Қарағанды

Дода жеңімпаздары анықталды

Киберспорт федерациясының мұрындық болуымен аймақ көлемінде «Alaman Cup Qaragandy» турнирінің ақтық бәсекесі өтті. Fifa 2020 және CS:GO түрлерінен ұйымдастырылған сайыстың жалпы жүлде қоры 500 000 теңгені құрады.

Сурет Қазақстан Киберспорт федерациясынан

Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, Қазақстан Киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

Әу бастағы онлайн тіркеу барысында «Fifa 2020»-ға 70-ке жуық, «CS:GO» ойынына 200-ден астам жастар өтініш білдірген. Солардың ішінен дараланып, шеберліктерін ұтымды қолдана білген үздіктер Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында ақтық кезеңде бақ сынасты.

– Бұған дейін жастар киберспорттан өзге мемлекет атынан шығып, үлкен ареналарда ойын көрсетіп жүргендерін көрдік. Себеп – елімізде дәл бұндай ауқымды турнирлердің өтпеуі, ұйымдастыру орталықтарының болмауы. Қазіргі таңда елімізде спорттың бұл саласы қарқынды даму үстінде. Соңғы үш жылды алып қарасақ, бұрынғымен салыстыруға келмейді. Әр қалада турнирлер өткізіліп, тіпті, елімізден әлем чемпионы шықты, – деді Қазақстан Киберспорт федерациясының вице-президенті Евгений Богатырев.

 Бұл – федерацияның ұйымдастырып отырған ең үлкен шараларының бірі. Ал, осы доданың Қарағандыда алғаш рет өтуі – көңіл қуантатын жайт. Бұдан кейін осындай ауқымды турнирлерді еліміздің өзге қалаларында өткізуді жоспарлап отырғандығын мамандар баса айтты. Әр облыстан шыққан жеңімпаздарды жыл соңында ел чемпионатында кездестіру жоспарланған.

«Fifa 2020» ойыны бойынша «Ақпаратты-технологиялық колледжінің» оқытушысы Ақназар Бексейітов жеңімпаз атанды. Ол, Қарағанды техникалық университетінің ІІ курс студенті Мадияр Жұмажанмен кездесіп, 3 ойын қорытындысы бойынша айқын басымдықпен басып озды.

«CS:GO» ойынында алматылық «zARLANS» тобы, Нұр-Сұлтаннан келген «AЕЗАКМИ» тобын шаң қаптырып, жеңісті қанжығасына бөктерді.

– Бұндай додаларға қатысып жүргеніме 2 жылдан асты. Бүгінге дейін түрлі әуесқой сайыстарда жүлделі орындар еншіледім. Кәсіби түрде ойын көрсетуім – бірінші мәрте. Өз басым елге танымал киберспортшы болғым келеді. Әлемдік футбол жұлдыздарын көзіммен көре алмасам да, ойын құрылғысы арқылы өзім басқара аламын. Қарсыласым осал емес. Түрлі додаларда топ жарған. Бірақ, мен де шеберлігімді көрсете білдім, – деді Мадияр Жұмажан.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button