Бас тақырыпЖаңалықтар

Қазақстан құрышы: кеше және бүгін

Арқа жұрты үшін металлургия таңсық емес. Оған даламыздан табылған көне жәдігерлер айғақ бола алады. Сонау, есте жоқ ескі замандарда бабаларымыз темірден түйін түйіп, алтынмен апталған киім киген. Бұл туралы Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында да айтылған. Десек те, ресми тарихта Қазақстанда болаттың 1944 жылдың 31 желтоқсанынан бастап өндіріле бастағаны айтылады. Кеңірек тоқталсақ…

ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН – МЕТАЛЛУРГТЕР МЕКЕНІ

Қазақстан тарихы – жете зерттеліп, зерделене қоймаған сала. Отар елді тұқырта ұстап, өздеріне табындыруды көздегендер тарихты бұра тартып, өз қалауына сай жазып шықты. Ал, көне тарих көмулі қалды. Археологтардың табанды еңбегінің арқасында табылған баға жетпес қазына, құнды жәдігерлеріміздің де басым бөлігі әділ бағдаланып, дұрыс зерттелмеді. Отаршылдар «Бұл өлкеге ғылым мен білімді біз әкелдік» деген ұстанымдарына қайшы келетін дүниенің ешбірін жарыққа шығармай, жасырын ұстаған еді.

Соңғы жылдардағы археологиялық жаңалықтарға зер салсақ, Орталық Қазақстанда сонау ежелгі дәуірдің өзінде-ақ металлургияның болғанын көреміз. Қарқаралы, Жезқазған, Шет аудандарындағы тарихи орындар – осының айғағы. Бұл туралы Елбасымыз «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында: «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді» деген болатын. Сондықтан да, Қазақ металлургиясының бастауын ХХ ғасырмен ғана шектеп қою – әділетсіздік.

АЛЫП КОМБИНАТҚА АЙНАЛҒАН ШАҒЫН ЗАУЫТ

Хош, әуелгі тақырыпқа қайта оралайық. Биыл Қазақстан болатының өндірілгеніне 75 жыл толады. Сонау, отызыншы жылдардың бас кезінде Қаныш Сәтбаев бастаған қазақ ғалымдары Орталық Қазақстанның қойнауын зерттеп, қазақ металлургиялық зауыты осы өңірде салынуы керегін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген болатын. Герман әскерінің тұтқиылдан ел шекарасына басып кіріп, Кеңес Одағының негізгі көмір-металлургия орталығын өз иеліктеріне алуы, қазақ жеріне зауыт салу ісінің өзектілігін арттыра түсті. Осылайша, 1942 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қарағанды кокс көмірінің базасында металл сынықтарынан болат қорытатын шағын зауыт салу туралы шешім қабылдайды. Зауыт құрылысына 3 мың адам тартылған. Олар адам төзгісіз жағдайда жүріп жұмыс істеді. Барлық жұмыс қол күшімен атқарылды. Жаңа технология, техника дегенді айтудың өзі артық. Жұмысшылардың қолында қайла мен күректен басқа құрал болмаған. Әйтсе де, олар зауыт құрылысын дер кезінде аяқтап, майданға қазақстандық болат құймаларын жіберу үшін аянбай еңбек етті. Қарапайым жандардың жанқиярлығының арқасында 18 айдың ішінде құрылыс аяқталды.

1944 жылдың 30 желтоқсанында жұмысшылар өз қолдарымен тұрғызған №1 мартен пешіне 30 тонна металл шихтасын тиеп, болат балқыту процесін іске қосты. Осылайша, 1944 жылдың 31 желтоқсанында алғашқы қазақстандық болат құймасы өндіріліп, бірден майданға қажет қару-жарақ пен әскери техника дайындауға жіберілді. Бұл кезде Теміртау қаласы әлі салынбаған еді. Шағын ғана Самарқанд поселкесінде алынған болат балқымалары майданға қажет қару-жарақ пен әскери техника өндірісіне пайдаланылып, Жеңіс күнін жақындатуға елеулі үлес қосты. Арада бір жыл өткен соң, яғни, 1945 жылы Самарқанд поселкесінің атауы Теміртау болып өзгеріп, қала мәртебесі берілді. Ал, 1948 жылы Қазақстан Магниткасын салу туралы тарихи шешім қабылданды.

МЕТАЛЛУРГИЯ: ӘЛСІЗДЕРГЕ ОРЫН ЖОҚ

Самарқандтағы шағын зауыттың көлемі ұлғайып Қазақстан магниткасы атанған тұста өндіріс көлемі де айтарлықтай өсті. Мартен пештері сұранысқа сай болат өндіруге қауқарсыз еді. Кейін шығыны көп мартен пештерін конвертер цехы алмастырды. Ал, екі мыңыншы жылдардың басында жаңа технологиялар енгізіліп, №1 үздіксіз болат құю цехы іске қосылды.

Биыл Қазақстан болатының 75 жылдығына орай, теміртаулық металлургтер өздерінің кәсіби мерекелерін бір апта тойлады. Қалада түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Ұзақ жыл табысты еңбек етіп, көзге түскен азаматтар мемлекеттік наградаға ұсынылды. Солардың бірі – конвертер цехының балқыту учаскесінің басшысы Владимир Фоменков.

Ол Теміртауға 1990 жылы Алматы қаласынан келген екен. Металлургия туралы туыстарынан естіп, осы салаға қызығушылығы артады. Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетін бітірген соң конвертер цехына құюшы болып жұмысқа орналасқан. Кейін 7 жыл – шебер, 15 жыл – ауысым басшысы болып қызмет атқарады. Ұзақ жылғы адал еңбегі бағаланып, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» меделіне ұсынылған.

Менің мамандығым өте қызық, тіпті, шығармашылықты талап етеді десем де болады. Конвертер цехында жұмыс істейтін жандар еңбек өнімділігін арттырып, жұмысты жеңілдету жолын іздеумен жүреді. Әр маманның жұмысқа деген өз әдісі бар. Бізде құрыштай шыңдалған, ерік-жігері күшті азаматтар ғана жұмыс істей алады. Әлсіздерге орын жоқ. Менің пайымдауымша, біздің цех – комбинаттың жүрегі, – дейді Владимир Фоменков.

Оның айтуынша, бүгінде кәсіпорында жастардың үлесі артқан. Жұмыскерлердің орташа жасы – 30 жас. Олар алдыңғы буын өкілдерінің тәжірибесін қабылдап, тынымсыз еңбек етуде.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button