Ізгілік — індетке қарсы күш

Дүниені дүрліктірген індетке қарсы шаралар елімізде дер шағында қабылдануда. Соған орай, Балқаш қаласының әкімдігі де шұғыл әрекет етіп, талапқа сай жоспарланған жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыруда.

Төтенше жағдай кезінде жұмыс орындарын қысқартпау мақсатында қала әкімдігі, кәсіпорындар мен кәсіподақ ұйымдары арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды. Жауапкершілікті қабылдап алғандар қатарында «Tranco Express» ЖШС филиалы, «Сары Қазына» ЖШС, «Балқаш ПРОМТЕХСТРОЙ» ЖШС, «ЗОЦМ» АҚ, «Балқаш Универсал» ЖШС, «Коунрад мыс компаниясы» ЖШС, «Astana Railway Services» ЖШС филиалы, «Балқаш қаласы. Вагон жөндеу депосы» бар. Аталған кәсіпорындарда 1400 адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы мен қала әкімдігі бірлесіп, жедел әрекет ету штабын құрды. Кәсіпкерлер – партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері А.Мүсілімов, А.Аларин, З.Әбдікәрімова және А.Қасымбеков бастаған белсенді топ мұқтаж жандарға азық-түлікпен көмек көрсетуде. Игі бастаманы қалалық мәслихат депутаттары С.Қасымбеков пен А.Сокульский де нақты іспен қолдап отыр. «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобаларының аясында қалалық партия филиалының қызметкерлері дәрменді әрекеттер атқаруда. «Біз біргеміз!» акциясы аясындағы еріктілердің іс-қимылы да жұртшылықтың көңілінен шықты.

Бұдан бөлек, 250 мұғалім, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері және белсенді жастар облыстық қор тарапынан бөлінген 10 мың метр дәкеден медициналық бетперделер тікті. 35 мыңға жуық бетперде 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, қарияларға таратылды.

Қаланың барлық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. «Алматы-Екатеринбург» автожолының қалаға кіреберіс тұсында орналастырылған санитарлық-карантиндік бекеттің жұмысы тәулік бойы жалғасуда. Медицина және полиция қызметкерлері күні-түні өтіп жатқан көліктердегі жолаушылар мен жүргізушілердің денсаулығын мұқият тексереді.

Қала әкімі Ораз Тәуірбеков жергілікті «Өркен Медиа» телеарнасы арқылы балқаштықтарға төтенше жағдайға байланысты үндеу жолдады.

 – Коронавирусқа қатысты азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында бүгінгі күні алдын алу шаралары күшейтілді. Соның ішінде, сауда нысандары, мейрамхана, кафелердің жұмыс уақыты қысқартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті, – деген шаһар басшысы жерлестерін карантин талаптарын сақтауға шақырды.

Айта кетейік, азық-түлік бағасының негізсіз өсуін бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Анықталған жағдайлар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрекет ету шаралары қабылданған.

Нұрдос КӘРІМ