Чехиялық пошта маркасында – Қазақ академигі

Жусанымен жұмыр жердің назарын өзіне аударған Арқа жеріне сүйіншілі хабар жетті. Еуропадан! Чехия Республикасының пошта маркасында «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің Басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Серғазы ӘДЕКЕНОВТІҢ бейнесі бейнеленгені туралы.

Бұл – жалаң жарнама емес, ежелгі Еуропаның қазақ ғылымына деген құрметі.

Білесіздер, «ғасыр дерті» атанған қатерлі ісік кеселі әлем медицинасы мен фармацевтикасын тығырыққа тіреген. Обырдың дауасын таппай дағдарған әлемді бір кезде қазақтың Ұлы Даласы елең еткізді. Өзіміздің Қарқаралының қара жусанынан «Арглабин» дәрісі жасалды. Авторы – академик Серғазы Әдекенов!

Сол сәттен бері Сері-Ағаңның даңқы аспандап сала берді. Естеріңізде болар, осы «Арглабинді» жасаған және қолданысқа енгізіп, оң нәтиже алған бір топ қарағандылық ғалымдар мен дәрігерлер ҚР Мемлекеттік сыйлығын алғаны. Бүгінгі таңда 10-нан астам алыс-жақын шетелдерде патенттелген бұл препараттың тиімділігі сондай, қазірдің өзінде 3000-нан астам адам «Арглабиннің» сеп болуымен обыр дертінен құлан-таза айығыпты.

Айтқандай-ақ, қазақ даласының басты рәмізі саналатын қасиетті жусан – мысырды билеген Бейбарыс Сұлтанның сағынышы. Бабасының аяулы сағынышын халық игілігіне айналдырған академик Серғазы Әдекеновтің Чехия мемлекетінің пошта маркасында бейнеленуі кездейсоқтық емес.

Әлем біздің Әдекеновті бүгін ғана танып отырған жоқ. Академиктің ғылыми және қоғамдық қызметі туралы әлемдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында 295 жарияланым (телевизиялық хабарларды қосқанда) жарық көріпті. Сондай-ақ, Серғазы Мыңжасарұлы 2009 жылы «Шетелдерде неғұрлым көп жарияланған қазақстандық авторлар» аталымы бойынша Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының «Парасат» сыйлығын иеленді.

Не керек, Серғазы Әдекенов қазақты әлемге танытты. Әлем мойындады Әдекеновті! Оның айғағы – мына марка!

Ерсін МҰСАБЕК

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.