Жаңалықтар

Ерекше қажеттілігі бар оқушылар арасында облыстық спартакиада өтті

16-17 МАМЫР КҮНДЕРІ «ЖАСТАР» СПОРТ КЕШЕНІНДЕ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН ЕСТУ, КӨРУ ҚАБІЛЕТІ ТӨМЕН ЖӘНЕ ТІРЕК-ҚИМЫЛ АППАРАТЫ ЗАҚЫМДАЛҒАН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТТІ.

Аталмыш дода Қарағандыда биыл төртінші мәрте ұйымдастырылды. Жалпы, облыстың қала, аудандарынан келген жүзден астам спортшы жеңіл атлетика, үстел теннисі, дойбы, тоғызқұмалақ және шағын футболдан өзара бақ сынасты.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов сайыс мақсатының салмақтылығын атап өтіп, қатысушыларға жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдірді.

Мемлекет тарапынан үнемі жасалып жатқан қолдаудың арқасында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Паралимпиаданың ұлттық құрамасында 87 қарағандылық спортшының болуы біз үшін мақтаныш. Әлемдік аренада еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген спортшылардың арасынан жерлестеріміз жиі көрінеді деген сенімдеміз, – деді басқарма басшысы.

Облыстық мүгедектер спорты бойынша мамандандырылған мектеп басшысының орынбасары Жанат Жұмабековтің айтуынша, жеңімпаздар қыркүйек айында өтетін Ақтөбе қаласындағы паралимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алады. Онда спорттың жеті түрінен сайыстар ұйымдастырылмақ.

Арбаға таңылғаныма биыл 7 жыл. Спортқа бет бұрып, жаттығу залына баруға уақыт бөлген сайын өмірімде көптеген өзгерістер орын алды. Мүгедек жандар үшін денсаулықтың маңызы зор, ал, спорттың бұған тигізер пайдасы орасан. Сондықтан, мұндай шаралардың бізге берер жағымды әсері мол. Ұйымдастырушы тарапқа алғысым шексіз, – дейді жарысқа қатысушы Анна Генинк.

Жарыс нәтижесі бойынша III орынды Қарағанды қаласының спортшылары еншілесе, II орынға Абай ауданының спортшылары жайғасты. Ал I орынды Жезқазған құрама командасы иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button