«Қазақмыс» жеті балалы анаға баспана берді

Былтыр 27 желтоқсанда Жезқазған байыту фабрикасының кәсіподақ комитетінен телефон шалып, Жаңа жылмен құттықтауға «Қазақмыстан» қонақ баратынын айтқанда, №2 бас корпустың конвейер машинисі Гүлбану НҰРМАҒАНБЕТОВА қарсылық танытқан-ды. Оның да өзіндік себебі бар болатын.

Тамақ табылар-ау, жеті баласымен тұратын, жұртшылық «полуторка» атап кеткен, бесінші қабаттағы қуықтай екі бөлмелі пәтерге қонақты қалай қабылдайды? Оның өзі апасына тиесілі. Алайда, құр қол қарсы алу ырымға жаман екенін ойлап, балашағасымен қонақ күту қамына кірісіп кеткен.

Айтылған уақытта мерекеде көпбалалы отбасының көңілін аулаған қонақ та есік қақты. Бір қауым ел екен. «Бұған дейін менің қиналғанымды қойшы, корпорация басқару кеңесінің бас директоры Бахтияр Қрықпышевтің өзі келеді деп таза ойламаппын», – дейді, әлі таңданыстан арыла алмай жүрген Гүлбану.

Сыйлыққа қарық болған балалар мәз-мәйрам. Тек, тоғызыншы класта оқитын ересегі, болашақта ІТ-маман болуды армандап жүрген Дамир көне компьютері таяуда бұзылып қалғанын айтып үлгерді. «Ол ойда болмаған екен, міндетті түрде ескереміз. Күт!», – деді, қонақтың бірі сенімді түрде. Сол күні, санаулы сағаттан соң жүзі балбұл жанған баланың қолында планшет тұрды. Кейін компания компьютер сыйлады.

Кейпінен көрінбегенімен, іштей көңілі астан-кестен болған Гүлбану ғана. Тұрмыс құрғанда көпбалалы болуды армандаған. Алла Тағала оған жеткізді. Тіршілік түйткіліне төтеп бере алмаған – Құдай қосқан қосағы. Екеуі ажырасқаннан кейін басыбайлы баспана сағымға айналған. Қазір айтпаса, кеш қалатындай корпорация басшысына бар сырын жайып салды. «Өтінішіңізді міндетті түрде қараймыз, жауабын береміз», – деді Бахтияр Қрықпышев.

Қаңтардың басында корпорация дан телефон шалып, көпбалалы ана ретінде пәтер бөлуге өтініш жазуын сұрағанда, сенер-сенбесін білмеген. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осы шығар, сәтін салғанда қаланың қақ ортасындағы үйдің үшінші қабатынан төрт бөлмелі пәтердің кілті қолына тиді. Бос емес, жаңа жиһазбен және түрлі тұрмыстық затпен жабдықталған.

Әттең, қызының қуанышқа кенелгенін анасы көре алмай кетті. Бұдан бірнеше ай бұрын ғана бақилық болған еді. Күләйдан Мұқашева да Жезқазған байыту фабрикасында конвейер машинисі болып істеген. Ананың кәсібін қызы жалғастырды. Бала-шағасы қасында, басында баспанасы бар. Өмір оң арнасына түскендей!

— Енді ІТ-маман болмауға қақым жоқ. Таңдаулы жоғары оқу орнының біріне грантқа түсемін. Оған мүмкіндігім мол, әртүрлі олимпиададан қалған емеспін. Бұрын шетелде оқып, қызмет атқарғанды армандайтын едім. Ол көзқарасымды «Қазақмыс» өзгертті. Келешекте компанияның өркендеуіне өз үлесімді қосамын. «Қазақмыстай» компаниясы бар Қазақстан әлемді әлі-ақ аузына қаратады, – дейді Гүлбанудың ұлы Дамир.

P.S. Қазір «Қазақмыс» корпорациясында 1665 көпбалалы отбасы жұмыс істейді. Олардың мұң-мұқтажы екшеліп, кезең-кезеңмен нақты көмек көрсету қолға алынды. Біз соның біреуін мақалаға арқау еттік.

Әлібек ӘБДІРАШ 

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.