Ауылына алаңдаған Атымтай

Ел ішін жайлаған індетті халық бірлікпен жеңетіні анық. Елбасы Н.Назарбаев төтенше жағдайға байланысты жариялаған мәлімдемесінде, бірлігі бекем халықтың кез келген қиындыққа тегеурінді тосқауыл болатынын ашық айтқан еді. Осы орайда, Егіндібұлақ селосының жаны жомарт азаматтары бір-біріне қолдау көрсетіп қамқорлық танытуда.

Ел басына күн туған сәтте ер еңсесін көтеріп жерлестеріне қол ұшын берді. Егіндібұлақтың тумасы, Осакаров ауданындағы «Раббугзи» шаруақожалығының басшысы Төребек Ыдырысов көмекке зәру отбасыларға 200 қап ұн таратты. Осындай игілікті іс атқарған кәсіпкер: «Ел басына түскен қиыншылықтарға байланысты әрі Елбасының үндеуіне мен де өз үлесімді қосайын деп туған еліме көмек – тартуымды жолдап отырмын. Бастысы халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын» – деген тілегін жеткізді.

Қашан да жақсы істің жаршысы болып, жерлестерімен бірге екендігін іс жүзінде дәлелдеп жүрген кәсіпкерге ауыл жұртшылығы алғысын білдірді.

Сағыныш ӘБІЛ