Қауіпті дерттен қорғаныңыз

Ауа-тамшылар арқылы жұғатын ЖРВИ, тұмау, менингококты және басқа да вирусты инфекциялардың эпидемиологиялық маусымы басталды. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар мұндай сырқаттардың қаншалықты қауіпті екеніне мән бермейді. Сондықтан да, көп жағдайда кәсіби медициналық қызметке дер кезінде жүгінбей, уақыт өткізіп алып жатады. Әсіресе, менингококты инфекция әлем бойынша ең қауіпті инфекциялардың ондығына кіреді.

Менингококты инфекция – Нейссерия менингитидис бактериясының әсерінен туындайтын инфекциялық сырқат. Ол ауырлығы бойынша назофарингиттен бастап, жедел сепсиске дейін жетіп, бірнеше сағаттың ішінде адамды өлтіріп жіберуі мүмкін.

Сырқат ауа-тамшылар арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде) жұғады. Менингиттің алғашқы белгілерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Адам өзін суық тиіп ауырып қалғандай сезінуі мүмкін. Әйтсе де, сырқат белгісі байқалған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, 50% жағдайда соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.

Оның негізгі клиникалық белгілері: дене температурасының бірден 39°С-ге дейін және одан жоғары көтерілуі, бас ауыруы, жүрегі айнымаса да адамның құсуы, геморрагиялық бөртпелер, бұлшық еттердің тартылуы, тыныс алудың бұзылуы, естен тану.

Инфекция сырқат жандардан немесе тасымалдаушылардан жұғуы мүмкін. Менингококты инфекция – маусымдық індет. Әсіресе, қыс және ерте көктемде асқынады. Өйткені, дәл осы кезде адамның иммундық жүйесі көптеген вирустардың әсерінен әлсірейді. Көп жағдайда иммундық жүйесі толық қалыптаса қоймаған 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер және қоғамдық орындарда, әсіресе, түнгі клубтарда көп жүретін жеткіншектер мен жастар ауырады. Өйткені, темекі түтіні, спирттік ішімдіктер және адамдар көп шоғырланған жерлерде инфекция жұқтырып алудың қаупі арта түседі.

Менингококты инфекцияның алдын алу үшін сырқаттың алғашқы белгілері пайда болған кезде бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Өз бетінше емделуге тырысуға мүлдем болмайды. Адамдар көп шоғырланатын орындарға бармауға тырысу керек. Ауырып қалмау үшін және айналадағы адамдарға жұқтырмау үшін фарингит, тонзилит, ларингит тәрізді мұрын-тамақ ауруларын дер кезінде емдеу қажет. Таза ауада жиі серуендеу және қоғамдық көліктерге отырмау ұсынылады. Дұрыс тамақтанып, спортпен айналысу, ағзаны шынықтыру иммунитетті жақсартады. Бөлмені үнемі желдетіп, күніне кем дегенде 2 рет ылғалды тазалау жүргізу қажет. Жөтелгенде және түшкіргенде бір реттік қол орамалдарды пайдаланып, қол орамал болмаған жағдай ауызды шынтақпен бүркеу керек. Қолды ұдайы сабынмен жуу қажет.

Менингококты инфекциялардың қаупін ескере отырып, оның алғашқы белгілері пайда болған сәтте бірден медициналық көмекке жүгінудің маңызы зор. Бұл адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті