Абай

Бауыржан АСАНОВ: “Ауданның әлеуеті де, мүмкіндігі де – зор”

Облыстың әр аудан, әр қаласы «Орталықтың» назарынан тыс қалып көрген емес. Әр өңірдің жетістік-жаңалығы, өзекті проблема, кезекті жобасы – біздің жіті назарымызда. Жақында облыс орталығымен қоңсы қонған Абай ауданына сапарлап қайтқан едік. Аудан дамуында толайым табыс, толағай жетістіктер барына көз жеткіздік.

 Бүгінгі таңда «Қарағанды аграрлы өңірге айнала ма?» деген өткір сауал күн тәртібіне көтерілген. Иә, Қарағандының еліміздің шикізат базасы ғана емес, аграрлы өңір болуға да мүмкіндігі – зор. Осы тұрғыдан алғанда, төскейде малы мыңғырып, төсіне сіңірген бір түйір дән бір қауым елдің азығына айналған Абай ауданы Қарағандының қамбасын майлап, сөресін толтырары анық. Ендеше, өңірдің бүгінгі ахуалы мен ертеңгі мүмкіндігі жайлы аудан басшысы Бауыржан Қоңырбайұлы әңгімелейді.

Бауыржан Қоңырбайұлы, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінде өңірдің георгафиялық орналасу мүмкіндігі толық ескеріліп отыр ма? Мәселен, облыс орталығына жақындығы, «тоғыз жолдың торабы» дегендей артықшылықтар…

Абай ауданы – Қарағанды облысының ірі аудандарының бірі. Ауданның жер көлемі облыс аумағының 1,5%-ын немесе 6,7 мың шаршы шақырымды құрайды. 59 мың халықтың (облыс халқының 4%-ы) құтты қоныс, тұрақты мекеніне айналған ауданның әлеуеті де, мүмкіндігі де – зор.

Абай ауданының қолайлы экономикалық-географиялық орналасуы әрине, оның даму қарқынына оң ықпалын тигізіп келеді. Бұл дегеніміз – сөз жоқ, біздің мүмкіндігіміз бен жетістігімізді еселеп отырған басты фактор. Өзіңіз айтқандай, аудан тоғыз жолдың торабына орналасқан. Мәселен, аудан аумағынан «Қарағанды-Шу» теміржол желісі, «Астана-Қарағанды-Алматы», «Қарағанды-Жаңаарқа-Жезқазған» бағытындағы автомобиль жолдары өтеді.

Оның сыртында, аудан экономикасына серпін беріп отырған кен орындары бар. Оңтүстік Топар флюстік әктас, құрылыс тасы, Қарабас құрылыс тасы, құм, қиыршық тас кен орындары орналасқан. Бұдан басқа, ауданда Қарағанды көмір бассейнінің бірнеше көмір шахталары орналасқан. Ол өңірді энергетикалық және кокс көмірімен қамтамасыз етеді.

Ауданның экономикасы өнеркәсіптік және аграрлық бағытта дамып келеді. Экономика секторындағы негізгі үлесті өнеркәсіп – 60%, ауыл шаруашылығы – 28% құрайды.

Бұл сұрағыңызға берілер жауабымызды түйіндей айтсақ, ауданның қолайлы қоныстану, орайлы орналасуы нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін – 432 %-ға дейін ұлғайту арқылы жалпы ішкі өнім көлемін 135 млрд. теңгеге дейін арттыру мүмкіндігіне қол жеткіздік.

 – Жақында ауданға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сапарлап қайтты. Қандай міндеттер мен тапсырмалар жүктеді?

– Облыс әкімінің ең басты тапсырмасы – аудан экономикасындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы халықтың әлауқатын арттыру. Иә, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша көңіл аударып, қатаң бақылауға алып отырған мәселесі. Біз де осы бағыттағы жұмыстарымызға қарқын беріп, жүйелілік мәселесін негізгі бағдар етіп алдық.

Негізгі тауар түрлеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және бақылауды қамтамасыз ету мақсатында ауданда инфляциялық үдерістерді тежеу бойынша штаб және 4 жұмыс тобы жұмыс істейді. Апта сайын әлеуметтік маңызы бар азықтүлік өнімдері, азық-түлік емес тауарлар, қызметтер бойынша баға деңгейіне мониторинг жүргізіледі. Сауда нүктелері, ауданның наубайханалары және базарларымен ең төменгі үстеме бағаны жүзеге асыру туралы (10% -дан артық емес) және базарлардың жалдау құнын көтермеу туралы 345 меморандум жасалды.

Ауданда азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында Абай қаласының коммуналдық павильонында базар бағасынан 15-20% төмен бағамен ауыл шаруашылық және бакалея өнімдері сатылады. Павильонда тауар өндірушілерге өз өнімдерін делдалсыз сату үшін, атап айтқанда, шұжық өнімдерін өндіруші «Волынка» ЖШС-не Абай қаласынан және Дубовка аулынан, «Арыстан» ШҚ-на Қарағанды қаласынан жұмыртқа, құс еті өнімдерін өндіруші «Құрма Агрофирмасы» ЖШС-не, сондай-ақ 15 түрлі бакалея өнімдерін өндіруші «Подвысоцкий» ЖКне 29 сауда орны ұсынылды.

Ауданның 95 сауда нысандарында «Қазақстанда жасалған» белгісімен өндірілген отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сату үшін әлеуметтік қатарлар (сөрелер) құрылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуін тежеу мақсатында 2019 жылы 27 қазанда Абай қаласында 28 жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін (ет, жұмыртқа, картоп, көкөніс) сату бойынша жәрмеңке өткізілді. 2019 жылдың қарашасынан бастап коммуналдық павильонда жергілікті өндіруші «Поливное» ШҚ (картоп, сәбіз, қызылша) көкөністерін сатуды ұйымдастырып жатырмыз.

Сондай-ақ, облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы жүктеген тапсырмалардың негізгісі – мемлекеттік қолдау құралдарын түсіндіру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша шаралар қабылдау. Аймақ басшысының бұл тапсырмасы бойынша қазірдің өзінде жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесін бере бастады. Бүгінгі таңда аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ды құрайды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыссыз азаматтарды кәсіптік қайта даярлау, өз ісін ашуға және кеңейтуге шағын несие беру, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберу, бос жұмыс орындарын ұсыну секілді тындырымды жұмыстар жүргізілуде. Нақтылай кетсек, осы мақсаттағы шаралар, яғни, түсіндіру, кеңес беру, қолдау секілді мемлекеттік қызмет түрлері өткен 10 айда 2686 адамға ұсынылды. Нәтижесінде, 76 адам әлеуметтік жұмыс орындарына (ауысқандарды қосқанда), 52 адам жастар тәжірибесіне және 258 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Облыс әкімінің тағы бір тапсырмасы – бағдарлама шеңберінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқығандарға шағын несие беру жұмыстарын жандандыру.

2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 59 адам 236,1 млн. теңге жеңілдетілген шағын несие алды. Бүгінгі күнге дейін «Бастау бизнес» жобасы бойынша 190 адамды қамтыған 5 топ оқудан өтті, 50 адамды қамтыған 6 топты 6 қарашадан бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, шағын несиеге құжат тапсыруға ниеттеніп отыр. Осы жылдың 10 айында 86 адамға 200 АЕК (505000 теңге) көлемінде және 5 адамға 100 АЕК (252500 теңге) көлемінде қайтарымсыз грант берілді.

Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығын қолдау қаржылық қорында жеңілдетілген несие алуға ауылдар бойынша 7 жоба және Абай қаласы бойынша 5 жоба қаралуда.

– Ауданда ауыз су мәселесі өзекті болып, өзегі талған бірнеше ауыл барын білетін едік. Осы мәселе күн тәртібінен қашан түседі?

 – Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы ауданда жалпы құны 907,3 млн. теңгеге 3 жоба іске асырылды. Оның ішінде, Юбилейное аулында 15,7 шақырым су құбыры желілері қайта құрылып, ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Топар кентінің 1,2,3 ауылдарында 12 шақырым су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды. «Есенгелді а. су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы іске асырылуда. Мердігер ұйым құрылыс-монтаждық жұмыстарды кестеден озып орындап келеді. Бүгінгі күнге 24,1 шақырым су құбырлары салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, 257 ауыл тұрғыны абонентке қосылды. Нысан келесі жылы пайдалануға берілетін болады. 2020 жылы да осы жұмыстар жалғасын табады. Құрма, Жұмабек және Дубовка ауылдарындағы су құбыры желілерінің қайта құруына облыс есебінен қаражат қарастырылды. Мұның барлығы 20-30 жылдан бері өз шешімін күткен күрделі проблемалар еді.

Сонымен қатар, аудан орталығы мен кейбір кенттерде тозығы жеткен кәріз желілерінің жағдайы толғақты мәселе болып келе жатқан-ды. Оны да шешуге кірісіп кеттік. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2018 жылдан бастап 3 жылдық «Абай қаласы және Қарабас кенті кәріз желілерін қайта жөндеу, 1,2,3 кәріз сорғы станцияларын қайта жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Яғни, ауыз су, кәріз құбырларының өткір мәселесі күн тәртібінен бірте-бірте ығысып барады.

– Бәрекелді! Экономиканың басқа салалары бойынша көрсеткіштеріңіз қай деңгейде? Мәселен, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы…

– Аудан бойынша 2019 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемі 25 682,5 млн. теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 12 789,1 млн. теңге, мал шаруашылығы – 12 744,6 млн. теңге. Жыл соңына дейін бұл межені 30 844,4 млн. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл саладағы жетекші өнім өндіруші кәсіпорын – «Ауылсүт» ЖШС базасында құрылған «Арқа сүті-2020» кооперативі. Кооператив ауыл тұрғындарынан сүт жинап, «Нәтиже» ЖШС-не өткізеді. Бұл жоба бір жағынан ауыл тұрғындары үшін де тиімді болып отыр. Мәселен, Есенгелді, Жаман жол, Құлайғыр ауылдық округтері тұрғындарының күнделікті табысы еселенуде. Осы жылдың 9 айында аудан шаруашылықтары «Нәтиже» ЖШС-не 885,6 тонна сүт тапсырды.

Қазір Көксу ауылдық округінің «АсқарАС» шаруашылығы да халықтан сүт жинауды жоспарлап отыр. Бұл шаруашылық Теміртау қаласындағы «RenMilk» ЖШ сүт зауытымен сүт жеткізу бойынша шарт жасасты.

«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда «Сарыарқа» ЖШС-де (Ақбастау а/о) «3000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы» инвестициялық жобасы іске асырылды. Жобаның жалпы құны – «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаражаты есебінен 400,9 млн. теңге. Өндірістік қуаты – жылына 800 тоннаға дейін. Нысан 2019 жылдың маусым айында пайдалануға берілді.

Құрылыс саласы бойынша айта кетсек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында келесі жылы Абай қаласында 5 қабатты ірі панельді тұрғын үйдің құрылысына қаражат бөлінуі алдын ала қолдау тапты. Сондай-ақ, Топар кентінде 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы облыстық бюджеттен және қаржының 50% аудандық бюджет есебінен қаржыландыру механизмі бойынша 2020 жылға жоспарланып отыр. Осы мақсатпен аудандық бюджеттің жобасында 110 млн.теңге қарастырылған.

– Биылғы орақ науқанында аудан диқандары қамбасын толтыра алды ма?

– 2019 жылғы көктемде егіс алқаптарына 161 ауыл шаруашылығы құрылымдары соқа салып, дән сіңірген болатын. Бұл көрсеткіш – 2018 жылмен салыстырғанда 103,2%-ға (2018 жылы 156 шаруашылық) жоғары. Абай ауданының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы аймақтық бағдарламасы тұжырымдамасын іске асыру аясында 2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 52163 гектар алқапқа егілді.

Егіс алқабының ұлғаюы дәнді, майлыдақылдар, ашық топырақтағы көкөніс және картоп егістіктерінің көбеюінен байқалады.

 Дәнді дақылдардың егіс алқабы 2018 жылмен салыстырғанда 18,5%-ға артып, 33 780 гектарды құрады. Дәнді дақылдар егісінің құрылымында негізгі үлес арпа – 46,0% құрайды. Бидайдың үлесі – 44,9%, сұлы – 9,1% құрайды. Осынша алқапқа егілген дақыл ысырапсыз жиналып, мезгілінде қамбаланды.

Абай ауданының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 5 ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне қатысты.

– Шаруашылықтың әр саласында осынша көрсеткіштерге қол жеткізуде экономиканың күретамыры саналатын жолдың сапасы айтарлықтай маңызға ие. Аудан жолдарының жарамдылығы қандай деңгейде? Жол жөндеу жұмыстары бойынша алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Биылғы жылы Жартас, Агрогородок ауылдарының автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, қалыңдығы 5 см асфальт-бетон жабыны төселді. Сол сияқты, Топар кентінің автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жасалып, жол төсемдерін фрезерлеу және асфальт-бетонды жабынды төсеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Жолдарды жөндеу жұмыстары Абай қаласының 10 көшесі бойындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жасалып, борттық тастарды монтаждау, техникалық тротуарды орнату, асфальттау, жол белгілерін салу және жол белгілерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Жұмыстар толық аяқталды.

2020 жылға Жусанды, Жолашар көшелері бойынша автомобиль жолдарына орташа жөндеу, Есенгелді, Сәрепті, Самарка, Жартас ауылдарында көше жолдарын, сондай-ақ Абай көшесін абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

– Келер жылы – ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Ұлы ақын есімін иеленген аудан бұл мерейтойға қандай дайындық жасап жатыр?

– 2020 жылы аталып өтілетін Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында Абай ауданында 120-ға жуық шара ұйымдастырылмақшы. Оның ішінде төмендегі шаралар ауқымды түрде аталып өтіледі:

 – «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында ғылыми-практикалық конференцияға республиканың жоғары оқу орындарынан Абай шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, абайтанушылар, филологтар шақырылмақ;

– репертуарларында Абай әндері бар қазақстандық опера жұлдыздары, эстрада және дәстүрлі әншілердің (Роза Рымбаева, Макпал Жүнісова, Медет Чотабаев, Жәмила Баспақова, Мөлдір Әуелбекова және т.б. ) қатысуымен Абай әндерінен тұңғыш республикалық фестиваль өткізілу жоспарлануда. Сонымен қатар, шетелдік орындаушылардың қатысу мүмкіндігі қарастырылады.

 Сонымен қатар, жергілікті авторлардың шығармаларын жинақтап «Абай ауданының шығармашылық қолтаңбасы» атты кітабын шығаруды жоспарлап отырмыз.

Абай қаласындағы аудандық Мәдениет үйінің алдына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнату жоспарлануда.

 – Тамаша! Салмақты сұхбатыңыз үшін рахмет!

 Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button