Асқар Мамин Қарағандыда инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

Премьер-Министр Асқар Мамин Қарағандыда инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді. Үкімет басшысы  Майқұдық көшелеріндегі жолды күрделі жөндеуден өткізу барысымен танысты, сондай-ақ қаланың Жаңа орталығына барды.

Карл Маркс және Магнитогорск көшелерінің ұзындығы 11 шақырымға жуық. Мұнда асфальт, бағдаршам, жарықтандыру тіректері ауыстырылады, жаңа жиек тастар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары төселеді. Сонымен қатар, барлық жер асты коммуникациялары ауыстырылып,  нөсер кәріздері салынады деп көзделуде. Сондай-ақ, қаладағы ең ұзын көшеде алғашқы автобус жолағы пайда болады.
Жөндеу жұмыстарымен «Каздорстрой» ЖШС айналысады. Жұмысқа барлығы 180 жұмыскер және 90 бірлік техника жұмылдырылды. Олар жөндеу жұмыстарын биыл бітіруге уәде беріп отыр. 

Осыдан соң, Премьер-Министр  Жаңа орталықтың құрылысымен танысты. Ауданы 1200 гектардан асатын аумақ Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық шағын аудандарын байланыстыруға мүмкіндік береді. Алдағы 3-4 жылда ауданы 150 гектар болатын тұрғын үй аймағы салынады. Құрылыс жобасы бірнеше кезеңге бөлінген. 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

24 қабатты жеті тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Бауыржан Момышұлы көшесіндегі екі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Дәл осы ауданда жеке инвестициялар есебінен бірнеше заманауи тұрғын үй кешендерінің құрылысы салынуда.
Жалпы алғанда, Жаңа орталықта миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Мұнда 50 метрлік бассейн, «GGG» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайда болуы тиіс. Қазан айында үстел теннисі орталығын ашу жоспарланған. Осы жылы сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысын аяқтау көзделуде.