Қасым рухы — қазақ аспанында

Қазан айы қазақ даласына дүлей күшпен кіреді. Қарағандыны қара өлеңнің киесі иектейді бұл кезде. Қасым туған ай ғой. Қыркүйектің қоңыр күзі өтіп, қара күздің қара суығы атқа қонады. Қара дауыл, қар аралас жауын, ашық, шағырмағы және бар. Алты ай қыс қыстақта мызғып жататын көшпелілер түсінігінде «ақ кебінге» оранған қыс мәңгіліктің бір бейнесі. Күз айларының орта шені болса, сол мәңгіліктің барын сездіреді… Қазақ аспанындағы Қасым рухы да мәңгіліктің баяны іспетті.

Сонымен, «Қасым рухы – қазақ аспанында!». Осылай айдарланған ІХ Қасым оқулары биыл республикалық деңгейде екінші рет «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Ақынның 100 жылдық мерейтойында Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана бастап қолға алған рухани шара басында облыс көлемінде өтіп жүргенімен, қысқа мерзім ішінде республикалық сипат ала бастады. Қай ақынды оқып, жаттау керектігін халықтың өзі біледі, демек. Оның үстіне, Қасым оқуларының осылай өтуіне жоғарыда аталған кітапхана басшысы Дина Аманжолова мен ұжымының қосқан еңбегі зор. Республикалық «Қасым» журналы бар. Кітапханалықтар биыл республикалық шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткерді. Былтыр алғаш өткен республикалық Қасым оқуларында қолға алынған «Қасым» кітаптар сериясын шығару биыл да жалғасын тауыпты. Қарағандыдағы «Мағжан» баспасынан шыққан кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесілді. Былтырғы томында қазақ ақындарының Қасымға арналған өлеңдері топтастырылса, осы томына ақын жөніндегі соқталы мақалалар мен зерттеулер енгізілген.

Дәстүрлі Қасым оқуларына қатысушылар биыл екі аталым бойынша бақтарын сынады. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» аталымы мүшәйра түрінде, болашақ жас ақындар Қасым Аманжолов туралы және еркін тақырыпта екі өлең тапсырулары міндеттелген. Бұған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен ақын-жазушы, республикалық «Қасым» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Серік Сағынтай қазылық етті. «Жас дәурен» атты екінші аталымда өнерпаздар бақтарын Қасым әндерін шырқаудан сынады. Оған белгілі дәстүрлі әншілер Дәуренбек Әркенов пен Сержан Мұсайын төрелік етті. Екі аталымға 16 мен 32 жас аралығындағы 49 талапкер қатысты. Атап айтқанда, Қасым әндерін орындау сайысына – 15 жас орындаушы қатысса, мүшәйраға 33 жас талап өлең тапсырыпты.

Биыл Қасым рухына құмартушылар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналыпты. Түркістан, Павлодар, Петропавл, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарынан таңдаулы деген талапкерлер келіп, өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар әуелі Қасым ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бұл – қазанның 24-і күнгі шараның басы. Әншілер «Шалқыма» концерт залының сахнасында шырқаса, ақындар Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада өлеңдерін оқыды. Сөйтіп, бір күн бойы Қарағанды аспаны Қасым рухымен тыныстап тұрды. Ақынның «Өзім туралы», «Ақ сәуле», «Жас дәурен», «Айтшы, жаным», «Қайдасың махаббаттың періштесі» әндерін орындаған әншілердің көбісі музыкалық сауаты жоғары орындаушылар санатынан сияқты. Басым көпшілігі кәсіби деңгейде орындап тұрды. Ал, ақындарға келгенде, әңгіме бөлек. Барлығы дерлік отызға жете қоймаған жалынды жастар. Қасымға арнаған өлеңдерінен соң, еркін тақырыптағы туындыларын оқып, дүркіретті залды. Әр аймақтың бір-бір ақ берендері. Бірінен бірі өтеді. Шартты мүшәйра өтісімен қазылар – Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Сағынтай ағаларымен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, Дәукеңнің өлеңдеріне құлақ түрді. Серік ақын өлеңді күймен сүйемелдеп отырды.

Бір күн бойы Қасым әндері шырқалып, оған арнаған өлеңдерін оқыған жастар арасынан шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер келесі 25 күні марапатталды. Қасым әндерін үздік орындаушы ретінде бас жүлде қарағандылық Саян Бөдеске табысталды. Саян – белгілі әншілердің біріне айналып келе жатқан өнерпаздың бірі. Қазылар алқасының шешімімен І орын Нұрслан Сайдалинге (Қарағанды), жүлделі ІІ орын «Ұлдар» квартетіне (Қарағанды) бұйырыпты. Бақытжан Үйсінбаев ІІІ орыннан көрінді.

Поэзия жанрынан қарағандылық Бек Ықыласов ІІІ орынды еншілесе, павлодарлық Асылбек Март ІІ орын, Түркістан облысынан келген Бауыржан Ерман І орынды иеленді. Бас жүлдені қарағандылық Салтанат Қайырбек жеңіп алды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Бұл кітапқа дауылпаз ақын жайлы естеліктер, ғылыми мақалалар мен баспа бетінде жарияланған құнды материалдар топтастырылды. Бұл шығармашылық топ жинақтаған дүниелердің бір ширегі ғана. Қасымның азаматтық тұлғасы, қуатты поэзиясы, «соқтықпалы, соқпақсыз» өмір жолы жайлы жазылған жазбалар төрт-бес томнан асып жығылады. Аталмыш кітапқа ақын замандастарының, көрнекті ақын-жазушылардың, іргелі ғалымдардың дүниелерін ғана екшеп алдық. Олардың ішінде Сырбай Мəуленов, Əбділдə Тəжібаев, Ғафу Қайырбеков, Тəкен Əлімқұлов, Қасым Қайсенов, Есмағамбет Ысмайылов, Əбдіжəміл Нүрпейісов, Темірхан Медетбек, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Қирабаев, тағы басқалары бар. Бұл бастамамыз болашақта өз жалғасын тауып, қайсарлық пен қаһармандықтың, сезім мен төзімнің символына айналған ақын қазынасы мектеп бағдарламасына, жоғарғы оқу орындарына «Қасымтану» элективті курсы боп енгізіледі деген үмітіміз де жоқ емес.

Қасым мұрасын зерттеуді мақсат тұтқан ізденушілерге 1960 жылдан бастап баспа беттерінде жарық көрген материалдардың сілтемесін ұсындық. Көрсеткіш Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өлкетану әдебиеті» бөлімінде, С.Телпекбаева және С.Медведкованың жетекшілігімен дайындалды.

 «Кітап «Magzhan» баспасында жасалды. Баспа болашақта «Қасымның әндері» атты он алты нота кітабын, «Қасымның күнделігі» кітапшасын, ақынның табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, азаматтық лирикасы сынды топтамаларын, байқау жеңімпаздарын, кітабы шықпаған жастардың жинақтарын осы серия аясында жарыққа шығаруды жоспарлап отыр» – деді баспа директоры, жазушы Алмаз Мырзахмет.

Жәнібек ӘЛИМАН