Біздің күшіміз — бірлікте

Қазақ ежелден қонақжай әрі пейілі даласындай кең халық. Бір шаңырақтың астында түрлі этнос өкілдері бейбіт өмір кешуде. Біртұтастықты сақтауда үлкен роль атқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл – 25 жыл. Осыған орай, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Тағдырлар тарихы» тақырыбында облыстың этно-мәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесу өтті.

Шарада сөз алған «Суайчыннiкi» Беларусь этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нина Мисоченко, облыстық қоғамы «Видергебурт» неміс орталығының өкілі Надежда Фризен жиылған қауымға Ассамблея жанындағы этно-мәдени бірлестіктердің жұмысы жайында баяндап берді. Сонымен бірге, қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халықтардың өткен тарихына қатысты мағлұматтармен, естеліктермен бөлісті. Қиын-қыстау жылдары миллиондаған адамға көмек қолын созған қазақ отбасылары туралы ата-әжелерінен естіген әңгімелерін ортаға салды. Толқып, көздеріне жас алды.

«Қазақстан – ортақ үйіміз, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – ең басты байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – барша қазақстандықтардың борышы!» – деді олар.

Бір кездері темір вагондарда тағдыр кешіп келген түрлі этнос өкілдері бүгінде өніп-өсіп, бейбіт өмір сүруде.

 – Барлық балалары аштан өліп, жалғыз ұлы тірі қалған неміс келіншегіне де өз үйлерінен орын беріпті жергілікті қазақ отбасы. Сол бала өсіп, жоғары білімді азамат болып, елге пайдасын тигізіпті, – дейді Надежда Фризен.

Мазмұнды өткен кеште немісше, беларусьша әндер айтылып, өлеңдер оқылды. Шараға қатысушылар өздерін мазалап жүрген сұрақтарына да жауап алды. Егде жастағы бірлестік өкілдері танго билеп, жастарды таң қалдырды. Ұлттық киімдері мен тағамдарына да тоқталып, ерекшеліктері жайлы әңгімеледі.

Жұрт назарына ұсынылған «Елдің қуаты – халықтың бірлігінде» атты кітап көрмесі де қонақтардың көңіл-күйімен үндесіп тұрды.

Кітапхана басшысының орынбасары Гауһар Үмбедінова кешке қатысып, өз өнерлерін паш еткен этно-мәдени бірлестіктер өкілдеріне Алғыс хат тапсырып, естелік сыйлықтар табыстады. Олар да өз кезегінде кітап үйі қорына өз қаламдарынан туған жыр жинағын сыйлады.

– Жас ұрпақты отансүйгіштікке, Қазақстанда тұратын этностардың салтдәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін қолдау мақсатында ұйымдастырылған кеш өз деңгейінде өтті. Келген қонақтар да, оқырмандар да риза. Алда бұдан да ауқымды шаралар жоспарлап отырмыз, – дейді кітапхананың өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы Сандуғаш Телпекбаева.

Жәлел ШАЛҚАР