Бас тақырыпРуханият

Асылдың сынығы – Арқада

Арқа төсіне Алатаудан қазақ әдебиетінің алып мұхиты Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ ұлы Мұрат ӘУЕЗОВ келді. Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақтық жоба офисы мен Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Тілдер мен мәдениеттердің диалогы» атты кездесу-форумында ой көрігін қыздыру үшін келіпті.  Форумнан бұрын құрметті қонақтар Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайымен танысты.

Сенбі күні әуелі «Достық» үйінде көрме ұйымдастырылды. Шара барысында Мұрат Мұхтарұлы «Времен связующая нить» кітабын «Достық» үйіндегі кітапханаға сыйға тартты. Кітап негізін автор өмірінің әртүрлі кезеңдеріне жататын күнделік жазбалар құрайды. Олар ұлттық әдебиеттер мен мәдени интеграция мәселелері бойынша ғылыми зерттеулермен, заманауи геосаяси үдерістер туралы таңдаулы мақалалармен, халықаралық симпозиумдардағы баяндамалармен, эсселермен, жолжазба очерк және сұхбаттармен толықтырылған.

Жоғарыдағы аталған форум аясында қоғам қайраткері, жазушы Мұрат Әуезов, Украинаның Қазақстандағы Құрметті консулы Ерлан Досмағамбетов пен жаңа құрылған «Қоғам. Тіл. Мәдениет» ҚБ президенті, ғалым Нұрсұлу Бөкетова, Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің бас менеджері Бақытқали Мұсабеков, зерттеуші-аналитик Марат Азбанбаев, ақын Серік Ақсұңқарұлы Абай мен Алаш төңірегінде төгілтіп әңгімеледі. Асылдың сынығы Мұрат ұлы Абай, Шәкәрім, әкесі Мұхтар Әуезов пен анасы Фатима жайлы тарихи мәліметтер, өзінің балалық шағындағы естеліктерімен бөлісті. Өзінің әкесі Мұхтар Әуезов екенін тек 1949 жылы білген екен. Сол кезде алғаш әкесі мектепке апарған. Осы уақыттан кейін әке мен баланың қарым-қатынастары нығая түскен. «Мәскеуде оқып жүргенде әкем ауруханаға түсті. Мен ол кезде студент болатынмын. Әкеме күнде барамын, ол кісі таксиге ақша беріп, күнделікті келіп тұруымды сұрайтын. Хаттар жазып тұрады, Кәмен Оразалинге хатын жазып, «туған жеріңді барып көріп қайтасың, сені қарсы алады олар» дейтін. Әкемнің соңғы хаты Кәмен Оразалинге арналған болатын, ол хаты тек Мұратқа емес, күллі казақ халқына аманат болғандай еді. Сол әкемнің жоспары бойынша туған жеріме барып, өз көзіммен бәрін көріп, достарымен сөйлесіп, болып жатқан жағдайды жазып келуім керек еді. Алайда ота жасалу сәтінде оянбады» дейді Мұрат Әуезов.

Сондай-ақ, ұлт көсемі Әлімхан Ермеков, жазушы Ақселеу Сейдімбек, ақын Бүркіт Ысқақ жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық барысы сөз етілді.

Форум соңы әдеби отырысқа жалғасты. «Арна» әдеби клубының тұсауы кесілді. Шабыт пен шығармашылық туралы ой пікірлер ортаға салынды. Зерттеуші Марат Азбанбаев көпшілікке «Жазушы М.Әуезов шығармасының құпиясы» туралы баяндады.

Шара соңында құрметті қонаққа алғыс білдіріп, сый-кәделер тарту етілді. Артынша, қонақтар Бұқар жырау ауданындағы «Бұқар жырау Қалқаманұлының мемориалына» жол тартты.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button