Дара тұлға: Асқақ арман және ақталмаған үміт

Кемеңгер тұлға Сәкен Сейфуллин қайраткерлігін айтпағанда, лирик-романтик ақын, шебер тілді прозашы, драматург, көсемсөзші, әдебиет сыншысы, әдебиет тарихын, фольклорды зерттеуші ғалым-педагог ретінде бағаланады. Сондайақ, ол – қазақ баспасөзін ұйымдастырушы тұңғыш редакторлардың бірі, қаламы жүйрік журналист. Қазақ ауылдарындағы мектептерде, Қазақстанның жоғары оқу орындарында әдебиет тарихы мен фольклорынан дәріс оқыған, оқу орындарын басқарған ұстаз-тәрбиеші.

Балалық шағы мен жастық кезеңі

Сәкеннің әкесі Сейфолла малшы шаруа болған кісі. Солай бола тұра елге өте сыйлы және өнерлі-аңшы, бүркіт мен тазы иттерді өсіріп, баулитын адам ретінде ерекшеленген. Күйші, домбырашы, әңгімешілдігі – бір төбе. Сейфолланың әкесі – Оспан, оның әкесі Жәнібек сөзге жүйрік, мықты, қайратты адам болса керек.

Сәкен 1894 жылы Қарағанды облысы, Ақадыр ауданы (қазіргі Шет ауданы), Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдідегі орыс-қазақ және Ақмоладағы бастауыш приход (1905-1908 жж.), үш сыныптық қалалық мектебінде (1913-1916 жж.) оқыған.

Ағартушы-демократтық ұстанымының қалыптасуы

Сәкен Сейфуллиннің есімі көп жылдар бойы ауызға алынбай келді. Халық жауы ретінде басылған қара таңба оны бүтіндей бір ұрпақтың назарынан тасада қалдырып, 1913-1916 жылдары Омбының мұғалімдер семинариясында оқығаны, қазақтар арасында мәдениет пен білім таратуды мақсат еткен «Бірлік» жастар ұйымының мүшесі болғаны ескерусіз қалды.

Омбы жұмысшыларының өмірімен, сондай-ақ, Ф.Березовский секілді төңкерісшіл жазушымен жақын танысуы Сәкеннің ағартушы-демократтық ұстанымдарының дами түсуіне негіз болды. 1914 жылы қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын бастырды. Омбы полициясының қара тізіміне іліккен ол семинарияны тәмамдағаннан кейін Ақмолаға қайта оралды.

1916 жылы Сәкен мүлікті сырттай заңдастыру комиссиясының құрамында Ақмола уезі бойынша 12 елді мекенде жұмыс істейді. Сол жылы Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арналған «Толқулар» деген өлеңін жазды. 1916 жылғы 1 қыркүйектен бастап негізі қалануына өзі тікелей қатысқан Бұғылы мектебінде оқытушы болып қызмет атқарды. 1917 жылы 9 наурызда Ақмолаға көшіп келіп, Ақпан төңкерісі туралы «Біз асығыс жасадық» атты өлең жазады. 1917 жылдың сәуір айында Сәкен «Жас қазақ» саяси және әлеуметтік-мәдени қоғамын құрады. 1917 жылғы шілдеде «Тіршілік» газетін шығаруға қатысады. Қыркүйек айынан бастап Сейфуллин Ақмоладағы жаңа орыс-қазақ мектебінде үш айлық мұғалімдерді оқыту курстарын жүргізеді.

1918 жылғы 4 маусымдағы Ақмоладағы ақтар төңкерісінен соң тұтқындалып, 1919 жылы 5 қаңтарда Петропавл түрмесіне жіберілген болатын. Ол 47 күн бойы (24 қаңтар – 12 наурыз) атаман Анненковтың «өлім пойызында» болды. Омбыда Колчак түрмесінен қашып (3 сәуір), шілдеде туған ауылына жетті. Екі айдан кейін Сәкен Әулиеатаға қашуға мәжбүр болды. Кеңес өкіметі қайта орнағаннан кейін 1920 жылдың 7 мамырында Ақмолаға оралды. Атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1920 жылы 4 қазанда Орынборда өткен Қазақстан Кеңестерінің І құрылтайына арнайы шақырылып, Қазақстан ОАК-нің төралқа мүшесі болып сайланды.

Қоғамдық қызметі мен шығармашылық жұмыстары

Жиырмасыншы жылдардың басы Сәкеннің елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан кезі болатын:

-1921жыл, ақпан-мамыр – Ақмола және Семей облыстары атынан Қазақ Республикасындағы Төтенше комиссиясының мүшесі;

-1921 жылы 28 шілдеде Орталық атқару комитетінде облыстық партия комитетінің басшы қызметкерлері қатысқан үлкен мәжіліс болып, қазақ баспасөзін өркендету мәселесі қаралады. Соның ішінде, «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналының жұмысын жандандыру мақсатымен арнаулы редакциялық коллегия (А.Асылбеков, А.Байділдин, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, Е. Алдоңғаров) белгіленіп, Сәкен «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болып тағайындалды;

-1922 жыл, 13 маусым – «Еңбекшіл қазақ» газетінің жауапты редакторы және Оқу-ағарту Халық комиссарының орынбасары;

– 1922 жыл, желтоқсан – Кеңестердің ІІІ съезінде ҚазАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланды;

– 1922 жылы «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы мен революцияшыл драма – «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолында» жеке-жеке кітап болып шықты;

– 1922 жыл, 23-30 желтоқсан – РСФСР Кеңестері Х съезінің делегаты ретінде КСРО-ны құрған Бүкілодақтық съезге қатысып, ОАК-нің мүшелігіне сайланды.

– 1923 жыл, сәуір, РКП(б) ХІІ съезіне қатысты (А.Кәкен, «Қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіру керек», «Егемен Қазақстан», 19 қазан, 2017 жыл, 8-бет).

С.Сейфуллин «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» (09.06.1923 ж.), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25.06.1923 ж.), «Не қылдыңдар?» (15.08.1923 ж.), «Қазақстанның Орталық Кеңес комитетінің 3-жалпы жиналысының қорытындысы» (11.09.1923 ж.), «Қазақстанның заң комиссариатына теңеліңдер» (19.09.1923 ж.), «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» (23.12.1923 ж.), «Ашық хат» (17.03.1924 ж.) деп аталатын мақалаларын өзі басқарған «Еңбекшіл қазақ» газетінде жариялап, онда көтерілген мәселелердің жүзеге асырылуына ықпал етті. Бұл қатардағы журналистің жазған сөзі емес, қолында билігі бар үкімет басшысының қимыләрекеті еді. Соның нәтижесінде РКП(б) ХІІ съезінің құжаттары негізінде 1923 жылдың 22 қарашасында Қазақ АКСР-нің Орталық Атқару комитеті қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізу туралы декрет шығарды (А.Кәкен, «Жаншылған жан», «Егемен Қазақстан», 15 қазан, 2017 жыл, 11-бет). Соған сәйкес, кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілген.

Сейфуллин Қазақстан ауқымында өткізілген ірі науқандармен қатар, Бүкілодақтық съездер мен кеңестерге қатысты. Мәскеуде өткен мәжілістерде белсенділік танытты. 1924 жылы В.Ленин қазасына барған қазақстандық делегацияға басшылық етті. Бұдан кейінгі жылдары Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми орталықтың төрағасы (07.04.1925 ж.), Қазақтың пролетар жазушылары қауымдастығының (ҚазАПП) басшысы (12.06.1926 ж.), БКП(б) Өлкелік комитеті партия тарихы бөлімінің меңгерушісі (1926 ж.), Қызылордадағы халық ағарту институтының (1925 ж.), Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының (1927-1929 жж.) директоры қызметтерін атқарды.

1929 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының (ҚазПИ) әдебиет кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған С.Сейфуллин – халық мұрасын жинау, зерттеу, жариялау сынды кемел істердің көш басынан табылған әдебиетші. «Халық тарихын, әдебиет тарихын тәптіштеп жазып шығуға әдебиет тарихының деректері керек» деген талап ұстанып, қазақ әдебиеті туралы хатында («Еңбекші қазақ», 26.12.1929 ж.) әдебиет тарихын жасау үшін әдеби мұраны жинауға шақырды. Онда XV ғасырдағы Асан қайғыдан бастап, ХХ ғасырдың басындағы Ғұмар Қарашқа дейінгі әдеби және классикалық мұраны, халық күйлерін жинау мәселесі көтерілді.

Сәкеннің «Домбыра» (1924 ж.), «Экспресс» (1926 ж.), «Тұрмыс толқынында» (1928 ж.) атты поэтикалық жинақтарында Қазан төнкерісінің жеңісі жырланды. Оның «Көкшетау» поэмасы (1929 ж.) халық арасында кеңінен тараған. Бұл поэма сезім тереңдігі, тілінің көркемдігі мен жұмырлығы жөнінде қазақ әдебиетіндегі таңдаулы шығармалардың бірі болып табылады.

С.Сейфуллин сөз өнерінен лирик ақын ретінде де көрнекті орын алды. Ол туған жер табиғатын адамның ішкі сезім күйлерімен астастыра жырлады, адал махаббат пен өмірді сүюді насихаттаған «Аққудың айырылуы», «Лашын әңгімесі», «Ақсақ киік», «Сыр сандық», «Отарба терезесінен» және тағы да басқа шығармалар жазды. Жаңашыл ақын өз туындыларында өмірдің әсемдігін жырлады. Аққу мен киік сол әсемдіктің бейнесі ретінде көрінді.

Ақиық ақын жан-жақты талант иесі болды. Өнерпаздық тұлғасын ірілендіріп көрсететін поэзия саласы болғанымен, қазақ прозасын өркендетуге қосқан үлесі де қомақты еді. Оның «Жұбату» әңгімесі (1917 ж.) – қазақ әдебиетіндегі көркем прозаның алғашқы үлгілерінің бірі. Қазақ әйелінің күрескерлік жолын суреттеген «Айша» әңгімесін (1922 ж., 1935 жылдан – повесть), 1922 жылдан журналдарда жариялана бастаған «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи мемуарлық роман-эссесін, қазақ әдебиетіндегі жұмысшылар өмірін суреттеген тырнақалды туындылар қатарындағы «Жер қазғандар» повесін жарыққа шығарды.

«Тар жол,тайғақ кешу» мемуарлық романында (С.Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу», Алматы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1960, 484 бет) қазақ халқының патшаға қарсы күресі мен Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнығу жолдарын шыншылдықпен суреттеген.

Ол өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. Отаршылдықтың шовинистік саясаты әсерімен қазақ ұлтының бұрмаланған тарихи атауын қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарды. «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты ұлт намысын қайрайтын, рух дарытатын тарихи мәні зор мақаласында («Еңбекші қазақ», 15.02.1923 ж.): «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ, ол киргиз деген аттың қалайша қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді…» деп жазды.

Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі

Қаламгердің «Қызыл ат» (1934 ж.) дастанында 30-шы жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналды. Сәкеннің «Жас қазақ марсельезасы», «Жолдастар» өлеңдерінде ұрандық, марштық сарындар ұшырасса, ол осы ізденісін «Альбатрос» (1932 ж.), «Социалстан» (1935 ж.) поэмалары мен отызыншы жылдардағы лирикалық жырларында одан әрі жалғастырды. «Советстанда» ақын өлең үлгісін жүйрік пойыздың қозғалыс ырғағына лайықтап өрнектеген. «Альбатроста» қоғамдық құрылыстың алғашқы кезеңдегі шындығын суреттеді. Бұл поэмалар лиро-эпикалық жанр үлгісінде жазылған.

Отызыншы жылдары С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби-сын, әдебиеттану салаларында еселі еңбек етті. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931 ж.), «Батырлар жыры» (1933 ж.) жинақтары, Ы.Алтынсарин, Ақан сері, Ақмолла және тағы да басқа шығармалары (1935 ж.), «Ләйлі-Мәжнүн» жырының қазақша аудармасы жарық көрді.

Мәдениет жанашыры «Қазақтың ескі әдебиеті» нұсқалары деген жинақта Бұқар, Балқы Базар, Шортанбай, Досқожа, Сүйінбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Серәлі, Тоғжан, Құлмамбет, Жамбыл секілді жыр дүлдүлдерінің өлеңдерін, айтыстарын бастырып шығарды.

1932 жылы Сәкеннің қазақ фольклорының тарихына арналған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл кітап – осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Ізденімпаз ақын халық әдебиеті материалдарын молынан пайдаланған бұл зерттеуде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасаған. Аталмыш кітап – жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы болуымен қатар, дәуір таңбасын берік сақтаған, қазақ әдебиеттану ғылымының өркендеу, даму кезеңдерін шынайы көрсеткен еңбек.

С.Сейфуллин 1934-1935 жылдары Ы.Алтынсарин, Ақан сері мен Ақмолла сынды көрнекті ақындардың өлең, поэмаларын жинап, тұңғыш рет жариялады.

Дара тұлға – қазақ драматургиясын алғаш қалыптастырушылардың бірі. Оның «Бақыт жолына» (1917 ж.), «Қызыл сұңқарлар» (1920 ж.) пьесалары – бұл жанрдағы тұңғыш шығармалар болумен қатар, қазақ жастарының ой-арманын, тілек-мақсатын бейнелеген туындылар. «Бақыт жолына» пьесасының 1918 жылдың мамыр айында Ақмола қаласында үш рет қойылуы – қазақ драматургиясының туындау дәуіріндегі атап айтарлық елеулі әдеби құбылыс. «Қызыл сұңқарлар» – Қазан төңкерісі кезіндегі ұлттық образ жасаудағы қаламгердің зор табысы. Сәкеннің драмалары қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік соны сүрлеуімен құнды.

Қазақ музыкасының дамуына қосқан үлесі

Сәкен табиғатының алуан қырлары, жаратылысына тән қасиеттерінің бәрі де қазақ мәдениетінде мәңгілікке орныққан ұмытылмас еңбектерінің бір саласы. Ол – Сәкен әндері. Оның «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Көкшетау», «Ақсақ киік», тағы басқа әндері сөз бен әуеннің табиғи жарасымымен және Арқаға тән дәстүрдің сақталуымен ерекшеленеді. Сәкен әндерінің халық жүрегінен берік орын алғандығы соншалықты, ақынның есімін еске алудың өзі қатерге айналған жылдарда да, оның әндері ел ішінде орындалып жүрді.

Сәкеннің әншілік өнерінің тырнақалдысы – «Біздің жақта». Өлеңнің әні 1919 жылы мамырда Сарыадыр баурайында дүниеге келді. 1919 жылы Омбыдағы түрмеден қашып шыққанда Сәкен Баянауылда тұратын әкесінің нағашыларын (сүйіндіктерді) сағалайды. Сонда болып, бір-екі ай есін жияды. Осы елде көрген қорлығы мен азабын бейнелейтін «Бабаларға шағым» әні туады. Балабай байдың кенже қызы Сәулімге (Жүпшира) ғашық болып, «Тау ішінде» әнін шығарады. Түрмеде қайтыс болған досы Бәкен Серікбаевтың аманатымен шыққан ән «Шаһит болған достарыма» деп аталады. 1923-1925 жылдар аралығында Совнарком төрағасы болып, кейіннен орнынан түскенде кейбір достарының жағымпаздығын әшкерелейтін әжуа-әні – «Сыр сандық». 1918 жылдары революцияшыл қазақ жастарының әнұранына айналған, француз композиторы Эжен Потьенің әніне жазылған «Жас қазақ марсельезасы» және рухты оятатын «Жолдастар» әні – толғақты туындылар. Сәкеннің 1930-1935 жылдар аралығында жазылған экологиялық тақырыптағы «Ақсақ киік» әні, табиғатты жырлаған «Көкшетау» әні, жаңа тұрмысты жырлаған «Біздің ауыл», махаббат тақырыбына арнаған «Ұйқыдағы ару», «Кәмила» атты әндері бар.

Жазықсыз жабылған жала

Дауылпаз ақын 1937 жылы ұсталып, келесі жылы атылса, оның «қылмыстық ісі» одан көп бұрын, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алатынын атап өткіміз келеді.

Сонау 1923 жығы 28 қаңтарда, Орынборда, ғұлама ғалым, жазушы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 50 жыл толуына арналған жиында Сәкеннің сөйлеген сөзіне қолма-қол теріс баға берілді. Атап айтқанда, «Сәкен ұлтшылдықты жақтайды, сондықтан, алашордашылармен белсенді күреспей отыр» деген кінә тағылды. Сол жылы наурыз айында өткен партия конференциясында «РКП(б) Европаға» деген өлеңі коммунистік идеологияға сәйкес келмейді, тап күресін ұлт күресімен шатастырған, марксистік түсінікпен қабыспайтын шығарма деп бағаланды.

Ташкенттегі «Шолпан» журналында ақынның «Қызыл сұңқарлары» сыналды. Нәзір Төреқұлов Москвадағы «Темір қазық» журналында жарияланған мақаласында «Асау тұлпар» кітабы мен «Бақыт жолына» пьесасын жарамсыз деп тапты. Ғаббас Тоғжанов «Большевик Казахстана» журналында «Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында 1916 жылғы көтеріліске дұрыс баға бере алмады, ұлтшыл интеллигенция мен қазақ байларының мақсатмүдделерін қолдады, олардың көзқарасын ақтап отыр» деп тиісті. «Сәкен марксизм негізін түсінбейтін жазушы, ескі ауылды көксейтін ақын. Қолында – домбыра, астында – асау тұлпар, сонда ол кім? Әрине, бұл қазақтың кедейі емес, мырзасы» – деп жазды Смағұл Сәдуақасов.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы 29 тамыздағы Мұхамеджан Қаратаевтың «Қазақ әдебиетіндегі авербахшылдықтың қалдығын жою керек» деген мақаласында Сәкен Сейфуллин «Халық жауы» деп аталды. Ал, «Казахстанская правда» газеті келесі айда – қыркүйектің 16 жұлдызындағы нөмірінде «Выкорчевать национал-фашисткую мразь из Союза Писателей Казахстана» деген редакциялық мақаласында «Сәкен партияға қарсы жүргізген бұрынғы топшыл бағытынан айнымады, «Қызыл сұңқарлар» пьесасында орыс пролетариатының жетекші рөлін төмендетті, «Тар жол, тайғақ кешу» романында алашордашылардың контрреволюциялық құжаттарын жариялады, халық жауларының суреттерін басты, мұның өзі барып тұрған «Своебразная враждебная энциклопедия» деп қорытындылады.

Сөйтіп, Компартия органы – «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері күні кеше үкімет басқарған ел азаматын қоғамға жат күдікті элемент етіп көрсетуге дейін барды. «Ол – ұлтшыл, алашордашылармен ауыз жаласқан, қоғамға жат элемент» делінді.

Баспасөз бетінде жарық көрген мәселені НКВД өз қолына алды. 1937 жылдың 21 қыркүйегінде С.Сейфуллинді тұтқындау шешіміне республикалық НКВД бастығының орынбасары қол қойып, үш тәуліктен кейін прокурордың келісімі алынып, тұтқындауға қажетті ордерге қол қойылды. Осы құжат бойынша сол күні, яғни, 24 қыркүйекте Сәкен абақтыға қамалды.

Есіл ер өзі құрған Кеңес үкіметінің түрмесінде жан түршігерлік қинау мен қорлық азабын көріп, 44 жасында атылды. Мемлекет және қоғам қайраткері, қабырғалы қаламгер 1958 жылы толық ақталды.

Рашит КАРЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚарМУ-дың еңбек сіңірген қызметкері.