Бас тақырыпРуханият

Азат елдің әскері – айбынды

«Жер – халықтың қазынасы. Жердің егесі – халық. Баяғыда баһадүр бабаларымыз ‘’жан керек пе, жер керек пе’’ дегенде, ‘’жер керек’’ деп жер үшін атой салып, жауға шапқан. Демек, жер біздің ең қымбат байлығымыз. Ол сан ғасыр армандап кеткен бабаларымыздың асыл арманы. Ол үшін тер төккен адам халқына да пайдасын тигізбей қоймасы анық. Елім, жұртым деп еміренген бабалар аманатын аяқасты етпеу әрбір қазақ баласының қасиетті борышы» – деген ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлының саралы, салмақты сөзін негізге алдық. Иә, ұлт болашағы жастардың қолында. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғалған ұлан-ғайыр атыраптың иесі – халық. Негізгі қорғаушы күші – әскер. Күні кеше болаттай білекті, жігерлі жүректі жігіттердің баба аманатын арқалап, ұлтарақтай жерді қорғауға сақадай сай екеніне көзіміз толықтай жетті. Толығырақ…

ҚР Қорғаныс министрлігінің мұрындық болуымен Елордамыздың 20 жылдығына орай 17 шілде күні «Спасск» оқу орталығында Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны төртінші мәрте өтті. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров жиынның өзектілігімен таныстырып, елдің дамуы мен келешегі жастардың қолында екендігін атап өтті.

– Биылғы жиынның ерекшелігі – Қарулы Күштердің сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты әскери бөлімдері мен мекемелері жанынан құрылған әскери-патриоттық жиындар тәрбиеленушілерінің қатысуы болып отыр, – деп нақтылай түсті Т. Мұхтаров.

Министрдің орынбасары салтанатты жиынды ашық деп жариялаған соң, «Айбын – 2018» әскери-патриоттық жастар жиынының жалауын «Айбын – 2017» жастар жиынының жеңімпазы, Алматы облысы «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Айбар Қапалбай көкте желбіретті.

Келесі келелі сөзді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова алды. Сөз барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мемлекет әрдайым өз қауіпсіздігін және шекарасының беріктігін ойлауға тиіс» деген сөзін тірек етіп, құттықтауын жолдады.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов та «Айбын» әскери-патриоттық жиынның ашылуымен құттықтады.

– Салтанатты шара өңірімізде биыл төртінші рет өткелі отыр. Төртінші рет «Айбын» туы желбіреп, әнұраны шырқалғалы тұр. Бұл – қарағандылықтар үшін жауапкершілік пен сенім, үлкен мәртебе. Жас Отан қорғаушыларды тәрбиелеу – тәуелсіздігімізді нығайта түсу – деп ағынан жарылды облыс әкімі.

Сондай-ақ, аталмыш жиынға Парламент депутаттары, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы республикалық штабының мүшелері, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, республикалық «Жас ұлан» мектебінің және облыстық мектеп-интернаттардың 600-ден аса тәрбиеленушісі қатысты.

«Айбын» жиынына қатысушы командалар атынан Астана қаласы «Жас бүркіт» клубының мүшесі Данияр Бекетов жиынның бас төрешісі, полковник Расул Мейірмановқа «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының басты мақсаттарын құрметтеуге, барлық ережелерін сақтауға және әділетті түрде сайыстың абыройын арттыруға барлық қатысушылар атынан ант берді.

Іс-шара барысында жиын қатысушыларына, құрметті қонақтарға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімшелері әскери өнердің ұрыс-тәсілдерін көрсетті. Әсіресе, тұтқиылдан шабуылдаушы қарсыластарға әуеден және жерден жасалатын соққылардың бірнеше үлгісін таныстырды. Әскери ұшақтардың әуедегі жаттығу жұмыстарын тамашалап, таңдай қақтық.

Ұлтымыздың тарихы – ұрпақ игілігі, атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра, қайталанбас құндылық. ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Марат Серәліұлы «Айбынға» Айбын есімді немересін ала келіпті. Немересінің бойына үнемі парасаттылық, батырлық пен ізеттіліктің дәнін себуі – ұлы міндет. Себебі, тарих – ұрпаққа аманат.

Айтулы жиын Астананың 20 жылдығымен ұштасты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева ән шырқап, алаңның көрігін қыздырды.

Шараның құрметті қонақтары – ҚР Қорғаныс министрлігі, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы және Қарағанды облысының әкімдігі жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі және өзара ісқимыл туралы меморандумға ресми түрде қол қойды.

Мәртебелі меймандар әскери техникалар мен Қазақстан әскеріндегі қару-жарақтардың заманауи түрлерімен танысты.

Салтанатты шараның ашылуынан соң, жас сарбаздар арасында «Ұлы дала әскері – «Мәңгілік ел» тірегі!» тақырыбы аясында интерактивті кездесу, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, робототехника бойынша «Менің роботым» конкурсы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Айбын – жұлдыздық мекені» белгісі мен «Тілек білдіру ағашының» салтананатты түрде ашылуы өтті.

Кешкісін «Айбын – достық мекені» атты алау кеші өтті. Кешке Облыс әкімі Ерлан Қошанов пен ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы келді.

Алау жалын атқан соң, Ерлан Қошанов пен Гүлшара Әбдіхалықова жас сарбаздармен қосылып «Жандосым» әнін нақышына келтіре орындады. Әуезді әннен соң, әзілге кезек берілді. Астаналық «Жас бүркіт» КВН командасы қонақтарға көтеріңкі көңілкүй сыйлады.

Жас сарбаздар өнерден құр алақан емес екен. «Айбынның» алау кешінде гитараның сүйемелдеуімен «Жас сарбаз» әнінің де тұсауы кесілді.

Халықаралық «Славян базарының» жеңімпазы Адам жас сарбаздарды мерекемен арнайы құттықтап, әннен шашу шашты. Әнші Ғазизхан Шекербеков те әнін шырқады.

Тамаша ән шашулардан соң жас сарбаздар құрметті қонақтарға сұрақ қойып, емен-жарқын сұхбат құрды.

Сөз соңында Гүлшара Әбдіхалықова «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының 5 жылдығын халықаралық түрде өткізуге өз үлесін қосатынын айтты. ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі жылғы жиынға қатысуын сұраған жастардың сәлемін Елбасына жеткізуге уәде берді.

 Жалынды, жас белсенділер «Айбынның» жастар үшін отансүйгіштіктің, достықтың, тұлға болып қалыптасудың шынайы мектебі екенін тілге тиек етіп, алғыс білдірді.

Бауыржан Нұрымбетов «Мен – қазақпын» әнін жүрекпен орындап, жастарға жігер берді.

 Алау кеші отшашумен аяқталды.

 «Спасск» оқу алаңында, елдік пен ерліктің жалауы желбірей бермек.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button