Инвестиция — интернет желісіне

Кеше өңір басшысы Ерлан ҚОШАНОВ «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек ЕСЕКЕЕВПЕН кездесіп, аймақтағы телекоммуникация саласының даму келешегін талқылады.

Яғни, кездесу барысында «Қазақтелеком» АҚ-ның облысты цифрландырудың аймақтық бағдарламаларына арналған жаңа қызметтері мен интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті дамыту мәселесі тілге тиек етілді. Жасыратыны жоқ, телекоммуникациялық инфрақұрылым десе, ойымызға ең алдымен «Қазақтелеком» АҚ оралады. Себебі, бұл компания өңірімізді цифрландыруға көлемді инвестиция жасаған еді. Сөйтіп, тараптар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде облыстағы мектептер мен медициналық мекемелерді кең жолақты интернет желісімен тиімді қамтамасыз ету туралы ой бөлісті.

– Облыста 18 қала мен аудан орталықтары бар болса, соның 17-сі «Қазақтелеком» АҚ-ның талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Ал, облысымыздағы бұл байланыс желісінің жалпы ұзақтығы 2217 шақырымды құрайды. Яғни, бұл аса ірі аймақ саналады. Соның ішінде, магистральді желілер – 1642 шықырым болса, қала ішіндегі байланыс желілері – 575 шақырымға жеткен. Дегенмен, қосылу мәселелері де жоқ емес. Мәселен, талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылмай отырған аудан орталығы да бар. Ол – Ақтоғай ауданы. Біз бұл ауданға байланыс желісін 2019-2020 жылдары тартып бітіреміз деп отырмыз. Бұйырса, келесі жылы дәл осы мезгілде Ақжалдан Ақтоғай ауданына дейінгі ұзақтығы 130 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылыс жұмысын байстайтын боламыз. Бұған тартылар инвестиция мөлшері – 260 млн. теңгені құрайды, – деді «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Қазіргі күні облыста 515 жалпы білім беру мекемесі бар. Соның 503-і интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар, өңірде 391 емдеу-алдын алу мекемесі жұмыс жасаса, оның 118-і телекоммуникация кызметтерін пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, өңіріміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарын интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесі де тілге тиек етілді. Яғни, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Аудандарға талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуымен бірге, 33 халыққа қызмет көрсету орталығын жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан – 2020» бағдарламасына сәйкес, облыстың 27 ауылдық әкімдігіне бірыңғай көлік желісін ұйымдастыру бойынша жоба іске асырылғанын атап кеткен жөн.

– Бүгін өте пайдалы әңгіме өрбіді. Ақпараттандыру мен сандық жүйеге көшіру қызметі қарқынды дамуда. Әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру салаларын телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз ету – маңызды мақсат болып табылады. Біз телекоммуникация операторымен серіктестік байланыс орнатуға зор ықылас таныта отырып, біздің тараптан барынша қолдау көрсетілетінін ерекше атап өткім келеді, – деді Ерлан Қошанов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

 «Орталық Қазақстан»

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.