Эфирді түзеу – елдік мұрат

Таралымы мол, тағылымы нөл ток-шоулар эфирдің бүгінгі ахуалын бүтіндей жерге қаратып тұрған жоқ па? Осы ой елді де, бізді де жиі мазалайды…


Әңгіме неден шықты?

Әжем таңмен таласа тұрып, ұлттық арнадан «Таңшолпанды» тамашалайды. Бар ермегі – теледидар. Арасында немерелеріне «Балапан» арнасын қосып беретіні болмаса. Ал, күндіз сағат тілі 12.00-ге жеткеннен бастап 15.00-ге дейін «Қалаулымнан» көзін бір алмайды. Шекеге кетсе, үйдегі жеңгеме «сен тапжылмай көр, сосын бүге-шігесіне дейін айтып бересің» деп тапсырма беріп кететінін қайтерсің?! Сөйтіп, дастархан басында бәріміз Аша ханымның ток-шоуын тамашалап отырып, түстенеміз.

– Әже, неменеге уақытыңызды жоғалтасыз? Бұл жерде отырғандардың бәрі әртіс. Көруге тұрарлық дүние көрсеңізші. Осылардың махаббаты сізге не керек? – дедім тартыншақтап.

– Әй, сен не білесің? Бұл жерде шынайы бәрі. Үзбей көріп келе жатқан мен білемін, – деп дес бермейді. Үлкен кісінің әдеті ғой.

«Евразия» арнасындағы ток-шоу аяқталған соң, «КТК» дағы «Кел, келінім» бағдарламасын көру үшін жайғаса кетеді. Сөйтіп, көк жәшік алдында алтындай уақытын парықсыз дүниелерге сарп етеді. Себебі, аңқылдақ әжем оларға күмәнсіз сенеді. Әңгіменің түп төркіні – осында.

Ашығын айтқанда…

«Qareket», «Дара жол», «Мәселе», «Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты бағыты барынша салмақты бағдарламалар көзі ашық көрерменнің көзайымына айналған. Себебі, аталмыш жобалардың мақсаты – ұлттық мүдде. Ал, мән-маңызына көзіқарақты көрермен баға беріп те қойған шығарсыздар…

Ал, «Қалаулымның» қалауы не? Жастардың жасанды махаббатын жалпақ жұртқа жария етуі бер жағы ғана… Ер жігіттердің сөз саптауы экран сыртындағы көрерменге ерсі көрінгені былай тұрсын, мақал-мәтелді орынсыз қолдануы құлаққа түрпідей тиеді.

Бағдарламаның «Youtube» желісіндегі нұсқасының жарияланған ең көп таралымы – 1,1 миллион қаралым. Бұл әлеуметтік желідегісі ғана. Ал, экран арқылы тамашалайтын көрермен саны бұдан да көп.

«Кел, келінім» бағдарламасын көрсеңіз, «Қалаулымым» айналайын екен ғой» дерсіз… Бұл тележоба – әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді кемтар етіп танытып жатқан алаңның дәл өзі. Желіде таралған бейне аталмыш бағдарламаның бір ғана кемшіл тұсын әшкереледі. Айта кетсем, сегіз қыздың ішінен сыңарын іздеп келген ер-азаматтар төрт түліктің төлі қалай аталатынын білмей, жаға ұстатқан. Енді біреуі әйгілі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын Жамбыл Жабаев жазған деп қынжылтқаны тағы бар.

Қазақ «ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген. Біздің де аталы сөзден асып айтарымыз жоқ. Жоғарыдағы жобалардың арты жақсылыққа әкелмесі анық.

Пікірге құлақ түрсек…

Арқаның аймаңдай ақыны, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай:

– Эстетикалық талғамы төмен, тәрбиелік мәні жоқ «Қалаулым», «Кел, келінім» сияқты бағдарламалардың қоғамның интеллектуалдық өсуіне, рухани қабілетінің артуына ешқандай әсері жоқ. Керісінше, бүгінгі қоғамның рухани өсуіне емес, өшуіне қызмет етіп жатқан бағдарламалар. Әсіресе, ауыл халқының ой-санасының көмескіленуіне, ішкі интеллектуалдық деңгейінің төмендеуіне әсер етіп жатыр сапасыз жобалар. Кешегі біздің бала кезімізде ауылда қой, жылқы бағып жүрген ағалардың, ақсақалдардың саптама етігінің қонышында «Жұлдыз», «Жалын» журналдары жүретін. Теледидардан Сағат Әшімбаевтың, Ақселеу Сейдімбектің ұлт санасының өсуіне ықпалы зор, тәрбиелік мәні бар бағдарламаларын көріп, талқылап отыратын. Енді, көңілді алаңдататын бір жайт бар. Ауылдағы үлкен апаларымыз, ақсақалдарымыз сапасыз бағдарламаларды жүйелі көретін болыпты, – дейді.

Ол өз пікірін телеиндустрия бағдарламалары ұлтты тәрбиелеуге, қоғамға ой салуға, рухани қабілетіміздің артуына қызмет етуі керек деп түйіндеді.

Аймақ арналары не дейді?

Өздеріңізге белгілі облыстық «SARYARQA» телеарнасында байыпты бағдарламалар жоқ емес. Атап өтсек, «Ой-талқы» бағдарламасы маңызды мәселелерді зерделеп, халықтың мұң-мұқтажын айтады. Ал, «ДАТ – дәйекті айшықты тақырып» тележобасы барысында облыстың саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріндегі маңызды оқиғаларға сараптама жасап, ұлттық құндылықтарымызға қатысты таңдаулы тақырыптарды талқылап және оны шешудің оңтайлы жолдары туралы ой тастайды.

Дана Нұржігіттің «Дара жолы» іспеттес «Ғибрат» бағдарламасы аймақтың мәдениеті мен өнеріне, ағарту саласына, экономикасының өсуін атсалысқан тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттайды.

«ARQA LIVE» тікелей эфирі қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың өзекті де өткір мәселелерін ортаға салады. Оны атқарушы билік пен облыс тұрғындары арасындағы алтын көпір деуге де болады. Бұл көрерменге көгілдір экрандағы тікелей жүздесу арқылы өздерін толғандыратын сауалдарға бірден жауап алып, ұсыныс-тілектерін білдіруге берілетін бірден-бір мүмкіндік.

«5 канал» телеарнасындағы «Мәдени мұра» бағдарламасын да айта кеткен жөн. Олар өңіріміздегі мәдени ескерткіштерді, туындыларды дәріптеу арқылы ұлттық құндылықтарымызды нығайтуға күш салуда.

Қорыта айтсақ, өңірлік арнадағы бағдарламалар ұлт мүддесі мен халық игілігі үшін жұмыс жасауда.

Көрермен не күтеді?

Бүгінгі таңда көк жәшік алдындағы көрермендердің көбі – зейнет жасындағылар. «Пікірлеріңіз қандай?», «Қандай бағдарламалар көргілеріңіз келеді?» деп сауал қойсам, бірден «Қалаулымды», «Кел келінімді» құрту керек» деп тарпа бас салады. «Сен жаз соны, ел оқысын. Сол бағдарламадағы қыздарда ұят жоқ, ұлдарда намыс жоқ. Мұндай сұмдықты қай атаңнан көрдің?!» деп нығырлап алған соң ғана, пікірлерін білдірді…

– «Ән мен әнші» бағдарламасын сағындым. Кешкілік ән тыңдап, бір дем алып қалатынбыз. Ал, қазір әннің бәрі той үшін жазылғандықтан, бірыңғай «опмай-опмай». Біле білсек, әннің де тәрбиелік мәні бар. «Ақжүніс» атты әйел тағдыры жайлы бағдарлама болатын. Онда әртүрлі отбасылық жағдайлар шешімін табатын. «Қымызхана» да әзіл-қалжыңы жарасқан бағдарлама еді. Сүйсініп көретінбіз. Ал, енді Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты жас буынға тәлім-тәрбие беретін, жас келіндерге үлгі-өнеге болатын бағдарламалар мен қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері жайлы дүниелер көрсетілсе деген тілек бар. Сонымен қатар, мақал-мәтелдер мен жаңылтпаштардан сайыстар көрсетілсе, – дейді Қарлығаш апай.

– Журналист Қасым Аманжолұлы жүргізген «Шынның жүзі» хабары көрерменнің жібермей қарайтын бағдарламаларының бірі болатын. Бұл хабар да жабылды. Тарихқа айналды. Сондай-ақ, Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменовтің сыр-сұхбаттық әдебисазды бағдарламасы көзіқарақты жұрттың әлі де көкейінде. Іздейміз. Халық арасында «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады…» деген қанатты тіркес қалдырған бағдарламаның бүгінде мәні артып тұр. Осындай дүниелерді қайта жаңғыртса, кәні, – дейді ауыл ақсақалы Өмірбек ата.

Түйін

Біз айтты екен деп түзеле салатын эфир бар ма? Дегенмен, телеэкранды тәрбие құралы ретінде ұтымды пайдалансақ деген ой – көңіл төрінде. Әжем «Қазақстан» арнасындағы 2000 жылдардағы «Ұят болмасын» ойын-сауық отауы бағдарламасын сағынып жүргенін айтып қалды бір сөзінде. Ұят болып жүрмесін… Айтпақшы, ұят болған әлдеқашан… Үзіліс арасындағы жарнама ұяттан жерге кіргізеді… Жазуға қысылып отырғаным-ай…

Қасымхан ҒАЛЫМ