Грантқа әркімнің-ақ бар таласы

Қазіргі таңда өз кәсібін ашып, еңсесін тіктеуге бетбұрыс жасағандарға мемлекеттік қолдау мол. Соның нәтижесінде бизнес негіздерін меңгеріп, грант алғандар қатары артуда.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2020 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша кәсіпкерлікпен айналысуға ниет еткендер көп. Аймақтық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, мемлекет ұсынған грантқа қолжеткізгендердің бірі – Нұра ауданының тұрғыны Назым Декаримова. Ол «Бастау бизнес» курсын оқып, 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алған.

Көпбалалы ана бүгінде берілген қаражатқа жекеменшік моншасына қажетті суыту құрылғысын сатып алыпты.

– 7-8 адамдық жеке моншам бар еді. Сондағы демалыс бөлмесіне келушілердің ыңғайлылығы үшін салқындатылған өнімдер ұсыну мақсатында құрылғылар алуды көптен ойлап жүр едім. Гранттың нәтижесінде ойға алғаным іске асты, – дейді Н.Декаримова.

Жалпы, Нұра аудандық жұмыспен қамту орталығы директоры Ақбала Жұманованың айтуынша, аудан бойынша 200 АЕК көлеміндегі 105, ал 100 АЕК көлемінде 5 грант бөлінген екен. Қазіргі таңда Назым Декаримовадан басқа 17 көпбалалы ана мен 38 жас, барлығы 56 адам 200 АЕК көлемінде, ал 5 адам 100 АЕК көлемінде грант ұтып алыпты.

Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға берілген гранттар айтарлықтай қолдау саналады. Қаражал қаласында биыл көпбалалы аналар, атаулы көмек алатын отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар санатынан барлығы 33 адам 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алыпты. Осы соманың тең жартысын, яғни, 252 мың теңге көлемінде грантты бір жұмыссыз адам алған көрінеді.

– «Бастау бизнес» жобасы бойынша 14 адам, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 37 адам кәсіп жүргізу курстарына қатысты. Олар әрі қарай мемлекеттік грант бөлу конкурсына қатыса алады. «Еңбек» бағдарламасы арқылы мемлекеттен қаржылай қолдау алған адамдар, негізінен, үйде тағам пісіру, суши бар ашу, шағын маркет, киім-кешек дүкенін ашу, ұялы телефон, көлік жөндеу орындары, тігін цехы және тағы басқа осы сияқты кәсіптермен айналысуда, – дейді Қаражал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар Сағынтаева.

Қала тұрғыны Бекзат Асқаров – Жастар жылы аясында қайтарымсыз грант иеленген жастардың бірі. 505 мың теңгеге құрылыс жұмыстарына қажетті газ блоктарын дайындайтын құрылғы сатып алған ол бір ай көлемінде 50 текше метр кірпіш өндіріп шығарды. Бірнеше жыл Нұр-Сұлтан қаласындағы «Домостройтельный комбинат» ЖШС-інде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған Бекзат қазір өз кәсібін жолға қоюда. Оның айтуынша, алдағы уақытта бір адамды жұмысқа алмақ ниетте.

– Тапсырыс бар, мүмкіндігімізге қарай осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беремін. Болашақта шығаратын өнім көлемін ұлғайтуға қатысты бірқатар ойларымды іске асырғым келеді, – дейді ол.

Биыл облыс бойынша 200 АЕК көлемінде барлығы 1573 грант бөлінген. Ол 794 млн. 365 мың теңгені құрайды. Оның 898-і ауылдық жерлерге бөлінген. Қазіргі таңда 268 млн. 745 мың теңге көлеміндегі 449 грант берілді. Ал, 100 АЕК көлемінде құны 22 млн. 725 мың теңге болатын 90 гранттың 71-і иелерін тапты. Бұл 17 млн. 928 мың теңгені құрайды.

Жансая ОМАРБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan»