Жаңалықтар

GGG екі рет жұдырықтасуы мүмкін

Жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН келесі жекпе-жегін польшалық Камил ШЕРЕМЕТАМЕН көктемде өткізеді, бірақ нақты күні ресми хабарланбады. Алғашқыда бұл кездесу ақпанда өтеді деген ақпарат шыққан, кейін жекпе-жек уақыты наурыз айына жылжығаны айтыла бастады. Бұған дейін Головкин 28 наурызда Чикагода (Иллинойс штаты, АҚШ) жұдырықтасады деп те жариялаған болатынбыз. Бастысы, биыл жерлесіміз екі кездесу өткізуі мүмкін.

 

ESPN журналисі Стив Кимнің мәліметі бойынша, Головкиннің жекпе-жегі сәуірге шегерілген. «Бірнеше дереккөз Вирджил Ортис 2020 жылдағы алғашқы жекпе-жегін 28 наурызда Лос-Анджелестегі The Forum аренасында өткізетінін хабарлады. Головкин рингке сәуірде оралатын секілді. Сол күні Канадада Top Rank компаниясы Артур Бетербиевпен шоу өткізуі мүмкін» – деп жазды Ким Twitter желісінде.

Ал, Sports Illustrated журналисі және DAZN платформасының жүргізушісі Крис Мэнникс мексикалық Сауль Альварес Головкиннің үшінші жекпе-жегіне қатысты мәліметімен бөлісті. Мұның алдында Альварес келесі жекпе-жегін жапониялық Риота Муратамен өткізетіні белгілі болған. Мэнникстің сөзінше, DAZN Канело мен Головкин трилогиясы үшін мексикалық боксшыға осындай жеңілдік жасаған.

Айталық, DAZN сервисінің Жапонияда Канело мен Мурата жекпе-жегін өткізуге келісуі – Альварес пен Головкин трилогиясына қол жеткізу амалы дейді. DAZN бұл кездесуді асыға күтіп отырған секілді. Сарапшылардың сөзіне сенсек, тақым қысып күткен жекпе-жек өтсе, қыркүйекте өтуі мүмкін. Әйтпесе, мүлде болмайды деген пікір де бар.

«Головкин келесі кездесуінде өзін тамаша көрсетуі қажет. Егер Канело онымен күзде жұдырықтаспаса, онда жекпе-жек ешқашан өтпейтін шығар» – деп жазады Мэнникс.

 Екінші орта салмақта WBA (Super) тұжырымы бойынша әлем чемпионы ұлыбританиялық Каллум Смиттің бапкері Джо Галлахер Sky Sports-қа берген сұхбатында мексикалық Сауль Альваресті сынға алған.

Джоның айтуынша, Канело Мейвезердің істегенін қайталап жатыр. Өзіне ұнайтындармен жұдырықтасып жүр, қалғандары оның қалауын ғана орындайды дейді. «Егер, Канело Муратаны таңдаса, Каллумның көңілі қалады. Билли Джо Сондерс те сол. Бәрі де өз алтын билетін күткен, бірақ ол Муратаның қолына түсті. Мұны Мексикада жақсы қабылдайды деп ойламаймын. Лиам екеуіміз сонда болғанбыз, сол кезде бәрі Канело мен Смиттің жұдырықтасқанын қалап жатқан еді. Тіпті, Аризондағы мексикалықтар Канело мен Каллум жекпе-жегін көргісі келген. Бірақ, қыркүйекте оған Каллум, не Головкинмен жұдырықтасуы керек болады» – дейді Каллумның бапкері.

Қысқасы, DAZN стриминг сервисі «Канело» мен «GGG» жекпежегін қыркүйекте өткізуді қалап отыр. Сол себепті, сервис мексикалық боксшыны мамырда Муратамен кездестірмек.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button