Жаңалықтар

Экраннан хатқа көшкен шежіре

Қолымызға тағы бір жаңа кітап түсті. Авторы – көзі қарақты көрерменнің көзайымына айналып жүрген белгілі тележурналист Әли Тойжігіт. Жинақ «Телеарна тынысы» деп аталады. Яғни, Арқаның басты арнасы «Saryarqa» телеарнасының 60 жылдық мерейтойына арналған. Анықтамалық десек, аздық етер, басты арнаның арғы-бергісін ырғап шыққан толымды жинақ.

Экраннан хатқа түсіп, оқырманға жол тартқан елеулі еңбекті бірге парақтап көрелік…

Тағдырын телеарнамен тоғыстырған тарланбоздың бұл еңбегі алғашқы кітап емес. Бұған дейін де бірнеше кітап жазып, микрофон мен қаламды қатар ұстаған Әли ағаның жинақ материалдарын жүйелеудегі шеберлігі мен құстың мамығындай майда һәм бай тілі шебер шендескен. Өткеннің өрнекті сәті де, бүгіннің жетістігі, ертеңнің еңселі мақсаттары да жүйелі жүлгеленіп, жылдар қойнауынан шертер сырында мөлдірлік тұнып тұр. Жинақтың әсерлілігі сонда, Майра Ахметова, Ескендір Тишмағанбетов, Галина Рахимовалардың саңқылдаған үні құлағыңа келетіндей. Жылдар жылнамасындағы жылылықты сезінбеу мүмкін емес.

Кітап телеарна директоры Берік Дүйсетаевтың алғысөзімен басталып, алғашқы төраға Қ.Қасымжановтан Ә.Әбдіәкімовке дейінгі тізгін ұстағандардың ерен еңбегі мен өрелі өнегесіне тиянақты шолу жасалады. Қ.Аманбаев, Ә.Кенжебаев, Ө.Ахметов, С.Байдалин сынды ұлтжанды басшылардың ұлағатын да ұмыт қалдырмаған. Не керек, бұрынғы комитет, бүгінгі телеарна қабырғасында кім нәпақа тапты, ешқайсысының есімі ескерусіз қалмапты. Көзкөргендердің өзінің жадында көмескілене бастаған көп жағдай әсерлі штрих арқылы нанымды баяндалады. Жаңғырықтың өзінде жаныңды жадыратар тылсым бар.

Жинақты парақтай отырып, «Әлекең 40 жыл бойы күнделік жазып жүрген бе?» деген ойға да шырмаласың. Әріптестерінің мінез-құлқына сипаттама берген сәттеріндегі шеберлігі – мүлдем бөлек.

Айтпақшы, телеарнаның «Алтын қоры» бар. Қорда әр дәуірдің тынысынан сыр шертер үздік телехабарлар сақталыпты. Оның тізімін де береді Әлекең. Бірақ, өз басым Қарағанды телеарнасының «Алтын қоры» онда жинақталған кассеталар мен дискілер емес, осы Әлекеңнің өзі ме деп қалдым.

Не керек, жәдігерге айналған фотосуреттермен көмкеріле отырып, шәйі көрпедей сусыған уақыт қатпарындағы көмескі сырға қанық бояу берген «Телеарна тынысының» маңыздылығы бүгіннің өзінде-ақ нақтыланып тұр. Телеарна тарихын зерттемек ниеттегі студенттер үшін де, жас журналистер үшін де таптырмас құрал екендігі даусыз. Кітап десе кірпі көргендей жиырыла қалатын бүгінгі жастар кәдеге жарата білсе, әрине.

Айтқандай-ақ, биыл ҚарМУ-дың журналистика факультетінде Әли Тойжігіттің шығармашылық шеберханасы бойынша дипломдық жұмыс қорғалды. Еңбекқор Әли ағаның рухани қазынасы ғылыми айналымға жол тартты. Ал, Әлекеңнің мына еңбегі – бөлек зерттелетін тақырып. Экраннан хатқа көшкен шежіренің әр тармағында жылдар тынысы мен алуан тағдыр тағылымы бар.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button