Жаңалықтар

«ЭКСПО – 2017»: ӨНЕРТАБЫСТАР АЛАҢЫ

Бүкіләлемдік көрмелер немесе «ЭКСПО» осымен бір жарым ғасырдан аса уақыттан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында олардың танымалдығы өте артты, тіпті, көрмелерді әлем чемпионаттарымен және Олимпиада ойындарымен салыстыратын болды. Сарапшылардың есептеуінше, 1851 жылы Лондонда алғашқы көрмені өткізгелі бері, «ЭКСПО»-ға бүкіл әлемнен миллиардтан аса адам келген. Жұртшылықты техникалық жаңалықтарды бірінші болып тамашалау мүмкіндігі қызықтырады. Дәл осы «ЭКСПО»-дан кейін телефон, рентген аппараты, сыдырма ілгек, балмұздаққа арналған вафлядан жасалған стақан, телехабар тарату, сенсорлық экран және т.б. дүниелер біздің күнделікті тұрмысымызға жол тартқан. Ал «ЭКСПО-2017» бізді қандай жаңа техникалық дүниелерімен таң қалдырмақ? Өнертапқыштар қазір өз дүниелерін Астанада көрсетуге дайындалуда. Әзірше Бүкіләлемдік көрмелерде көрсетілген ең танымал деген 10 жаңалықты есімізге түсірейік.

Телефон аппараты

Тұңғыш телефон аппараты 1876 жылы Фи­ладельфиядағы Бүкіл­әлемдік көр­мені таң қал­дырған дү­ниеге айналды. Өнертапқыш Ал­ександр Белл «сөйлейтін телеграф» қалай жұмыс жасайтынын көрсетті. Өнер­тапқыштың басқа бөлмеде тұрып Дат ханзадасының «Болу, я болмау» деген монологын оқығанын телефон тұтқасынан естіген кезде, көрме қазылар алқасының таңданысында шек болмады. Жүз жылдан астам уақыт ішінде, әрине, телефонның сыртқы түрі қатты өзгеріске ұш­ырады, алайда оның қызмет ету қағидасы бәз-баяғынша қалды.

Фонограф

1878 жылы Париждегі Бүкіләлемдік көрме кезінде фонографты (дыбысты жазуға және жаңғыртуға арналған құрылғы) таныстырғаннан кейін, оны ойлап тапқан Томас Эдисон үлкен танымалдыққа ие болды. Көптеген көрерменге фонографтың адам дауысын қайталауы таңғажайып сиқырдай көрінді, сөйтіп Эдисонға «Менло Парктың сиқыршысы» (Нью-Джерсидегі зертханасы солай аталатын) деген ат тағылды. Кейінірек фонограф идеясы граммофон, патефон және тіпті магнитофонда қолданыс тапты.

Айналаны шолу дөңгелегі

Тұңғыш айналаны шолу дөңгелегі 1893 жылы Чикагода өткен Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Атағы жер жарған аттракционды Кіші Джордж Вашингтон Гейл Феррис жобалап шыққан. Дөңгелектің биіктігі 80 метрден асатын, ал оның салмағы 2 мың тоннаға дейін жететін. Американдықтар оны осының алдында Парижде өткен Бүкіләлемдік көрмеге орай салынған Эйфель мұнарасына жауап ретінде ойлап тапты. Ағылшын тілінде айналаны шолу дөңгелегі осы күнге шейін ferris wheel, яғни «Феррис дөңгелегі» деген атпен аталып келеді.

Сыдырма ілгек

Алғашқы сыдырма ілгек аяқ киімге арналған болатын. Оны 1893 жылы Чикагодағы Бүкіләлемдік көрмеде Уитком Лео Джадсон көрсетті. Ілгектің түрі қазіргі нұсқасына қарағанда өзгеше болатын: оның бір қапталында ілгек, екінші жағында «кілт-тілшік» көмегімен ілінетін ілмек қатары болатын. Джадсонның өнертабысы аяқ киімді түймелеуді айтарлықтай тездететін, сондықтан ол осындай атауға ие болды. Алғашқыда жаңа өнертабыс бірден көпшіліктің көңілінен шыға қойған жоқ, өйткені оны пайдалану үшін екі бетті алатын нұсқаулықты оқу керек болатын. Тек 20 жылдан кейін ғана сыдырма ілгек үлкен танымалдыққа ие болды.

Рентген аппараты

Жұртшылыққа рентген сәуле­лерінің қасиеттері 1901 жылы Буффалодағы Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Бұл өнертабыс АҚШ президенті Уильям Мак-Кинлидің өмірін сақтап қалар ма еді. Көрме кезінде ол ауыр жарақат алды, себебі президентке оқ атылды. Дәрігерлер оның денесінен оқты табу үшін рентгенді пайдалануына болар еді, алайда олар бұдан бас тартты. 8 күннен кейін Мак-Кинли көз жұмды. Бірақ кейінірек рентген аппараты медицинада кең қолданысқа ие болды.

Балмұздаққа арналған вафлядан жасалған стақан

Балмұздаққа арналған жеуге болатын стақан 1904 жылы Сент-Луистегі Бүкіләлемдік көрме кезінде таныстырылды. Бұған дейін балмұздақты тек қағаздан жасалған стақанда сататын. Вафлядан жасалған қауыз бен балмұздақты бірге үйлестіру көрмеге келушілердің көңілінен шыққаны соншалықты, балмұздақтар дереу сатылып кетті. Алғашқыда вафлялық стақандар қолдан жасалынатын, тек 1921 жылы ғана балмұздақ қауызын жасауға арналған машина пайда болды.

Нейлон

Кез келген матаны берік әрі созылғыш ететін жаңа синтетикалық материал – нейлонның таныстырылымы 1939 жылы Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік көрмеде өтті. Жаңалықты «Дюпон» химиялық компаниясы таныстырды. Көрмеде өте күшті жарнама өткізілді: нейлоннан жасалынған шұлықтар төңкеріс жасаған киім ретінде танылды. Бұл өнертабыс әйелдер жағынан тез өз бағасын тапты – нейлоннан жасалған бұйымдардың сатылымы күннен-күнге дейін артты. Қазіргі күні нейлон киім өндірісінде ғана емес, сонымен бірге, төлке, пленка және жұқа жабындарды дайындауда қолданылады.

Телехабар тарату

1939 жылы Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік көрменің көрермендерін тікелей эфирде телехабар тарату қатты таңдандырды – ол кездің өзінде телевизор әлі таңсық дүние болатын. Көрме өтіп жатқан уақытта АҚШ президенті Франклин Рузвельттің ЭКСПО-ны ашып жатқанын тікелей эфирде көрсетті. Көрмеге келушілерді теледидардың техникалық ерекшеліктері айрықша әсерде қалдырды. Тіпті, көбісі трансляцияны иллюзионистің фокусы деп те ойлады. Ал, бүгінгі күні тікелей эфирде хабар тарату үйреншікті іске айналған.

Ұялы телефон

Тұңғыш ұялы телефонның алғашқы нұсқасы және ұялы байланыс технологиясы 1970 жылы Жапонияның Осака қаласындағы Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Бұл нағыз төңкеріс болатын: бұған дейін қолданыста болған телефондардың барлығы розетка қосылмаса жұмыс жасамайтын. Алғашқы ұялы телефондар Осакадағы таныстырылымнан кейін бірнеше жылда кейін-ақ қолданыста пайда болды. Қазіргі ұялы телефондармен салыстырғанда олардың пішіні үлкен және ыңғайсыз болатын, оларды қалтаға салып жүру мүмкін емес-тін.

Сенсорлық экран

Саусақтың басқанын сезетін экран алғашқы рет жұртшылыққа 1982 жылы Ноксвилдегі Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Көрмеге келген әрбір адам сенсорлық экранды жеке өзі пайдаланып, байқап көре алды. 30 жылдан кейін бұл өнертабыс өте танымал бола бастады. Бүгінгі күні сенсорлық экрандар төлем терминалдары, ақпараттық дүңгіршектерде, қалта компьютерлерінде және ұялы телефондарда қолданылады.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button