Бүгінгі бала — ел ертеңі

Білім беру және ғылым саласына енгізіліп жатқан елеулі өзгерістер қазіргі кезеңде мектепке дейінгі білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеруде. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ биылғы Жолдауында «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек, өйткені, ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар бала кезден қалыптасады…» деп, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіне баса назар аударды.

Көрнекі сурет

Облыстағы іргелі оқу орындарының бірі – Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінде мемлекеттік тілде оқытылатын «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша педагогикалық деңгейі жоғары маман даярлау бағытында жұмыс істеуде. Биылғы жылы Саран гуманитарлы-техникалық колледжі жоғары колледж мәртебесін алып, қолданбалы бакалавриат бағдарламасын іске қосты. Осыған орай, педагогтар қауымына қойылатын талаптар да көтерілді.

«Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша болашақ тәрбиешілердің кәсіби дайындығын көтеруде оқу-өндірістік практика оқу жоспары негізінде ұйымдастырылады. Қала балабақшаларының іс-тәжірибесімен бөлісу, студенттердің ізденістерін арттыру мақсатында семинар, конференциялар, кездесулер жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Жақында «Балғын» балабақшасында «Мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту ерекшеліктері» тақырыбында қалалық семинар өткізілді. Семинарды ұйымдастырған – мектепке дейінгі педагогика және психология пәндерінің оқытушысы Алтын Баимбетова.

Семинар бірнеше бөлім бойынша ұйымдастырылды. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының МД-9-15 тобының студенттері аталмыш балабақшаның «Балдырған» ересек тобы балаларымен «Мамандықтар әлеміне саяхат» тақырыбында тіл дамыту ұйымдастырылған оқу-қызметін өткізді. Семинардың екінші бөлімі «Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын жаңа технологиялар» тақырыбында студенттердің практика барысындағы әзірленген видео сюжетпен өрбіді. Келесі бөлімінде практика жетекшісі Алтын Тельманқызы «Мектепке дейінгілердің сөйлеуін дамыту мен сауат ашудың негіздерінің ерекшеліктері» атты баяндамасын көрермен педагогтар мен студенттерге арнады. Семинардың соңғы бөлімінде «Балғын» балабақшасының үздік тәрбиешілерінің бірі – Сана Ахаева өз қызметіндегі жетістіктерімен бөлісіп, «Мектепке дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын дамытушы модульдік ойындар» атты шеберлік сыныбын өткізді. Семинарды қорытындылауда педагогтар өз ойларын ортаға салып, өткен іс-шаралардың барысына талдау жасады.

Меруерт ИДРИСОВА,

Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.