Жаңалықтар

Есті мұра – ел игілігіне

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық рухани құндылық болып табылатын фольклорлық мұраларды бүгінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына айрықша тоқталды. Осы орайда, жақында филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаммадғали ӘБДУОВТІҢ «Тура биде туған жоқ» атты би-шешендер мұрасының жинағы жарық көрді. Жаңа кітап Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің баспаханасында басылып шықты.

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы Дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады» деген болатын Елбасы аталған мақаласында. Дала фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылған жинаққа Орталық Қазақстан өңірінде өмір сүрген Қаздауысты Қазыбек, Байдалы би, Жидебай батыр, Қараменде, Сеңкібай, Дербісәлі, Шабанбай, Шоң, Ахметжан, Жұмыр сынды би-шешендердің бұрын-соңды баспа бетін көрмеген шығармалары мен өте сирек жарияланған туындылары енгізілген. Мәселен: «Жақсылық – ұжымы бір ағайында, Жамандық – ұжымы жоқ ағайында» немесе «Алыстан алты жасар бала келсе, Алпыстағы қария сәлем береді» деген аталы сөзді мақал ретінде көп жерде пайдаланғанымызбен, оның шын мәніндегі авторы – Қараменде шешен екенін біле бермейміз.

Жинақта осы сияқты көпшілікке жаңалық болар тың мұралар жинақталған. Сонымен қатар, сол мұраларды бүгінгі ұрпаққа жеткізушілер туралы түсініктер, кейбір сирек қолданылатын сөздер мен жер-су атауларына анықтамалар берілген.

Қазақ халқының сөз зергерлері шешендік шеберлігін ұштау барысында ішкі астарына мән берген. Тереңнен тауып айтылған салиқалы сөзді ғана қабылдап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырған.

Ұмыт болып бара жатқан ұлы мұраларымызды ұлықтап, жаһандану дәуірінде қайта жаңғыртқан бұл жинақ – тұтас бір елдің болмысы мен бітімін танытатын таптырмас құрал.

Ізденушілердің зерттеулеріне септігін тигізетіндігі сөзсіз.

Жасқанат ЖҰМАН,

ҚарМУ-дың ІV курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button