Бас тақырып

COVID-2019: алаңдауға негіз жоқ

Әлемді әбігерге салған «COVID-2019», яғни, коронавирус үшін елімізде әзір алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен, әлеуметтік желі арқылы вирустың өзінен де жылдам тараған фейк-ақпараттар халықты біраз дүрліктірді. Оның үстіне, қала дәріханаларынан медициналық маскалардың бір демде жоқ болуы да көңілі күпті тұрғындардың жел сөзге еріп, жалған ақпаратқа бой алдыруына әкелді. Коронавирустың алдын алу үшін өңірдегі атқарылған шаралар мен елдегі жағдай туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВ баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

КОРОНАВИРУС: ОБЛЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙ

 Ержан Шәкірұлының айтуынша, вирус анықталғалы Қытайдан Қарағанды облысына 81 адам келген. Олардың барлығы ауруханада 14 күндік карантиннен өткен, кейін тәуір болуына байланысты үй жағдайына қадағалауда болған. Сондай-ақ, қажетті жағдайда 400 орындық карантиндік провизорлық госпитальдар да пациенттерді қабылдауға дайын.

Республикалық бюджеттен бөлінген 39 миллион теңгеге медициналық мақсаттағы бұйымдар қосымша сатып алынған. Жақын арада облыста бір рет қолданылатын маскалар мен халаттар өндірісі де жолға қойылады. Медициналық нысандар қажетті құралдармен қамтамасыз етілген.

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров болса, бүгінгі таңда әр елден облысқа 7334 адам келген дейді. Олардың барлығы, сондай-ақ Қытайдан келген 81 адам да провизорлық госпитальда тексерістен өткен. Қазір 52 адам катаралдық құбылыстардың болмауына байланысты, бақылаудан алынған.

Өңірдің вирусологиялық зертханалары заманауи жабдықтармен және реагенттермен толық қамтылған. Зертханалық бақылау екі кезеңде жүргізіледі. Алдымен облыстық Ұлттық сараптама орталығында, кейін Нұр-Сұлтанда қосымша зерттеулер жүргізіледі, – дейді Қанат Асқаров.

Бұл вирус жұқтырған адам қалай болғанда да назардан тыс қалмайтынын көрсетеді. Алдымен әуежайда күндіз-түні жұмыс жасайтын бақылау бекеттерінен өткеннен кейін, 14 күнге созылатын карантин уақытында олардың биоматериалдары екі рет қатаң тексеруден өтеді.

 Басқарма басшылары жалған ақпараттарға бой алдырмауға кеңес берді. Әлеуметтік желіде айтылып жүргендей, шараларға тыйым салынбайды және оқушылардың көктемгі демалыс уақыты да ұзартылмайды. Ал, ресми ақпараттар тұрақты түрде Денсаулық сақтау министрлігінің, денсаулық сақтау басқармасының және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің сайттарында жарияланып отырады.

МАСКАЛЫҚ РЕЖИМ ЕНГІЗІЛМЕЙДІ

Медициналық маскаларды қазір күндіз шаммен жүріп таппайсың. Жағдайды өз пайдаларына жаратқысы келгендер дәріханалардан оларды жаппай сатып алғанын жасырмайды Ержан Нұрлыбаев. Бірақ, алаңдауға негіз жоқ. Алдағы күндері дәріханалар медициналық маскамен толық қамтамасыз етіледі әрі олар экспортқа да шығарылмайды. Облыс тұрғындарының қажеттілігін толық өтеу үшін олар өңірімізде өндірілуде. Сондай-ақ, Ержан Шәкірұлы вирустың алдын алу шаралары сақталған жағдайда, маскалар вирустық инфекциялардан қорғауға қабілетті дейді.

Ержан НҰРЛЫБАЕВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 – Маскалық режим енгізбейміз. Дәріханаларда маска жоқ деп дүрлігудің қажеті жоқ. Ақпан айының басында облысымызға 700 мыңға тарта маска әкелінген-тін. Кейін қымбат бағамен сатып, пайда табуды көздегендер, бар масканы жаппай сатып ала бастады. Ал, жуық арада өңірімізде өндірілген маскалар сатылымға шығарылады. Құны өндірушімен бірлесе отырып белгіленеді әрі қымбат болмайды.

Сарандағы «Мерей» ЖШС директоры Қанат Наурызбаев медициналық маска шығаратын машина сатып алған. Минутта 100-120 дана маска шығаратын техника облыс тұрғындарының инфекциядан қорғаныс қабілеттілігін толығымен қанағаттандыруға қауқарлы.

 Кәсіпорында болған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров әлеуметтік дәріханаларды маскалармен қамтамасыз етуді бастау керектігін атап өтті.

Әлішер Елісұлы осы қаладағы жеке гигиена және үй-жайларды дезинфекциялауға арналған антисептикалық заттар шығаратын кәсіпорында да болды. Оның қуаттылығы сағатына 2000 бөтелке, яғни тәулігіне 1000 литр.

– Қазақстанда осы тәрізді төрт өндіріс орны бар. Біздің бағаларымыз төмен. Кәсіпорын облысты дезинфекциялық заттармен толық қамтамасыз етеді, – дейді «Грос Фарм» ЖШС директорының орынбасары Михаил Момчелидзе.

COVID-2019: ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ

 Интернеттегі мәліметтерге жүгінсек, әлемде вирустан көз жұмғандар саны 3 мыңнан, ауырғандар саны – 90 мыңнан асады. Вирустың қауіптілігіне қарамастан, жазылғандар да бар. Деректер 50 мыңнан астам адамның сауыққанын көрсетіп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше Қытайда ауру жұқтырғандар саны төмендеп, өзге елдерде тоғыз есе өскен. Коронавирус 64 елде тіркелгенімен, ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус пандемиясын жариялау әлі ерте деп отыр.

Иранда коронавирустан жергілікті шенеунік – Иранның жоғары басшысы – Мақсаттылық кеңесінің жанындағы кеңесші органның мүшесі Сейед Мохаммад Мирмихаммади көз жұмды. Вирус бұл елде 19 ақпанда тіркеліп, елуге тарта адам қайтыс болса, жұқтырғандар саны – 600 шамасында.

Ал, Италияда ауру жұқтырғандар саны 2 мыңнан асып жығылады. Емделгендер де бар. Аурудың кең таралуына жол бермеу үшін  мектептер мен көпшілік орындар жабылған.

Германиядағы жағдай да мәз емес. COVID-2019 елдің біраз тұрғынына жұғып үлгереді делінсе де, жақсылықтан үмітті немістер күн ысып бергенде, аурудың да беті қайтады деп отыр. Қазірдің өзінде бұл елде вирус жұққан 150 адамның жағдайы зертханалық жолмен расталған.

Марокко, Сауд Арабиясы, Латвия, Сенегал және Тунисте де коронавирус жұқтырғандар тіркелген. Швейцарияда коронавирустың расталған жағдайлары әзірге – 30. Мәскеуде де COVID-19 жұқтырғандармен байланыс жасағаннан кейін 24 адам ауруханаға жатқызылыпты. Ал, Оңтүстік Кореяда жұқтырғандардың саны – 4812. Қайтыс болғандар бар.

Ал, еліміз 1 наурыздан санитарлық эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің төртінші сатысына көшті. Дегенмен, Қазақстанда бүгінгі күні коронавирус анықталған жоқ. Үкімет басшысы Асқар Мамин індеттің таралуына жол бермес үшін әкімдіктер мен министрліктерге бірқатар тапсырма да берді.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button