Бас тақырып

Феминизм

«Феминизм, феминизм» деп, алаөкпе болып жүргенде, феминизмнің өзі қазіргі қоғамда әйелге кесел болып жабысты. Әуел баста саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтардың теңдігіне қол жеткізуге бағытталған идеология дер кезінде өзінің ролін дұрыс атқарғанымен, заман өзгере келе, түрленіп, адамзатқа кері әсерін берді. Кезінде бір-бірінен жауапкершілікті тартып алуға тырысқан екі жынысты адамзаттың балалары енді сол жауапкершілікті бір-біріне өткізе алмай жүр.

Қарап отырсаңыз, ерлер мен әйелдердің тең құқығы екі жаққа да тиімді. Ерлермен бірге кез-келген қиындықты мойынымен көтерген әйелдердің еңбегі мемлекет үшін де, шағын мемлекет – отбасы үшін де пайдасы көл-көсір, өзара бюджеттерінің тиынына тиын қосып отырса, оның несі айып?! Бірақ, бәрі жауапкершілікке келіп тірелгенде феминизмнің әуел бастағы мақсат-мүддесі ұмыт қалды. Қазіргі қоғамда ер мен әйелдің тең құқылығы қалыпты дүние. Қаласа – білім алады, қалаған жұмысын жасайды. Тіпті, өмір бойы мансап қуып, жалғыз өтсең де, ешкім саусағын шошайтып күлмесі анық. Өзара бәсекелестік баяғыда-ақ, басталып кеткен. Бірде жеңіп, бірде жеңіліп, жұмыста ғана емес, отбасында да бәсекелі өмір сүргендердің ұрпағы қазір өздері отбасы болды. Барлық пәле осы кезден басталды.

…Кездейсоқ құзырлы мекеменің бірінің алдында әлі жасқа толмаған бір баласын бауырына басқан, бір баласын жетектеп, көз жасына ерік беріп, аңыраған анаға кездескенім бар. Пәтер жалдап тұратындықтан, шиеттей бала-шағасымен далада қалатын болып, құзырлы органнан көмек сұрай келіпті. Баласы үшін шырылдаған оның жан күйзелісін түсінсем де, қақаған қыста шиеттей балаларын жетектетіп жіберген ерін түсіне алмай дал болдым. Жалпы, қазір мұндай жағдайлар қалыпты дүниеге айналып кеткен.

Матриархатпен шатыстырып алмаңыз, феминизмді бүркемеленіп, жауапкершілікті әйелге беріп, қойып, ештеңеге бас ауыртпастан жата беруге болатынын ерлер тез түсінді. Тең құқылы болғың келді ме, бар да жұмысыңды жасай бер. Кедергі келтіретін ешкім жоқ. Бала алдындағы жауапкершілік те – әйелде. Күндіз жұмыста, кешке – асүйде тынымсыз еңбектенген әйел білекті сыбана, екі ауысыммен жұмыс жасады. Әуел бастағы – отбасын асырау мен қорғау міндеті жайына қалған отағасы ішімдікке салынды. Жаратылысы маза бермей, өзіндік менін көрсете алмай, отбасының берекесін алып, әйеліне қол жұмсау да осы кезде басталды дейді психологтар. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 400 әйел көз жұмады екен. Еркек пен әйел әуел бастан – тең. Біреуі – алапат күшімен, екіншісі – нәзіктігімен мықты. Тепе-тең емес деп көріңіз осыдан кейін. Ал, тепе-теңдік бұзылған жағдайда «хаос» басталатыны тәрізді, табиғат берген жаратылыстан ауытқып, әуел бастағы рольдерін ұмытқан адамзат қоғамның масылдық, зорлық-зомбылық, қатігездік тәрізді кеселдерімен күресуге мәжбүр.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button