Экосенбілікке 6000-нан астам адам қатысты

Үш аптадан бері «Бірге – Таза Қазақстан» акциясы сәтті жалғасуда. Тазалық мәселесіне немқұрайды қарамайтын облыс тұрғындары шараға белсенді түрде өз үлестерін қосып келеді. Өткен сенбідегі акцияға аймағымыздың барлық қалалары мен аудандарында 6 мыңнан астам адам қатысты.

Қарағанды қаласының 5 нысанында тазалық шараларына мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, экологиялық белсенділер мен ортақ мүдделі іске жанашыр тұрғындар санатындағы құралған мыңнан астам қатысты. Олардың ынтымақта жұмыла жұмыс істеуге деген ынталары жұрттың назарын бұрып, ауызбіршілікке үндегендей.

Тазалау жұмыстары өте ұқыпты жүргізілді. Октябрь ауданындағы 3 рұқсат етілмеген қоқыс орындары жойылып, Майқұдықтан қала орталығына дейінгі жылу желілері бойындағы қоқыстар жиналды. «Көгілдір тоғандар» ықшамауданында ағаш отырғызу жұмыстарының сәтті орындалғанын атап өткен жөн. Қазыбек би ауданының Оңтүстік-Шығыс ықшамауданында, сондағы Гапеев көшесі бойындағы гараждар аумағында төрт рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды.

Сонымен қатар, Жыланды шоқысы, Нұра, Соқыр, Ошағанды, Көкпекті өзендерінің арнасы, Балқаш көлінің жағалауы, Сәтбаев атындағы су арнасының бойы, Саран су қоймасы, Иманжан өзені, Дытпай тоғаны және елді мекендердегі рұқсат етілмеген үйінділер мен олардың маңындағы орман алқаптары, сондай-ақ, саябақтар мен гүлзарлар, орталық көшелер, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары және тағы басқа орындар тазаланды.

Жалпы, Қарағанды облысы ел игілігі жолындағы ізгі бастамалардың барлығына лайықты қолдау білдіріп келеді. Кез келген салада бастамашылдығы һәм бірліксүйгіштігімен басқа аймақтарға үлгі боларлықтай десек, артық айтқанымыз емес. Осы экологиялық сенбілік басталғалы бері де облыс тұрғындары өздерінің ел мен жердің ертеңіне бей-жай қарамайтындығын айқындады. Алдағы уақытта айтулы шара жүйелі түрде өткізіледі деп жоспарлануда.

«Тазалық – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Тазалық бар жерде – ырыс, береке болары сөзсіз. Жинақылық – адамның көңілін көтеріп, жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырып, өмірдің мәнін түйсінуге жетелейді. Сондықтан да, тазалықты сақтап табиғатты аялауға атсалысқанымыз жөн. «Бірге – Таза Қазакқстан» акциясы – осы өзекті мәселені шешуге мүмкіндік беретін, елді бірлікке үндейтін игі бастама.