Жаңалықтар

Білім беру жүйесіндегі жаңа реформалар – заман талабы

Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және «5 институционалдық реформа» бағдарламалық құжаттарында, “Мәңгілік Ел” идеясында білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту бойынша міндеттерді келтіруге, халықаралық стандарттарға сәйкес, нақты міндеттерді қойды. Бүгінгі әлемнің тез өзгеретіні соншалық, заманауи білім беру өзгерістерді соңынан емес, керісінше, алдын ала болжауы тиіс. Осыған байланысты отандық білім беру жүйесі қайта құруды, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді және заман талабына лайықты азаматтарды даярлауды қажет етеді.

Білім:

бүгіні мен ертеңі

Соңғы жылдары Қарағанды облысы білім беру жүйесінде біршама пилоттық жобаларды жүзеге асыруда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтсақ, жалпы орта білім беру саласында облыста электрондық мектеп, білім беру робототехникасы, үштілділік және инклюзивті білім беру сияқты инновациялық жобалар бойынша республикалық тәжірибелік алаңға айналып отыр.

Бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Қарағанды облысы республикада үшінші орында тұр.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада және ғылыми жобалар, конкурстар қорытындылары бойынша Қарағанды облысының командасы биыл да республикада үздік деп танылды. Біздің оқушыларымыздың халықаралық олимпиадалардағы медальдарының саны да көбейді. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша біздің облыс республика бойынша алдыңғы қатарға енді, орташа нәтиже республикалық көрсеткіштен жоғары.

Біздің түлектеріміз ММУ, Дьюк (АҚШ), голландиялық Fontys university of Applied Scinces, Қытайдың Hangzhou Dianzi University университеттері сияқты беделді жоғары оқу орындарына түседі.

Мұның баршасы педагог жұмысының жемістілігі, талпынысы жоғары оқушылардың, ата-аналардың қолдауы, ақпараттық технологияларды оқу үрдісіне енгізу, кадрларды даярлау, оқу әдістерін өзгерту есебінен болып тұр.

Компьютерлік техникамен жабдықтауға келсек, бүгінгі күні облыс мектептеріндегі есептегіш машиналар паркі – 31 мыңнан астам бірлікті құрайды. Бұл ескірген компьютерлік техниканың санын 11,5%-дан -10%-ға дейін, бір компьютерге келетін оқушылар санын 6-дан 5,4-ке дейін азайтуға мүмкіндік берді.

Мектептерді жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықтау 58%-дан – 60%-ға дейін өсті. Мектептердің 82%-ы кең жолақты интернетке қосылған.

Бұқар жырау және Жаңаарқа аудандарында жаңа мектептер, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді.

Облысымызда екі апатты мектеп бар. Осы жылдың маусым айында Абай ауданының Құрма ауылында 320 орындық мектептің құрылысы аяқталды. 2016 жылдың қазан айында Ұлытау ауданының Бетбұлақ ауылында салынып жатқан 80 орынды мектеп қолданысқа енгізіледі.

«Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша үш ауысымдық оқытуды жою мақсатында Сәтбаев қаласында 600 орынды және Қарағанды қаласында 1200 орынды мектептерді салу құрылысы аяқталуда. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін осы объектілер аяқталады.

Жыл сайын жаңа мемлекеттік балабақшалар мен шағын орталықтар ашу, сондай-ақ, МЖС аясында жұмыстарды белсенді ету есебінен мектепке дейінгі ұйымдардағы орын жетіспеушілігі қысқаруда. Үстіміздегі жылы Бұқар жырау ауданында, Қарағанды және Балқаш қалаларында 3 жаңа балабақша ашылды. Жылдың соңына дейін Жезқазған қаласында балабақша ашылады. Келесі жылы Қарағанды және Абай қалаларында балабақшалар құрылысы басталады.

Жекеменшік балабақшалардың да үлесі көбеюде. Қазіргі таңда облыста 25 жекеменшік балабақша мен шағын орталықтар жұмыс істейді. Жылдың соңына дейін Қарағанды және Теміртау қалаларында тағы үшеуін ашу жоспарлануда. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 4 мыңдай орын құрылған.

Облыста «Сырттай балабақша» әлеуметтік-педагогикалық жобасы табысты жүзеге асырылуда.

Жобаның мақсаты – ересектерге өз баласын түсінуіне, оны тәрбиелеу құралдары мен әдістерін дұрыс таңдауына көмектесуді көздейді. Бұл жобаның тиімділігі мен сұраныстылығы айқын. Жобаны жүзеге асыруда ата-аналарға кеңес беру мен теориялық білімге баса көңіл бөлінсе, ата-аналар үшін практикалық дағдыларды қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Былтырғы оқу жылында жобаға 11 балабақша қатысса, биылғы жобаға облыстың барлық балабақшасы қатысады.

Облыста мұғалімдер мен ата-аналарға ыңғайлы болу үшін 10 мектептің базасында сынамадан табысты өткен «Электрондық сынып журналы» жобасы жасалып, енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап электрондық сынып журналы жобасына Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, және Шахтинск қалаларының барлық мектептері көшеді. Жобаның мақсаты – қағаз тасымалдаушыларынан бас тарту және бағалау әдісін жеңілдету және ата-аналармен кері байланысты орнату. Бұл ретте ата-аналар Android және iOS ұялы телефондарына жүктеу арқылы «EduMark» мобильдік қосымшасы арқылы баланың оқу-үлгерімі мен сабаққа қатысуы жайлы ақпарат ала алады. Мұғалімдермен бірге проблемалық мәселелерді талқылайды. Мобильдік қосымшалардың көмегімен ата-аналар өз балаларының оқу үлгерімі мен сапасын біле алады.

Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші кезеңдегі қорытындылары бойынша Қарағанды облысы республикада үшінші орын алады. Ал, биылғы жылы Қарағанды облысы бірнеше бағыт бойынша республикалық тірек алаңы болып бекітілді. Олардың қатарында электрондық мектеп, білім беретін робототехника, үштілді және инклюзивті білім беру қамтылған.

Жақсы нәтижелерге қарамастан, қазіргі білім беру жүйесі жаңғыртуды қажет етеді. Еліміздегі бүгінгі бала, ертеңгі маман ХХІ ғасыр жағдайында табысты және бәсекеге қабілетті болу үшін, ол еңбек нарығында талап етілуге тиіс. Қазіргі білім беру жүйесі түлекке тек күнделікті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Неғұрлым күрделі мәселелерді шешу үшін классикалық білімнен өзге, балаларда сыни ойлау, шығармашылық ойлау, қарым-қатынас жасай білу, командада жұмыс істей білу дағдыларын дамыту қажет. Балалардың бойында әуестікті, бастамашылдықты, табандылықты, көшбасшылық қасиеттерді, әлеуметтік және мәдени байлықты жетілдіру керек. Осының бәрі классикалық білімдермен қоса, бес күндік оқу аптасына көшу, үштілділік пен он екі жылдық білім беру арқылы мектептегі білім берудің жаңартылған білім мазмұнына кіргізілген.

Бес күндік оқу аптасы

туралы бірер сөз

Жаңартылған білім мазмұнын енгізумен қатар, кезең-кезеңмен бес күндік оқу аптасына көшу жүзеге асырылатын болады. Оқушыларға және мұғалімдерге қосымша 34 демалыс күні берілетін болады.

Биылғы оқу жылында бес күндік оқу аптасымен бірінші сынып оқушылары оқитын болады. Келесі жылы – 1, 2, 5, 7 сыныптардың оқушылары, ал, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8, 10 сыныптар және 2019 жылдан бастап барлық сыныптар бескүндікке көшеді.

Бірінші сыныптар оқу жылын 2017 жылдың 30 мамырына дейін аяқтайтынын атап өткен жөн. Бес күндік оқу аптасына көшу барысында барлық бастауыш мектептер оқу жылын осы мерзімге қарай, негізгі және орта мектеп оқушылары 10 маусымға қарай аяқтайды деп күтілуде.

Он екі жылдық

білім беруге мектепалды

даярлық енгізілген

Қазақстанда он екі жылдық білім беруге көшу туралы көптен бері айтылып келеді, дегенмен, оны енгізудің нақты мерзімі кейінге қалдырылып келді. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшумен бірге 12 жылдық та енгізіледі. Шын мәнінде, енгізілу реті – өте қарапайым. 5 және 6 жастағы балалар үшін нөлдік сынып қосылады немесе оны мектепалды даярлық деп атайды. 12 жылдық білім беру схемасы (сызбасы) 0 сынып – 11 сынып принципі бойынша кіргізіледі.

12 жылдық білім берудің бұл схемасын тек 2019 жылдың қыркүйегінен бастап енгізу жоспарланып отыр. Ата-аналардың баланы мектепалды даярлыққа 5 жастан немесе 6 жастан бере алатындай таңдау құқы бар. Тиісінше, 1 сыныпта баланың даярлығына және ата-ананың тілегіне қарай 6 жастағылар да, 7 жастағы балалар да оқи алатын болады.

Бүгінде ҚР «Білім туралы» Заңында бұл норма қарастырылған. Барлық балалар мектепалды даярлық бағдарламасынан өтуге тиіс.

12 жылдық білім берудің мәнісі 0 сынып (мектепалды) үшін бірыңғай типтік білім беру бағдарламасының енгізілуі болып табылады. 0 сыныптан өту мүмкіндігі мектепке дейінгі ұйымдарда да, жағдайы бар мектептерде де жасалады.

Үштілділікті енгізу

кезең-кезеңмен жүзеге

асырылады

Жаңа оқу жылында НЗМ тәжірибесін ескере отырып, жаңартылған білім беру мазмұнына 1 сынып оқушылары көшіріледі. Басқа сыныптарды көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылып 2019 жылы аяқталады. Осы үшін бір жарым мыңдай бастауыш сынып мұғалімдері НЗМ арнайы жасалған бағдарламалары бойынша білім көтеру курстарынан өтті.

Айта кететін жайт, облыстың 27 мектебінде Елбасының тапсырмасымен НЗМ тәжірибесі таратылуда. Бұл мектептердің 104 педагогі НЗМ тренерлері өткізген оқытулардан өтті. Педагогтер каскадтық әдіспен облыстың тағы 371 мектебінде тәжірибе таратуды іске асыратын болады. Бұл олардың жалпы санының 70%-ын құрайды. Жаңа оқу жылында тәжірибе тарататын мектептер саны тағы 23-ке көбейтіліп, олардың педагогтері оқытылып, 2017-2018 оқу жылынан бастап облыстың барлық мектептерінде НЗМ тәжірибесін тарату жүзеге асырылатын болады.

Елбасының тапсырмасымен 2020 жылға қарай ЖОО-лардағы барлық техникалық және медициналық мамандықтар ағылшын тілінде оқытуға көшеді. Сондықтан, мектептер дайын болуға тиіс.

2019 жылдан бастап, 10 және 11 сыныптарда техникалық және медициналық мамандықтар ағылшын тілінде (Назарбаев Университет, KIMEP, КБТУ принципі бойынша) жүргізілетін қазақстандық ЖОО-ларға түсуге дайындық басталады. 2019 жылдан төрт пәнді – биология, химия, физика, информатиканы тек жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға көшу басталады. Төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуды енгізу кезең-кезеңімен – мұғалімдердің және оқушылардың дайындығына қарай жүзеге асырылатын болады. 1 сыныптан 9 сыныпқа дейінгі оқыту жүйесі өзгермейді.

Биылғы оқу жылында тілдік реформадағы өзгеріс – тек бірінші сыныптарда ағылшын тілі бұрынғыдай аптасына 1 сағат емес, 2 сағат оқытылатын болады.

Жаңа оқу жылынан бастап 1,4 және 8 сынып оқушылары ағылшын тілінің шетел баспаларынан шыққан деңгейлік оқулықтарымен оқитын болады. Бұл оқулықтармен әлемде 1,5 миллиард бала ағылшын тілін меңгереді. Жаңа әдістеме бойынша оқулық дайын және ағылшын тілі мұғалімдері даярлықтан өтті.

2017 жылы аталған әдістемені 2, 5, 7 сыныптарға да енгізу жоспарлануда. Тиісінше, ағылшын тілі мұғалімдері біліктілік арттыру курстарынан өтеді.

Орыс тілінде оқытатын мектептерде 2017 жылға қарай «Қазақ тілі» пәні бойынша деңгейлік оқулықтар пайдаланылатын болады. Тұжырымдамалық негіз ретінде Еуропа елдерінде қолданылатын деңгейлік тіл үйрену жүйесі алынды. Бұл жүйе пәнді тиімді меңгертуге және оқушылардың мемлекеттік тілді білуін дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Үштілді оқытуды енгізудегі ең басты мақсат – жаңа деңгейлік оқулықтарды енгізу, жаңа әдістемелерді пайдалану, «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» пәндерін қазақ тілінде оқыту арқылы мемлекеттік тілді дамыту болып табылады.

Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен озық ғалымдар мен сарапшылар орыс тілді балаларға қазақ тілін жедел оқыту үшін жаңа әдістеме мен жаңа оқулықтар жасап жатыр. Бұл «коммуникативтік» деп аталатын әдістеме қазіргі қолданыстағы грамматикалық-аудармалық оқыту әдісін алмастырады. Қорытындысында жаңа әдістеме арқылы балалар қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза алатын болады.

Сандық білім беру

қызметтеріне қол жеткізу артады

Мектептегі білім беру туралы айтқанда, облыс мектептерінің 46%-ы шағын жинақтық санатына жататынын ескерткен жөн. Бұл дәстүрлі түрде қалыптасқан сәйкессіздік ауыл мектептерінің білім беру сапасының деңгейімен және қызметінің тиімділігімен байланысты туындайтын проблемалардың бастауы болып табылады.

Осы проблемаларды шешу үшін соңғы жылдары облыста көп жұмыс жасалуда. Биылғы ҰБТ қорытындылары бойынша қала мен ауыл көрсеткіштері арасындағы алшақтық 2 баллға төмендеді. 123 балл алған үш түлектің екеуі ауылдық – Ұлытау және Бұқар жырау аудандарынан. Облыстық олимпиадаға қатысқан ауыл мектептері оқушыларының саны 20%-ға, облыстық кезеңге ғылыми жобаларын ұсынған оқушылар саны 15%-ға көбейді.

Біз қалалар мен шағын жинақтық мектеп оқушыларының оқыту мен дайындау сапасын теңестіру міндетін қойып отырмыз. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша шалғайдағы 73 ауылдық елді мекендегі мектептерді жылдамдығы 10 Мбиттен кем емес интернетпен қамтуды жоспарлап отырмыз.

«Bilimland» жобасы аясында келесі оқу жылына дейін барлық Назарбаев Зияткерлік мектептері пайдаланатын сандық білім беру ресурстарына қол жеткізумен облыстың 200 мектебі қамтылатын болады. Оның ішінде 90-нан астамы – шағын жинақталған мектептер. Бұл жобаның ерекшелігі – қазақ тілді ресурстар мен оқытушыларды әдістемелік қолдауға басымдық берілуі.

Облыстағы Интернет жылдамдығы төмен 47 ауыл мектебінде «bilimbox» сандық білім беру ресурстары орнатылмақ. Бұл онлайн тұғырнама бір уақытта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді болатын ең заманауи білім беру контентінің аса ірі топтамаларын ұсынады.

Облыс колледждерінде

және мектептерінде

«Болашақтың инженерлері» жобасы іске қосылады

Елбасы еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Бұл білім беру жүйесінде инженерлік бейіндегі құзыретті мамандарды даярлауды өзгертуді талап етеді. Осыған байланысты облыс мектептерінде білім беретін робототехника барған сайын өзекті болып отыр. Биыл біздің облыс осы перспективалық бағытты енгізуде республикалық тірек алаңына айналды. Қазіргі таңда робототехника зертханалары 35 мектепте жұмыс істейді. Облыстың барлық метептерінде оқу жоспарының вариативтік бөлігіне робототехника курсы енгізілген.

Одан әрі дамыту үшін жаңа оқу жылынан бастап 70 мектепте «Білім беретін робототехника және IT бағдарламалау» жобасы, сондай-ақ, мектепге дейінгі мекемелер мен колледждер үшін жабдықтар алу жоспарланып отыр.

Осы жылы облыстың 60 мектебі мен колледжінде «Synergy» ғылыми-білім беру қорымен бірлесіп тағы бір жаңа жоба – «Болашақ инженерлері» жобасы жүзеге асырыла бастайды. Оның мақсаты – «мектеп-ЖОО-кәсіпорын» инженерлік мамандықтарға үзбей оқыту жүйесін құру. Бұл оқушыларды өнімді шығаруды құрастыру және модельдеуден, инженерлік есептеулерді жүргізуден бастап, жасалған модельдің жобалық қызметімен аяқталатын барлық циклын қалыптастыруға үйретеді.

Бұл жобаға 3ds Max бағдарламасынын жұмысы да кіреді. Бағдарламалық қамтамассыз ету 3 D-анимацияны, көзбен шолуды және модельдеуді кәсіби деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Оқушылар роботтардың бөлшектерін өздігімен даярлауға және роботтардың өздерін жинақтауды іске асыруға мүмкіндік алады.

Техникалық және

кәсіби білім берудегі

жаңартылған білім

мазмұны

Жаңа оқу жылынан бастап Қарағанды және Теміртау политехникалық колледждерінде шет тілдер кафедрасы ашылатын болады және алғаш рет студенттерді көп тілді топтарды оқыту басталады. Болашақты бағдарлай отырып, осы жылдан бастап барлық колледждерде, мамандығына қарамастан, IT-технологияларды тереңдетіп оқыту енгізіледі.

Үстіміздегі жылы облыстың үздік колледждерінің базасында неғұрлым жоғары сұраныстағы бағыттар бойынша республикалық деңгейдегі 3 және 8 облыстық деңгейдегі оқу орталығы құрылды. Бұл еңбек нарығында жұмысшы кадрларына деген қажеттілікті азайтуға, колледждердің инженерлік-педагогикалық құрамының біліктілігін арттыруға, өндірістегі кадрларды даярлау мен қайта даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп қана қоймайды, сондай-ақ, студенттерге жоғары технологиялық жабдықтарда өндірістік оқытудан өту мүмкіндігін берді, ал, кейбір колледждердің базасында – өнім өндіруді ұйымдастыруға жағдай жасайды.

Қазіргі заманғы колледждер тек жалдамалы жұмыскер ретінде жұмыс істейтін ғана емес, сонымен бірге, жеке кәсіпкерлік қызметін бастай алатын мамандарды даярлауы керек. Осыған байланысты биылдан бастап, барлық колледждерде «Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту» факультативтік курсы енгізілмекші.

Студенттердің инновациялық ғылыми жобаларын енгізуге және дамытуға бағытталған конструкторлық бюросының дамуы келесі жылдың тренді болады. СКБ студенттердің кәсіби тұрғыда өзін-өзі жетілдіруіне арналған «мәрелік алаңы» болмақ.

Экономикалық білім беруді одан әрі дамыту мақсатында осы жылдан бастап, облыстың барлық мектептері мен колледждерінде «Экономика барлық үшін» жобасы енгізіледі. Оны жүзеге асыруға ДАМУ қоры өкілдерінің, Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының және кәсіпкерлер қауымдастығының қатысуы жоспарлануда.

Білім беру мазмұнын жаңарту – ата-аналар мен педагогикалық қауымдастықтан жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды, жауапкершілікті, ұтқырлықты, тұтастықты, өзара қолдау мен түсіністікті талап ететін зор міндет және ауыр сынақ.

Осы және өзге де мәселелер 26 тамызда Қарағанды облысы әкімінің төрағалық етуімен өтетін дәстүрлі алаң – педагогикалық тамыз кеңесінде қарастырылатын болады. Аталған конференцияда Мемлекет басшысының тапсырмасы – «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен «5 институционалдық реформа» және «Мәңгілік Ел» идеясы тапсырмаларын орындау туралы міндеттемелер қойылады.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,

Қарағанды облысы білім

басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button