Жаңалықтар

Иман екі дүниеде де керек

Халықтың едәуір бөлігі өмірін өлімге арнап қана тірлік кешуге біржола бейімделіп барады. Тіпті, жасампаз, жарқын жастарымыздың көбі «о дүниелік лайықты өмір үшін» жігері мен бар уақытын сарп етуге, бұ дүниедегі өмірін о дүниеге толайым арнауға ден қоюда. Әрине, үлкен мен кішінің инабатты, тәрбиелі, обал мен сауапты айыратындай иманды болуын баршамыз қалаймыз. Оған күмән жоқ. Бірақ, маған біздің қоғам қашандағыдай бұл мәселеде де асыра сілтеуге бой алдыра бастағандай көрінеді кейде…

Діннің талабын уағыздаушыларға өздерінің өзгелердің алдындағы үстемдігі, шариғат арқылы жүргізе бастаған «билігі» ұнап қалғандай. Пендешілікпен жасалуы ықтимал күнәлар арқылы кінәлау, тыңдаушыларды кінәлі сезінген сәтімен тұқырту оларды билігіне басыбайлы көндіру тәсіліне ұқсап кете ме, қайтеді?!

Уағызды жаппай діни сауаттандыру, сол арқылы қоғамды ізгілендіру мақсатында ғана пайдалану жөн деп санаймын. Аллаға сену арқылы қорқыныш-үрейінен арылып, жасампаз, жарқын күшке ие болатын, жүрегіне мейірім-иман толатын, Жасаған Иенің ерекше ықылас-махаббатынан жаратылған Адамды ұлық Алланың атымен тұқыртуды және оны өзін үнемі кінәлі сезініп жүретін халге итермелеуді қояйықшы осы!

Сол әсіреуағызшылар шынымен ғұлама болса, кімнің күнәсін кешіретіні, не кешірмейтіні тек қана жандының да, жансыздың да Жаратушы Иесі Алла Тағаланың құзыретінде екенін білуге тиіс қой.

Иә, шынымен де, қоғамның жүрек соғысына құлақ тоссам, көбінің көкірегін кернеген о дүниеге дайындық мәселесі тәрізді. Құлшыныс әрекеті де, құлшылық амалдары да осы мақсатқа ғана малшынған. «О дүниемен өмір сүру» деп атаймыз ба мұны?!

Имандылық иірімдеріне тереңдей сүңгіп, ізгі де асыл қасиеттерді бойына сіңірсем деуі де о дүние үшін. Қарындасы мен қандасына қайырымдылық қамдаса да о дүние үшін. Жарын жалғызсыратпайтын, баласын жабырқатпайтын, бауырын жабықтырмайтын мінезді мәңгі етсе де о дүние үшін. Сонда құдіреті шексіз Жаратушы Иеміз Алла Тағаланың ерекше сыйы – бұ дүниені тәрк еткеніміз бе?!

Қасиетті топырағынан тәніміз жаратылған төзімі түпсіз, қасиетіңнен айналайын Жер-Анадағы пенделік ғұмырымыз да Алланың бұйрығымен берілді емес пе! Ондағы берекелі бес күндік өміріміздің жоғары сана иесі адамдығымызға лайық болуы үшін де иман, ақыл, мейірім, маxаббат, адалдық пен әділдіктің керек екені анық қой.

Барлық ізгі амалдар мен асыл мұраттар осы мақсатқа шынайы қызмет етсе, әрқайсымыз осыған қол жеткізе алсақ, маxаббат пен сенім патшалық құрған қоғам құра алсақ, о дүниеге ерекше дайындалу да қажет болмас па еді, кім біледі…

О дүниеге лайықты дайындалуға кедергі келтіріп жүргендермен жаудай жағаласудың да қажеті болмай қалар ма еді…

Адамдық асыл қасиеттер, алдымен, осы дүниеге керек емес пе, бауырлар?!

Бір-бірімізді иман нұрымен шомылдыруды осы дүниеден бастайықшы дегім келеді де тұрады.

Әнуар ОМАР,

 Ұлытау ауданының әкімі,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button