Депутаттар Шет ауданындағы әлеуметтік дүкен жұмысымен танысты

Мәжіліс депутаттары Майра Айсина мен Мейрам Пішембаев Шет ауданында жұмысссыз әйелдермен кездесіп, жеке және отбасылық кәсіпті ұйымдастыру, заманауи талаптарды меңгеруге бағытталған семинар өткізді, — деп хабарлады ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Халық қалаулылары көп балалы аналармен де жүздесіп, Майра Айсина еңбекпен қамту және Азаматтарға арналған Үкімет мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен тілдесті.

Сонымен бірге, «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылған «Бақ» әлеуметтік дүкеніне барды.

«Ақтілеу» қайырымдылық қорының қолдауы бойынша Шет ауданы әкімінің бастамасымен ашылған дүкеннен әрбір мұқтаж отбасы тиесілі мөлшерде азық-түлік пен заттай көмек алу мүмкіндігі бар.

Дүкен тынысыман танысқан Мәжіліс депутаттары осы жерде Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бастамалар жөнінде және оларды заң жағынан қолдау үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Алдағы уақытта мұндай әлеуметтік тегін дүкендер Ақадыр, Ақжал, Мойынты және С. Сейфуллин атындағы кентте ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары «Құтты мекен» жобасының орындалу барысымен танысты. Депутаттардың айтуынша,  азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде мемлекет тарапынан тұрғын-үй құрлысы үшін қомақты қаражат қарастырылған.