Бас тақырып

“INDIGO”: жаңа жүйе жемқорлықты тыяды

Мектеп жасына дейінгі балалары бар отбасыларының басты мәселесінің бірі – балабақшаға орналасу мәселесін дер кезінде ретке келтіру. Сол мақсатпен кей жағдайда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге де жол беріліп жатады. «Тransparency Кazakhstan» қоғамдық қорының «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайының мониторингі» тарапынан жүргізілген зерттеу көрсеткіштері соны айғақтап берді. Нақтылай түссек, баланы бақшаға электронды орналастыру кезінде заңсыз тіркеу жағдайлары көрініс берген. Өрескел іске ата-аналармен қатар, жауапты қызметкерлер де себепші болғаны – өкінішті, әрине. Электронды кезектің қандай тәсіл арқылы жұмыс жасайтынын жетік меңгеріп алған епсекті делдалдар ата-аналарға өздерінің қызметтерін ұсынып отырған. Сыйақы мөлшері 1000 теңгеден 20000 теңгеге дейін жеткен.

Осыдан біраз жыл бұрын баланы бақшаға орналастыру анау-мынау жоғары оқу орнына түсіруден кем болмағаны рас. 2000 жылдардың басында мектепке дейінгі мекемелердің біразы жабыла бастағанда, туу көрсеткіші жедел өсті. Ата-аналар баласы «шыр етіп» дүние есігін ашқан сәттен кезекке қоюға асықты. Өйтіп-бүйткенше кезегіңіз келіп, балабақшаға бару бақыты бұйырса ол да жақсы, кезектің соңына жете алмай, мектептен бірақ шыққандар да баршылық. Содан бері жағдай көп өзгерді. Ресми деректер облыс орталығында бүгінгі таңда 110 балабақша болса, оның 60-сы мемлекеттік, қалған 50-і жекеменшік екенін көрсетеді.

Бертінде кезекке қою мәселесін түбегейлі шешеді деген http://garden. kargoo. gov.kz порталы да орта жолда өзінің олқылығын көрсетіп қалды. Жоғарыда айтқан делдалдарға да бұл портал оңтайлы болған тәрізді. Оның үстіне, бірінші болып таңдау батырмасын басу қажет болғанда, ептілік екінің бірінің қолынан келе бермейтін тәрізді. Таң бозынан көзді тырнап ашып, компьютерге немесе смартфонға телмірерсің-ау, жүктеме көбейіп кеткенде жұмыс жасамай қалатыны тағы бар.

Осы олқылықтарды ескере келе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасына жауапты атқарушы органдарға аталмыш жүйедегі кемшіліктерді жоюға тапсырма берілген болатын. Нәтижесінде, мектепке дейінгі білім беру орындары қамтылған «INDIGO» жүйесі әзірленіп, қолданысқа енгізілуде.

– «INDIGO» мектепке дейінгі білім беру жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді ERP-жүйе. Бұл жерде баланы бақшаға орналастыру кезіндегі негізгі процестер автоматтандырылған. Мәселен, олардың қатарында балабақшаға кезекке орналастыру, орнын ауыстыру, жан басына шаққандағы қаржыландыру есебі, балалардың электронды жеке істерін жүргізу, үлгерімі мен қатысуын электронды табельге енгізу, баланың патогендік байланыстарын бақылау, электронды жеке істерін мектепке тапсыру бар. Жүйе арқылы заң бұзушыны анықтауға, оның компьютерлік базаға енген сәтінен бастап, іс-әрекетінің тізбегін бақылауға мүмкіндік береді, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция және парасаттылық басқармасы басшысының м.а. Бауыржан Құсайынов.

Жалпы алғанда, жүйе жаңадан пайда болған жоқ, garden.kargoo.gov.kz-ның жаңартылған нұсқасы. Оны әзірлеу барысында делдалдардың құқыққа қарсы әрекеттеріне толығымен шектеу қойылған. Егер адам «INDIGO» жүйесіне бірнеше құрылғыдан кіретін болса, жеке кабинет, ІР-адрес бұғатталып қалады.

– Аталмыш жүйе арқылы ақшамен бақшадан орын алу мүмкін емес. Балабақшалардың директорлары да, қызметкерлері де кезекке қою мен орынды бөлу жүйесіне кіре алмайды, – дейді, Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру агенттігінің директоры Юлия Фаустова.

Қазіргі таңда облыстағы мектепке дейінгі мекемелерде жиналыстар өткізіліп, ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылған нұсқамен жұмыс жасау да оңай. Егер бұрын қолданыстағы телефон номерін өзгерту үшін білім бөліміне келу керек болса, оны қазір жүйедегі жеке кабинеттен-ақ өзгерте беруге болады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, басқа қалаға көшуді жоспарлаған отбасы балаларын өзге қаланың бақшасына да кезекке қоя алады екен. Солай бола тұра, әскери қызметшілердің, көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларына жеңілдік сақталады. Сондай-ақ, жаңа жүйеге қатысты сұрақтарды Instagram желісіндегі @indigo_webline аккаунтынан тауып алуға болады. Білім бөлімі атааналардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруге уәде беріп отыр.

– 27 қыркүйектен Қарағанды «INDIGO» жүйесіне көшеді. Бұрын garden.kargoo.gov.kz жүйесіне енгізілген деректер автоматты түрде жаңасына көшеді, сондықтан, қайта тіркелудің қажеті жоқ, – дейді Гүлсім Шабдановна.

Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласында бұл жүйе біраздан бері тиімді жұмыс істеп тұр. Алаяқтық туралы деректерді жүйе автоматты түрде анықтап, тіркеп, құқық қорғау органдарына жібереді. Нәтижесінде, бірнеше қылмыстық іс те қозғалған.

Басқа материалдар

Back to top button