Әңгіме өзегі – әліпби

Сарышаған кентінде белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазының қатысуымен «Жаңа қазақ әліпбиін меңгерудің тиімді жолдары» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинар-тренингті облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауданда атқарылып жатқан жұ- мыстарды тілге тиек етті.

Бұдан кейін «Үш байлық» ҚБ бас директоры, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы «Рухани жаңғыру – ұлттың рухы» тақырыбында сөз сабақтады.

– Жаңа әліпбиді жатырқаудың қажеті жоқ. Егер еліміз өркендеп, дамыған елдердің қатарына кірсін десек, латын әліпбиіне көшуіміз керек. Әрине, бұл бастаманы Елбасының өзі бастап, Жарлыққа қол қойып берді. Енді осыны кеңінен насихаттауымыз қажет. Қазір әлемдегі ғылым мен интернеттің сексен пайызы осы латын әліпбиін қолданады. Демек, латын әліпбиіне көшу – әлемдік ғылымға жол ашады, – деді ол.

Жиында «Жаңа әліпбиді меңгерудегі ІТ жобалар» тақырыбында сөз өрбіткен «Үш байлық» ҚБ-нің әдіскері Айшат Ғаббасова латын әліпбиінің тиімділігін әңгіме арқауына айналдырды. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова «Латын негізді әліпбиді меңгерейік» тақырыбында тренинг өткізді.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.