Бас тақырыпРесми

Елжан Біртанов: “Қазақстанның екі азаматынан коронавирус табылды”

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үш айдан бері біз коронавирусқа Қазақстанда жол бермеу бойынша көп шараны іске асырған едік. Бірақ өкінішке қарай, бүгін бірнеше рет тексергеннен кейін Қазақстанның екі азаматында коронавирус инфекциясы табылды. Бүгін біздің Алматыдағы лабораторияда Қазақстанның екі азаматынан коронавирус расталды. Олар Германиядан келгендер», – деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл азаматтар карантиндік стационарға жатқызылған. Қазір барлық шара бекітілген алгоритм бойынша жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі коронавирус қаупіне байланысты халыққа кеңес берді. Оның айтуынша, қауіпсіздік үшін адам көп шоғырланатын жерлерге және жиын-тойларға бармаған жөн. 

«Қазақстандықтарға айтатын кеңесіміз, қазір көп халық қатысатын шараларды тоқтату керек, мысалы той немесе басқа да шараларға қатыспау… Мектеп бойынша шешім қабылданды. Ал балабақша бойынша қазіргі уақытта біз ондай шешім қабылдаған жоқпыз. Ата-аналар өздері шешуі мүмкін. Кейбір ата-ана жұмысқа барғаннан кейін баланы бір жерге қалдыру керек. Қазір балабақшаларды жабу бойынша әлі шешім қабылданған жоқ. Мүмкін жағдай нашар болса тиісті шараларды қабылдаймыз. Ал өңір әкімдіктерінде өздігімен шешім қабылдау құқығы бар», – деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, бірінші пациент 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда келген.

“Бортта коронавирусты жұқтырғандармен бірге болғандардың бәрі де карантинге жатқызылады. Яғни, 9 наурызда бірге ұшқан 73 адамның кім екені анықталды. Олар бақылауда. Қайда екенін білеміз. Карантинге жатқызу шараларына кірістік. Олар ауру адамдар емес», – деді Елжан Біртанов.

Коронавирус инфекциясына шалдықты деп күдіктелген тұлғада аурудың клиникалық белгісі жоқ. Эпидемияға қарсы барлық қажетті шара қолданылып жатыр, соның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекциялық іс-шара бар.

– карантинге жатқызу үшін төсек орындары әзірленген;

– медициналық препараттар мен дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті;

– медициналық персонал толық дайын;

– сұрақ туған жағдайда, 1406 нөміріне call орталыққа хабарласу керек. 

Басқа материалдар

Back to top button