Ерлан НЫҒМАТУЛИН: «Еңбек ұжымдары бір күндік жалақысын аударды»

YDD Corporation Қарағанды ферроқорытпа зауыты төтенше жағдай барысында мемлекет тарапынан қолға алынған әрекеттерді қолдау үшін құрылған облыстық қорға 100 миллион теңге бөлді.

Кәсіпорын акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел игілігі мақсатындағы ортақ іске ат салысып, қатерлі дерттің таралуына қарсы әрекет ету туралы үндеуін қолдап, өз үлестерін қосуға шешім қабылдады.

– Қазір барлығымыз бірігетін уақыт. Біздің кәсіпорын да жағдайды көре тұра шетте қала алмады. Біз қазақстандықтар мен еліміздің экономикасын қолдау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз, деді YDD Corporation акционері Ерлан Нығматулин.
«YDD Corporation», «QazCarbon», Қарағанды қаласының «Сарыарқаан» зауыты және Балқаш қаласының «Балқашан» нан зауытының еңбек ұжымдары Елбасының үндеуін қолдап, бір күндік жалақысын COVID-19 коронавирусымен күрес жөніндегі облыстық қорға аударған. Жалпы жинақталған сома – 18 миллион теңге.
Ерлан Нығматулин атап өткендей, бүгінгі күні әрқайсымыздың пандемияны жеңуге қатысуымыз маңызды. Кәсіпкердің айтуынша, осындай қиын кезеңде көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп, қолдау көрсету ауадай қажет .