Бала құқығы бұзылмасын десеңіз…

Адам құқығын аяқ асты етпеудің алғышарты – бала құқығын қорғаудан басталса керек. Бұл ретте, біз аталған саланың астарына үңіліп, қызмет барысында күніге осы мәселені бағдар ететін облыстың полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция бастығы Қайрат Түркешевті әңгімеге тартқан едік.

368957

«Аймақтағы қолайсыз отбасылар саны 900-ден асып жығылады. Осы жылы бала тәрбиесіне қатысты салғырттық танытқаны үшін 450-ден астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 21 ата-ана сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылса, 12 әке-шешенің 6 ай мерзімге ата-ана құқығы шектелді»,– деп бастады Қайрат Кәкішұлы.

Ювеналды полиция бастығының айтуынша, облыста бала құқығын бұзу фактісі жаға ұстатарлық жағдайда емес. Негізінен, ұялы телефон ұрлату оқиғасы көптеп кезіксе керек. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бері балақайлар 77 телефон ұрлатып үлгерсе, тағы 2 келеңсіз жайт телефонды күштеп тартып алуға қатысты орын алды. «Ата-аналарға айтарым, балаларға неғұрлым қымбат телефон ұстату дұрыс емес. Телефон – байлық емес, байланыс үшін қажет екенін қаперімізден шығармайық»,– дейді Қайрат Түркешев.

Сондай-ақ, осы жылы облыста балалар тарапынан 74-ке жуық қылмыс жасалыпты. Түнгі сағат 23.00-ден таңғы сағат 06.00 аралығында ата-ана қарауынсыз жүрген 1600-ден астам бала ұсталып, ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылғанын айта кету қажет. Девиантты мінез құлықты 15 бала сот шешімімен Бұқар жырау ауданына қарасты Керней кентіндегі арнайы білім беру мекемесіне жіберілді. Осы күні түрлі заңбұзушылықтары үшін облыс аумағындағы полиция органдарында 747 бала есепте тұр.

Биыл полиция қызметкерлері бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарының қабырғасында балалармен 2300-ге жуық кездесу өткізіп, құқықтық сауаттандыруды көздейтін дәріс жүргізді. Осы жылы аймақтағы қала аумағынан тасқары 12 жазғы демалыс лагерінде 148000-ға жуық бала қамтылады. Сондықтан, аталған орындарында бала құқығы бұзылмауы үшін әр лагерьге полиция қызметкері бекітілмек. Олар облыстың төтенше жағдайдар департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып, суға түсуге болмайтын орындарды анықтап, шомылуға болатын жерлерде балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, мектеп қабырғаларында тағы 700ден астам лагерь бар. Оған жауапты – жергілікті мектеп полиция қызметкерлері.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган басшыларымен бірлесе отырып, құқық-қорғау органдарының есебінде тұрған 747 баланы ата-­ана рұқсатымен «ҚР Еңбек туралы» Заңының шарттарына сәйкес жазғы демалыс лагерьлеріне жұмысқа тарту мәселесі де қарастырылуда. Лагерьлерден бөлек, олар облыс аумағындағы 113 аула клубтарына барып, түрлі мәдени, спорттық шараларға қатысуға да құқылы.

«Бұған дейін балалар уақыттың басым бөлігін білім беру ұйымдары қабырғасында өткізсе, оқу жылы аяқталғаннан кейін олардың да бос уақыты арта түсетіні белгілі. Міне, нақты осы тұста бала тәрбиесіне жіті назар аудару маңызды. Көп ата-ана балаларының компьютер ойын клубтарына баруына, қыдыруына шектеу қоймайды. Күнделікті күйбең тіршілік, жұмыс қамымен жүріп балалары түнгі 23.00-ден кейін де үйге келмегенін аңғармай қалып жатады. Ол – дұрыс емес. Бала тарапынан құқық бұзу да, бала құқығының бұзылуы да осы мезгілде жиі орын алады. Сондықтан, ата-аналарға кеңес ретінде айтарым, алдағы жаз айларында бала қауіпсіздігіне барынша сақ болу қажет»,– дейді Қайрат Түркешев.

Рауан ҚАБИДОЛДИН