Бас тақырыпЖаңалықтар

“Қарты бар үйдің қазынасы бар”

Қазақ халқының қанындағы «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» танымы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес» деген хадисімен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. Уақыт жылжып, заман ауысқан сайын бұл салт беки түссе дейміз. Алайда, бүгінгі күні қазыналы қарттарымыздың қадіріне жете алмай жүрген сияқтымыз.

Қарияларымыздың қатары сиреп, қарттар үйінің азаймай тұрғаны әрине, көңілге қаяу түсіреді. Біз қанша жасқа келсек те, ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті де олардың бар тілеуі – перзенттерінің үстінде. Жарық дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, өсірген ата-анасы қартайғанда алақанға салып аялауы, талқылайтын дүние емес, бұл – жазылмаған заңдылық. Басқаша болуы да мүмкін емес деп жар салғанымызбен, салт-санасы өзгерген кейбір жандардың тоғыз ай көтерген анасын, мәпелеп баққан әкесін мемлекеттің мойнына арта салуы – қазақы таныммен өскен адамның санасына сыймайтын нәрсе. Әсілі, бұл қазір бәріміз еліктейтін Еуропадан «жұққан» жағымсыз ұстаным. Тіпті, алыстан арбаламай-ақ, көршілес орыс халқының да осындай «өмірге бір рет келем, өмірдің қызығын өзім көрейін» деген пиғылы бары жасырын емес. Бала-шағасы кәмелеттік жасқа толысымен еншісін бөліп, өз бетінше өмір сүруге жібереді. Қартайғанда қара басы сопиып жалғыз қалады. Біле білгенге, қариялар – шаңырақтың ажары. Асарын асап, жасарын жасап, қарттыққа бет алған олар үшін бар керегі – көңіл. Балаларының риясыз көңілі, еш себепсіз қал-жағдайын сұрап, хабарласқаны. Өздері берген махаббат пен жылуды күтеді. Бір күн емес, үздіксіз…

Қарттар күні жақындағанда түрлі ұйымдар мен мекемелерден мерекеге байланысты ұйымдастырылатын шараларға шақырту көп түседі. Сосын келесі жылғы осы уақытқа дейін үнсіздік… Қалғып-мүлгіп не болмаса телефонға үңіліп отырған оқушы, жастармен кездесу қарттарға да жағымды әсер қалдырады деп айту қиын. Сондықтан, жылына бір өтетін кездесудің орнына жүйелі көмек жолға қойылса жөн болар еді. Бұл ретте облыс орталығындағы Достық үйінде ашылған «Белсенді өмір сүру орталығын» үлгі етуге болады. Күнделікті 30-40 адам келіп, бойы мен ойын сергітіп қайтады.

Орталық «Ардагерлерді ардақтайық» әлеуметтік қайырымдылық жобасының аясында «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы және Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен республикада алғаш рет біздің аймақта ашылған болатын. Мәдени-рухани клубтар, тіл үйрету және компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Мұнда келетін қариялар шахмат ойнап, кітап оқып, домбыра тартып, қолөнермен шұғылданады, тіпті, фитнес залында жаттығулар жасайды.

Тұрақты келетін қариялар бірбірін әбден танып алған. Бірі келмесе, іздеп отыратын көрінеді. Орталық оларға үйде отырып қалмай, өз үзеңгілестерімен бір мезгіл әңгіме-дүкен құрып, пікірлесуге толықтай мүмкіндік беріп отыр.

– Орталыққа қай күні келсе де есігі ашық. «Өмір қартайса да, көңіл қартаймайды» дейді ғой. Қарт та болсақ, әлі де жаңа дүниені игеріп, үйренгіміз келіп тұрады. Кейбір құрдастарым компьютер қолдануды үйреніп жүр. Бұл заманның жаңашылдығынан қалып қоймай, заманауи өмірге бейімделудің бір түрі ғой. «Елу жылда – ел жаңа» демей ме, мұндағы жастар оны түсіндіріп қана қоймай, қағаз-құжаттарымызды реттеуге көмектеседі. Ғасырға жуық тарихтың куәгері болғандықтан, жастарға ақылымызды айтып, тәжірибемізбен бөлісеміз. Ол жас буынның өмірінде пайдаға жараса, қуанамыз, – дейді орталыққа тұрақты келуші Бақыт Махметова.

Қазіргі таңда аймақта жасына байланысты зейнетке шаққан 200 мыңнан астам адам бар. Одан бөлек, 10 мыңға жуық тыл ардагері мен 90 соғыс ардагері – арамызда. Олардың жүріп өткен өмір жолы – бір-бір тарих. Қиын-қыстау кезеңдер мен жақсы заманды бастарынан өткізді. Енді, мына бейбіт өмірде қамсыз қартайып, айналасына үлгі, отбасына тірек болсам деген тілекте. Отбасы құндылығының қайнары – қарттарымыз қашанда аман жүрсін.

Жансая ОМАРБЕК,

Басқа материалдар

Back to top button