Батырға құрмет

Қарағанды жұрты ғарышқа тұңғыш көтерілген қазаққа құрмет көрсетуде. Бейсенбі күні облыс орталығындағы салтанатта аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ ғарышкер, «Халық Қаһарманы» Тоқтар ӘУБӘКІРОВКЕ 70 жас мерейтойына орай ықылас-пейілін танытты.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келген айтулы екі датаны ерекше атап өткім келеді. Тарихтан белгілі, Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы қазақ халқынан бір ғарышкердің ғарыш кеңістігін шарлауын мақсат етіп қойды. Қазір айтуға оңай, бірақ, бұл ғаламдық амбиция еді. Сөйтіп, Мемлекет басшысының таңдауы авиация институтының түлегі Тоқтарға түсіп, тұңғыш қазақтың ғарышқа ұшуына мүмкіндік жасады. Нәтижесінде, Тоқтар аға Тұраннан тұңғыш рет қазақтың рухын қара жерден көк аспанға көтерді! – деді облыс әкімі өз сөзінде. Қазақы дәстүрмен батырдың астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты.

Салтанатты рәсімге Ресей және Аустрия ғарыш саласының өкілдері келді. Ұшқыш-ғарышкер, «Кеңес Одағының Батыры» Александр Волков, ұшқыш-сынақшы, «Кеңес Одағының Батыры» Георгий Маслов, Аустрияның тұңғыш ғарышкері Франц Артур Фибек, ұшқыш-сынақшы, «Ресей Федерациясының Батыры» Марат Алыков, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген машина жасаушысы Валерий Новиков, ұшақ құрастырушы Артем Микоянның ұлы Ованес Микоян жиынға қатысты.

Сондай-ақ, мерейжас иегерінің шашбауын көтере келген бір топ өнер өкілдері де осы жерден табылды. Белгілі әншілер – Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова мен ақын Серік Тұрғынбекұлы құрметті меймандар қатарынан орын алды.

Биыл қазақстандық ғарыш­кердің ғарыш көгіне көтерілгеніне 25 жыл. Ширек ғасырлық мерейтой шеңберіндегі шаралар легі әкімдіктегі жиналыстан кейін облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жалғасты. Мұражайға арнайы барған батыр мұндағы жәдігерлермен танысып, жұртшылықпен кездесті.

Батыр атақ-абыройдан кенде емес екені белгілі. Десек те, «Халық Қаһарманы», «Кеңес Одағының Батыры», авиация генерал-майоры үшін туған жеріндегі ыстық ілтипаттың орны бөлек екендігі анық. Батырдың тойын атап өтуге мұқым Алаш жұртымен бірге қарағандылықтар да кірісті.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.