Дойбы додасы өтті

«Қазақмыс» компаниясының ардагерлер кеңесі Кенші күні қарсаңында Ермекбай Байбатыров атындағы жүлде үшін ардагерлер арасында дойбыдан жарыс ұйымдастырды. Мерекелік турнирге Жезқазған мен Сәтбаев қаласынан 12 дойбышы қатысты.

Көзі тірі болғанда келесі жылы көктемде 90 жылдығын тойлайтын Ермекбай Байбатыров – бар саналы ғұмырын кен өндірісін өркендетуге арнаған майталман маман, білікті басшы. Еңбек жолын №44 шахтада электр слесары болып бастаған ол бір кеніште табан аудармай 34 жыл тер төкті, оның он төрт жылында кеніштегі күрделі бөлімді басқарды.

Өндірістен қол үзбей жүріп, Жезқазған тау-кен техникумын тәмамдады, инженер-техник қызметкерлерінің біліктілігін көтеретін Свердловск техникалық білім беру институтында кен өндірісін нормалаушыға арналған курсты бітірді. 1974 жылы жаңадан Оңтүстік Жезқазған кеніші құрылғанда еңбек және жалақы бөліміне бастық болып бекітілді.

Маңдайына жазылған 57 жыл ғұмырында 9 бала тәрбиеледі. Соның ішінде бір қызынан басқасы әке жолын қуып, өмірдегі орнын кен өндіру саласынан тапты. Бүгінде Байбатыровтар әулетінің жалпы кеншілік өтілі екі ғасырдан асады. Осындай үлкен отбасының ұйытқысы болған Ерекең «Құрмет белгісі» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына тақты.

Екі күнге созылған дойбы додасына байырғы кенші, бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Әзірбек Молдағалиев төрешілік етті. Владимир Сенин – бірінші, Владимир Савченко – екінші, Бақыт Дәрімбетов үшінші орынды иеленді. Оларға грамота мен қаржылай сыйлық тапсырылды.

Салтанатты сәтте іргелі кәсіпорынның Сәтбаев қаласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбуләйіс Молақов турнирдің ұйымшылдықпен өтуіне ұйытқы болған азаматтарға алғыс айтты. Ерекең бір баласына есімін берген замандасы Яхия Асатов естелік айтып, арнау өлең оқыды. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев, қалалық мәслихат депутаты Иманбай Бірәлин, «Қазақстан» спорт-сауықтыру кешенінің директоры Манат Тәкешев сөз сөйледі. Ерекеңнің тұңғышы Ибадолла Байбатыров ұйымдастырушылар мен турнирге қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Суретті түсірген автор.