ЖаңалықтарСпорт

Бокс жүлделерінің басы – күміс

Қазақ боксшыларының алғашқысы Рио Олимпиадасының жүлдесіне қол жеткізді. Ақтық сында ресейлік Евгений ТИЩЕНКОМЕН кездескен Василий ЛЕВИТ күміс медальді қанағат тұтты.

91 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз «әділетсіздіктің құрбаны болды» деп дау айтуда әлем жұртшылығы. Сол күні күллі қазақ жұрты боксшымыздың тілеуін тілеп тақымын қысқан еді. Рионың қақ төрінен тамашаламасақ та, жекпе-жекті көгілдір экраннан тікелей эфирде көрдік.

Левит бірінші раундта қарсы­ласынан басым түсті. Екінші раундта «Тищенко мықты көрінді» деді төрешілер. Үшінші раундтың басында шаршы алаңдағы төреші кездесуді тоқтата тұруға мәжбүр болды. Левиттің ауыр соққысынан кейін Тищенкоға медициналық көмек көрсетілді.

Раунд жалғасқаннан кейін де Левит бірнеше соққысын дөп тигі­зіп, ресейлік боксшы есеңгіреп қалды. Алайда, жекпе-жек қоры­тындысында төрешілер біз күткен­дей Левиттің қолын көтермей, жеңісті таяқ жеп жүрген Тищенкоға ұстатып жіберді. Сөйтіп, Қазақстан қоржыны алтын емес, күміспен тола түсті.

Данияр Елеусіновке үмітпен қарап отырған жайымыз бар. Жартылай финалда француз Сүлеймен Сиссоконы үш раунд бойы тұқыртып ұстаған Данияр финалға жолдама алды. Өзі де жарақат алып қалған қазақ боксшысы финалда жеңілсе, күмістен алқа тағады. Бірақ, Қазақстан халқы Даниярдан алтын күтеді.

Даниярдың ақтық сындағы қар­­сыласы – өзбек Шахрам Гия­­­сов. Ол жартылай финалда ма­ро­к­колық Мұхаммед Рабияны айқын басымдылықпен жеңген еді. Даниярдың салмағындағы мықты­лардың бірі – осы.

81 келідегі Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда британдық Джошуа Буатсиді тізе бүктірді. Үш раунда та да төрешілер маңғыстаулық оғланның жеңісіне дауыс берді.

Финалда Әділбек әлемнің үш дүркін чемпионы кубалық Хулио Сесар Ла Круспен кездеседі. Жекпе-жек 19 тамызға жоспарланған. Астана уақыты бойынша сағат 00:30-да «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

91 келіден жоғары салмақтағы Иван Дычко жартылай финалға өтті. Ширек финалда нигериялық Эфе Аягбудан үш раундта да айласын асырған еді. Ендігі кезеңде британдық Джо Джойспен қолғап түйістіреді.

Джо Джойс – әлем және Еуропа чемпионаттарының қола жүлдегері. Шаршы алаңдағы тәжірибесі жет­кілікті. Десе де, әлемдік спорт сарапшылары Иванның жеңісіне бәс тігіп отыр.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button