Қарағанды

Базармен «базары» тарқаған Қарағанды радиосы

Атыраудың облыстық радиосы бар. Алматы мен Нұр-Сұлтанда екібастан. Басқа да көптеген аймақтардың мемлекеттік радиостанциялары облыс орталығынан хабар таратып жатыр. Ал, аумағы бойынша ең үлкен Қарағанды облысында радио жоқ. Болған, жабылып қалғалы біраз болды. Дүниенің бәрі рухани жаңғырғанда, облыстық радиостанцияны неге қайта тірілтпеске?.. Әне-міне мегаполис болғалы отырған Қарағандыға радио ауадай қажет…

Біз өзімізге ақын Тұрсын Жұмашты пір тұттық. Оның замандасы Базар Мамыр деген керемет ақын өткенін, оның Қарағанды радиосында жемісті еңбек еткені жайлы жазушы Серік Сағынтайдан естідік. Іздеп жүріп, Базар Мамырдың жырларын оқыдық. Таң қалып, таңдай қақтық. Содан бастап, бұл ең қызықты тақырыптың бірі ретінде санамыздың түкпірінде сақталған-тын. Біз әлі күнге радио десе, Базар Мамырды, ал Базар Мамыр десе, радионы елестетеміз.

Жалпы, «баспасөз-телеарна-радио» үшеуі – ақпарат пен руханият әлемінің киелі үштағаны деп бағамдаймыз. Ал, Қарағандының рухани кеңістігінің үшінші тағанын тіктеп, қалпына келтіру қажет. Бұл мәселеге бізге дейін де сан мәрте қалам тербелді. Алайда, әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Елең еткен жан баласы табылмай тұр. Облыстық радиостанция қайта қалпына келсе, сусаған жұрттың шөлін басатын татымды дүниелер артығымен табылары сөзсіз…

«Жалпы радио елге керек пе?» – деген сауалды көпшілікке жолдап көрдік. «Керек» дейтіндердің басым бөлігі – орта жастағылар. Жастардың арасында да «қажет» деп санайтындары бар.

– Қарағанды облысының аумағы – Германия мемлекетінен де үлкен. Осындай алып аймаққа өз радиостанциясы керек-ақ. Өйткені, газет-журнал мен телеарна бәрін қамти алмайды. Қарағандыда Хамза Ахметов деген керемет радиожурналист болды. Ол тыңдарманға үнемі сапалы дүниелер ұсынатын. Ақын Базар Мамыр жүргізген «Зерде» сияқты тереңнен толғайтын хабарлар шықса ғой, шіркін! Аймақтың өңірлерін аралап, түрлі танымдық хабарлар таратылса, неге қуанбасқа?.. Әсіресе, көлікте тыңдаған ғажап! Барар жеріңе жеткенше, жандүниең тербеліп барасың, – дейді ішкі істер саласының ардагері Сәлижан Садықов.

Облыста жеке-меншік радиолар жеткілікті. Алайда, олардың кейбірі телеарнамен біріктірілген. Жарнамалық бағытты ұстанатындары да бар. Көбісі – өзге тілде. Ал, өрелі тыңдарманға керегі – сапалы, сараптамалық-танымдық дүниелер.

Тіліміз бен тарихымыз, дініміз бен дәстүрімізді насихаттап, елдің санасына сәуле шашып, рухани жаңғыруына негіз болары анық.

Мәселен, «Жаңа FM» теле-радиосында «Сәтті күн» және «Жүректен – жүрекке» атты құттықтау-сазды бағдарламалары бар. Жүргізушісі Саян Жарылғап та, «Қарағанды радиосы» «керек» деп есептейді.

«Біздікі теле-радио болғандықтан, тікелей эфирді республика жұртшылығы көре алады. Ал, радио облыс аумағына ғана тарайды. Негізінен, радионың көп артықшылығы бар. Теледидар қарау мен газет оқуға елде уақыт жоқ. Телеарналар ықшам форматқа көшкенімен, радионың орнын баса алмайды. Себебі, қара жұмыс істейтіндер мен әлеуметтік желіні түсінбейтін жұрт бар. Оларға радионы қосып қойып, алаңдамай жұмыс істеген ыңғайлы» деді ол.

Иә, бұл сөздің жаны бар. Менің бір таныстарым алып азық-түлік қоймасында жұмыс істейді. Көп уақыты сонда өтеді. Олардың пікірінше, әлеуметтік-қоғамдық ақпараттарды жылдам таратуда радионың жөні бөлек. «Мысалы, біз жұмыста жүріп, қазіргі қатерлі індет жайлы маңызды ақпараттарды дер кезінде ести алмаймыз. Тонналап жүк түсіріп жүретіндіктен, телефонға үңіліп отыра алмаймыз. Ал, радионы, қосып қойып, маңызды ақпараттарды алаңсыз тыңдай жүріп, жұмыс істер едік» – дейді олар.

Мәселеге біржақты қарауға болмайды. Радиостанцияны «қажетсіз» дейтін елдің пікіріне де құлақ түрдік.

– Қазір авторадиолардың айы оңынан туып тұр. Өйткені, жүргізушілер тек соларды тыңдайды. Облыстық радио ашылса, аудитория жинап танымал болуы екіталай сияқты. Оған көп қаржы керек. Егер, облысқа радио қажет болса, онда, жекеменшік радиоларға басымдық берсін, қарассын. Мәртебесін «мемлекеттік» етсін. Бірақ, өзге тілде хабар тарататындарының мемлекеттік тілге деген жауапкершілігін арттыру керек. Сонда, олар да қазақша хабар таратып, жаңаша дамуға, халықтың көңіл көкжиегін кеңейтуге үлес қосуы мүмкін, – дейді журналист Ерболат Ерболұлы.

Байқасақ, түрлі көзқарас бар. Жастар мен үлкен буынның, мамандардың пікіріне назар аудардық. Көбісі «қажет» десе, кейбірі «керек емес» дейді. Әркімнің өз пікірі өзінде, әрине. Қалай болғанда да, «керек» деп есептейтіндердің қарасы – қалың.

Біз де өз пікірімізде қалдық. Қазақия даласының қақ ортасындағы алып аймақта «Қарағанды радиостанциясын» қайта жаңғырту керек-ақ. Заманға лайық дамысақ та, радионың жөні бөлек.

Сөз басында айтқанымыздай, «баспасөз-телеарна-радио» үштағанының үшіншісін тіктеу керек.

Қазақыланғымыз келсе, рухани жаңғыруды қаласақ, алдымен осындай қалың бұқараның санасына сәуле құя алатын қарашаңырақты қайта қалпына келтіруге тиіспіз.

Әр шаңырақта «Әуе толқынында – Қарағанды радиосы» деп сөйлеп тұрар күн қашан туар екен?..

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button