Баспана алуда мүмкіндік мол

Сонау бір жылдары қайраңдап қалған тұрғын үй құрылысы қазір қарқын алғанын жоққа шығаруға әсте келмейді. Осы күні түрлі қолдау шаралары арқылы баспана алу мүмкіндігі молайды. Қарағанды облысында жалпы үй кезегінде тұрғандардың саны – 35 мың шамасында. Ал, аймақта кейінгі жылдары жылына 4100 шаршы метр баспана берілуде. Бұл – 4 мың пәтер. Бірақ, жергілікті билік бұл көрсеткішпен тоқтап қалмақ емес. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуды аймақтың  басты міндетінің бірі ретінде айқындаған болатын.

Облыста биылғы жылға тұрғын үй және жалпы ондағы инфрақұрлым жұмыстарына 400 млрд. теңге бөлінген. Осы жылғы жоспар бойынша 4300 пәтер тұрғындарға табысталады. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асып отырған құрылыс жұмыстары.

Қазіргі таңда аймақта 2 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Ал, 9 млрд. теңгеге 1243 арендалық баспана, оның ішінде, көпбалалы отбасыларға 776, әлжуаз топ мүшелеріне 467 баспана берілмекші. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 15 тұрғын үй салынуда. Бұл үйлер кезекте тұрғандарға тиесілі болмақ. Биыл 11 үйдің құрылысы аяқталып, 356 пәтер тұрғындарға табысталды. Оның ішінде, қоғамның әлжуаз тобының қатарында тұрғандар 279 пәтерге қол жеткізген. Ал, 77-сі көпбалалы отбасыларға бұйырған. Сонымен, көпбалалы отбасыларға шілдеде 38 пәтер, тамызда – 55, қыркүйекте – 76 пәтер берілсе, қазанда – 36 пәтер жоспарлануда. Сөйтіп, 204 пәтер қазанның соңына дейін көпбалалы отбасыларға табысталады деп күтілуде. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 3,1 млрд. теңгеге 376 пәтер жоспарланған. Қазіргі уақытта 759 өтініш келіп түскен. Ал, «7-20- 25» бағдарламасымен 1054 адамды қамту көзделуде. Былтырғы жылы «Нұрлы жер» арқылы 4135 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бағдарлама арқылы 10,1 млрд. теңгенің көлеміндегі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ, облыстық бюджеттен «Тұрғынүйжинақбанкі» арқылы жеңілдетілген, жылына 2 пайызбен несие беру үшін 1 млрд. теңге қарастырылған. Аталған қаражат 159 пәтер алуға мүмкіндік береді. 2019 жылы 756 отбасы арендалық үйге қол жеткізеді. Оның 560-ы көпбалалы отбасына бұйырады. Сөйтіп, облыстағы 1000-нан астам көпбалалы отбасының жартысына жуығы баспанаға қол жеткізеді.

Еске сала кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі 2017-2021 жылдар болып белгіленген. Бағдарламаның міндеттері мен мақсаттарына қол жеткізу үшін сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салу, кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту арқылы тұрғын үй салу бағыттары көзделген. Бұл бағыттар халықтың арасында тұрғын үйге өсіп келе жатқан сұранысты екінші деңгейлі банктерді тарту арқылы қамтамасыз етуге, сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін жеке құрылыс салушыларға қолдау көрсетуге арналған. Соның ішінде, «Нұрлы жер» бойынша несиелерді субсидиялау тоқтатылған-ды. Сөйтіп, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына байланысты «Нұрлы жерге» бірқатар өзгерістер енгізілген болатын.

Қызғалдақ АЙТЖАН