкалық-этнографиялық экспедициясы мәресіне жетті. Оның қатысушылары аймағымыздың 9 ауданын, сонымен қатар Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалаларын аралап шықты. Экспедиция қорытындылары туралы мәліметтер баспасөз мәслихатында жария етілді.

– Шынымды айтсам, бізге уақыт жетпеді. Облыс тұрғындары арасында дарынды адамдар өте көп екен. Сәйкесінше, көп жұмыс істедік. Экспедиция барысында көптеген фольклорлық шығар- маларды жатқа білетін, қолөнермен айналысатын, рухани мұраны сақтап отырған апалар мен ақсақалдарымызды көрдік, – дейді экспедиция жетекшісі, Қарағанды облысындағы “Шертпе күй” мектебінің негізін қалаушы Қайролла Сәдуақасов.

Экспедиция қатысушылары сондай-ақ, музыкалық білімдері болмаса да, күйлер мен термелерді кәсіби ойнайтын, 80-90 жастағы ақсақалдармен кездескен. Әсіресе, Қарқаралы ауданының тұрғыны Нәсипа әже қатты таң қалдырыпты. 93 жастағы әжей «Еңлік-Кебек» жырын, көптеген сыңсу мен жоқтауларды және жаңылтпаштарды жатқа біледі екен.

– Экспедиция барысында жергілікті халық шығармашылығының орталықтары өте үлкен жұмыс атқарды. Музыкалық мұралар мен фольклордың көптеген үлгілерін жинадық. Барлық жиналған материалдарды зерттеп-зерделеп жатырмыз. Олар Ұлттық мұражайдың қорында сақталатын болады, – деді экспедицияға қатысушы Ұлттық мұражайдың аға ғылыми қызметкері, нұр-сұлтандық Ардаби Мәулітұлы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған «Күй керуені» экспедициясын болашақта тағы да өткізу жоспарлануда.

Өз тілшімізден.