Бетперде тігуді қолға алды

Балқаш қаласындағы білім мекемелерінің қызметкерлері мен белсенді жастар бетперде тігуге кірісті. Қайырымды істі белсене қолға алған жандардың қолынан шыққан бетперделер барлық санитарлық талаптарға сай тігіліп, термоөңдеуден де өткізіледі.

Қала мектептерінің мұғалімдері облыстық қордан бөлінген 10 мың метр дәкеден 35 мыңға жуық бетперде тікті. Бұл өнімдер қала емханаларында тіркелген 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, қарттарға таратылады.

Тігін ісіне машықтанған №17 мектеп-гимназияның мұғалімі Бану Ерболатқызы коронавирус індетінің алдын алу үшін акцияға атсалысуды өзінің азаматтық парызы санайды.

– Жұқпалы індеттің зардабы ауыр екенін біліп отырмыз.

Сондықтан, дерттен қорғануға сеп болар бетперде тігу жобасы туралы естіп, шет қалуды жөн көрмедім. Тігіп жатқанымыз – көпқабатты, бірнеше мәрте қолданылатын бетперде. Оны жуып, үтіктеп, қолдана беруге болады, – дейді мұғалім.

Бұл бетперделерді сатып алуға да болады. Ал, одан түскен қаржы қайырымдылық шарасына жұмсалмақ.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.