Қарағанды

Билік пен бұқара – бетпе-бет

Қаңтар туысымен ірілі-ұсақты әкімдер ат үстінде. Ел алдында есеп беріп жүр. Былтырғы жылда жеткен жетістіктерін баяндап, алдағы жылдың жоба-жоспарларын жұртшылыққа жария етуде. Әкімдердің есеп беруінің бірден-бір ұтымды тұсы – әлеуметтің билікпен бетпе-бет кездесуінде. Жоғарыға жетпей жатқан үні болса, сол күні жеткізуге ұмтылады жұртшылық. Бұл күнгі әкімге қойылатын сұрақтарға шектеу жоқ. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің Қазыбек би ауданы тұрғындарына берген есебінен аңғарғанымыз – осы. Қала әкімінің есебіне аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК қатысты.

Жаңа емхана, мектеп ашылады

 Әуелі әкім әдеттегідей өткен жылдың қорытындысына тоқталды. Қандай жұмыстар атқарылып, нендей шаруалардың басы қайырылғандығын тізіп берді. Одан соң осы жылғы жоспардағы жұмыстар жөнінде баяндады.

– Бүгінгі таңда қала экономикасында өндірістік сектор айтарлықтай үлеске ие. 1400-ден астам кәсіпорын бар. Онда жұмыс істейтіндер саны 27 мың адам. Өткен жылы 386 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, бұл 2018 жылдың деңгейіне қарағанда 5%-ға жоғары, – деді Нұрлан Әубәкіров. Қала әкімі шағын және орта бизнесті ерекше атап өтті. Жария етілген мәліметтер бойынша облыс орталығының экономикасында шағын және орта бизнес үлесі 51%-дан асып жығылады екен.

Ал, биылғы жылы Қарағанды қаласының 30 шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектеп ашылады. 11 А шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысы басталып, оқушылар сарайын іске қосу жоспарлануда. Бюджеттен 18 мектеп пен балабақша жөндеуге қаржы бөлінді.

Медициналық қызметтерді қамтамасыз ету үшін «қадамдық қолжетімділікте» «Степной-2» шағын ауданында, Карбышев көшесі мен Құрылысшылар даңғылында емханалар жұмысын бастайды.

Аулалар абаттандырылады

– Өздеріңіз білетіндей, үшінші жыл қатарынан абаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда 200 аула абаттандырылды. Оның ішінде 100 аула Қазыбек би атындағы ауданда, оның 36-сы жаңа қалада, 25-і Михайловкада, 39-сы Оңтүстік-Шығыс пен Федоровка ауданында. Биыл қалада 122 аула аумағы абаттандырылады. Аула арасындағы жолдарды жөндеу жалғасады. Сонымен қатар, 2018 жылы абаттандырылған 100 ауланы спорттық және балалар алаңдарымен жабдықтау жоспарлануда, – деді Нұрлан Әубәкіров.

100 Жаңа лифт

Сондай-ақ, көп қабатты үйлердегі лифт мәселесі шешілуде. Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылдың соңында ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша лифт шаруашылығын қалпына келтіру бойынша ауқымды жоба іске қосылды.

Қарағандыда 170 жарамсыз лифт бар. Алтауы жөнделді, тағы 27-де монтаж жұмыстары жүргізілуде. Биыл 100 лифт орнату көзделуде.

Әр ардагерге – 1 миллион теңге

Бірқатар өтініштер Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге қатысты болды. Бірде-бір ардагер назардан тыс қалмайды. 9 мамырға қарай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері миллион теңгеден алатынын айтты қала әкімі.

Сұрақтар сан алуан

Әкімге қойылған сауалдар түрлі саланы қамтыды. Мемлекеттік тілдің Қарағандыдағы мәртебесіне алаңдаған тұрғын да болды. Ана тілін үйрену үшін әкімнің қандай қарекет қылатынын да сұрады. Бірақ, бұған нақты жауап болмады. Сонымен қатар, аулалардағы бұрынғы газбен қамту жүйелерінің ашық-шашық жатқаны да айтылды. Алдағы уақытта әкім бұларды бір ретке келтіру үшін арнайы бағдарлама бар екенін жеткізді. Тұрғын тарапынан Октябрь ауданын Жошы хан атау да ұсынылды.

Қаладағы саябақтардың қараусыз қалып, ақыр соңында қирап қалатыны да тұрғындардың жанына батады. Қайсыбір байырғы тұрғындар, өзге ұлт өкілдері облыс орталығында көшелердің атауы өзгергеніне наразы. Қала әкімі қалқадірінше жауап беруге ұмтылды. Есеп соңында тұрғындарды жеке қабылдады.

Басқа материалдар

Back to top button