Бас тақырыпРесми

Атаулы көмекке бақылау күшейеді

Әу баста аз қаматамсыз етілгендерді қолдауға бағытталған мемлекеттің көмегі көздегеніне жете алды ма? Атаулы әлеуметтік көмек біздің қоғамды жайлаған неше түрлі пасық пиғыл мен теріс ниетті паш етті. Шынымен мұқтаж отбасыларға тиесілі көмек жағдайлылардың қалтасына түсіп, табысының жүз, бес жүз теңгесі артық шыққан отбасылар қағылды. Мұндай жағдайлар барған сайын көбейіп, жаңалықтардың көрігін қыздырды. Өзгерістің қажеттілігін Үкімет дер кезінде түсініп, келесі жылдан бастап әлеуметтік көмектің жаңа нұсқасын ұсынды.

Әлеуметтік қолдаудың жаңа түрі үш бағытты қамтиды. Біріншіден, барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамай көмек көрсетілетін болады. Атаулы әлеуметтік көмек өзінің бұрынғы тоқсан сайынғы формасына қайта көшеді. Бірақ, отбасы мүшелерінің бірінің жұмыс істеуі міндеттеледі. Содан кейін, қаржылай көмектен бөлек, көпбалалы отбасылардың мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларын қолдау шаралары қолға алынады.

– Бұл көпбалалы отбасылардың мәртебесін мойындап, олардың материалдық жағдайын көтереді. Көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақыны 42 500 теңгеден 73 370 теңгеге дейін бекіту ұсынылып отыр, – деген болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

– Бұл – әзірге жоба түріндегі өзгерістер. Дегенмен, аймақтағы 12 мың көпбалалы отбасы үшін жағымды екені анық. Көмектен үміт күтіп отырған аналардың бірі, қала тұрғыны – Салтанат Бейсембекова.

– Жаңалықтан естіп отырмыз. Күйеуім – әскери қызметкер, отбасы табысы артық деп АӘК-ке іліге алмадық. Енді табысына қарамастан тағайындалатын болса, жақсы болушы еді, – дейді ол.

Жоба мақұлданса, талап пен бақылау да күшейеді. Оны күшейту – Президент пәрмені. «Атаулы көмек бөлуді қатаң бақылауға алып, кез келген алаяқтық пен жемқорлықты қатаң жазалау керек. Үкімет пен әкімдер мұндай фактілердің алдын алып, АӘК төлемдерін әкімшіліктендіруді ретке келтіруі тиіс» деп Мемлекет басшысы жазда айтқан болатын. Мұндай шараларды қолдануға маңызды себеп те бар. Оны Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өтірік ажырасу, жұмыстан шығу, өз мүлкін басқаға жазу арқылы табысын азайтып көрсету, малын сойып тастау деп кете береді. Жобаны тиімсіз жүзеге асыру халықтың кей бөлігінің масылдық күйге түсуіне әкеп соқты. Бұл – біздің шала жұмысымыз» деп көрсетті. Осыдан кейін жер-жерде тексеріс басталды. Артық тиын-тебен тапқан отбасылардың атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі тоқтатылды. Көптеген отбасыларға жаз мезгілінде есептелген еңбек демалысының ақысы «кесірін» тигізді. Ол табысқа есептеліп, көмек тоқтатылды. Қазір аймақта АӘК алып келген 900 отбасының төлемі тоқтатылған, 100 отбасының жайы тексеріліп жатыр.

– Жалпы, облыс бойынша 2600 құқық бұзушылық фактісі анықталған. Тексерістер зейнетақы аударымдары бойынша жүргізілді. Нәтижесінде 1600 отбасының АӘК алуы қайта есептелді. Енді АӘК тағайындау тоқсан сайын жүргізіледі. Оны алатын отбасылар табысын әр үш айда бір растауы керек. Сонымен қатар, учаскелік комиссия қызметінің құзыреті де артатын болады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Төлеу Мұхтар.

Аталмыш көмектің жаңа тәртібіне жұмыспен қамту мәселелерін күшейту де кіреді. Себебі, тағайындаудың жаңа тәртібі бойынша АӘК алушы отбасының жұмысқа жарамды мүшесі жұмыс істеуі міндетті. Егер ол ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, онда оның отбасы мүшелерінің барлығы атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Қазіргі механизм бойынша мәселен, әкесі не шешесі жұмыстан бас тартқаны үшін сол адамның ғана төлемі төленбейді. Бұл адамдар арасында көрініс бере бастаған масылдық жағдайларын жоюға әсер етеді деп күтіледі. Ендігі күш 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына артылады.

Облыстағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекованың айтуынша, қазіргі таңда 41 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, 31 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар, аз қамтамасыз етілген отбасыларға өз кәсібін бастау үшін жеңілдетілген пайызбен шағын несилер мен қайтарымсыз гранттар беру жұмыстары жүйелі жалғасын табады. Ол отбасыларға лайықты еңбекақысы бар тұрақты жұмыс орындарын ұсыну қажет.

Бүгінгі таңда облыс бойынша АӘК 10 мыңнан астам отбасы алып отыр. Бұл мақсатта 3,3 млрд. теңге қарастырылған. Келесі жылы жаңа әдіспен бірге бұл көрсеткіш те өзгерер. Бастысы, әлеумет үшін жағымды өзгеріс болса екен.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button